Мақсат ХАЛЫҚ, қаржыгер-экономист: «ШЫҒЫНДАРДЫ ЖАЗЫП ОТЫРУДЫ ДАҒДЫҒА АЙНАЛДЫРУ ҚАЖЕТ»

Қазіргі қоғамда «қарыз, несие» деген ұғымдардың өмірімізге етене еніп кеткені анық. Бір басына бірнеше несиені іліп алып, банкке берешек болып, оны уақытылы төлеп жүргенінің өзіне қуанатын жандар бар. Ал қарызды алып, қайтара алмай жүргендер қаншама?! Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр.

«Қаржылық сауаттылық» деген сөздер қазіргі кезде трендке айналған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Ал шын мәнінде қаржылай сауаттылық дегеніміз не? Оның қандай критерийлері бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Қаржылық сауаттылық деген бүгінгі таңда өте өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бұл туралы негізінен ақшаны үнемдеуге, тиімді жұмсауға қатысты айтылып жатады. Өйткені экономика деген сөздің өзі «эконом», яғни, үнемдеу деген сөзден шыққан. Бірақ мұның мағынасын тек үнемдеу деп қарасақ, онда бұл ұғымның аясы тар болып қалады. Сондықтан да қаржы сауаттылығы – қаражатты уақытында дұрыс, тиімді және парасатты басқару. Өйткені қаржылық сауаттылық дегеніміз – уақыты келгенде үнемдей алу және өз уақытында, тіпті, жомарттық та таныта білу, ақшаны орнымен жұмсау. Сондықтан да тек қана біржақты үнемдеу деп қарасақ, қателесеміз. Бұл ақша қаражаттарын орнымен, тиімді жұмсау, шығындарыңды дұрыс басқара алу дегенді білдіреді.

Сондай-ақ қаржылық сауаттылық деген тек қаржыны тиімді жұмсаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар оны қазына, қор ретінде жинақтай алу, ұлғайта білу, тіпті, әрі қарай инвестициялар жасау арқылы қосымша табыс табу көздеріне, пассивті табыс табу көздеріне жету дегенді де білдіреді. Сондықтан да бұл ұғым мағынасы өте ауқымды. Біз тұрмыс-тіршілігімізде экономика деген сөзді көп пайдаланамыз. Бұл сөз банк секторы, қаржы саласы, мемлекеттік бюджет, экспорт, импорт деген сияқты терминдермен айтылғанда, күрделі дүние сияқты болып көрінеді. Бірақ егер бұл сөздің шығу төркініне қарасақ, «эко» – үй, «номос» – шаруашылық дегенді, яғни, жай ғана үй шаруашылығы дегенді білдіреді. Сонда экономика деген ұғымды аса қиындатпай, кәдімгі тұрмыс-тіршілігіміз, өмір сүру қалпымыз және соны ақша қаражаттарының негізінде дұрыс басқару деп қарапайым тілмен жеткізгеніміз дұрыс. Сол кезде біздің қоғамымызда осы қаржы сауаттылығына деген дұрыс көзқарас қалыптасады және әрбір азамат өзінің тұрмыс-тіршілігінде қаржы сауаттылығына байланысты белгілі бір дәрежеде білім жинақтап, әрбір отбасының қаржы жағдайының тұрақты болуына өзінің үлесін қосады. Өйткені қазіргі уақытта Қазақстанда көп кездесетін отбасындағы келіспеушілік, ұрыс-керіс, ажырасу дегендер осындай қаржылық тұрақсыздықтан орын алып жататындығы жасырын емес. Бұл – ең алдымен, үй шаруашылығындағы отбасы экономикасы, отбасы бюджетін ұйымдастыра білу.

Былайша айтқанда, ертең мықты мемлекет боламыз десек, Отан отбасынан басталатынын ұмытпауымыз керек, сондықтан, мемлекеттің қуаттылығы әр отбасының қаржы тұрақтылығына тығыз байланысты болады. Қаржы сауаттылығы деген ұғымның қоғамда таптырмас орны бар екенін әрбір азамат білуі қажет. Бұл – әрбір отбасының қаржылай сауатты болуының айқын көрінісі.

Қаржылай сауатты адам

Жоғарыдағы айтылған ойды түйіндейтін болсақ, біз қаржылай сауатты адам деп ең әуелгі кезекте ақша қаражаттарын тиімді басқара алатын, ақшамен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыра алған азаматты айтамыз. Сонымен қатар, ақша қаражаттарын жинақтап, оның сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, одан әрі қорлануын, ұлғаюын басқара алатын азаматты айтуға болады. Бұл қарапайым ғана ақша деген не екенін, оның қандай көмегі бар екенін танып-білуден тұрады.

Өміріміздегі несие қаражаттарының да өте өзекті болып табылатынын айта кеткен жөн. Көп жағдайларда жұртшылық бөліп төлеу деген әдісті қолдануға бейім тұрады. Тиімді шарттармен несие алу жолдарын білетін, депозитте ақша жинап, оны сақтап қана қоймай, инфляция деңгейінен жоғары деңгейде табыс табу, одан әрі инвестициялап, пассивті табыс табуға қол жеткізуді бойына жинаған адамды біз қаржылай сауатты адам деп айта аламыз.

Ақшаны тиімді жұмсау үшін қандай күнделікті әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру маңызды

Бұл сауалды еліміздегі танымал қаржыгер-экономист, тәуелсіз сарапшы, Sana business академиясының директоры, Sana Foundation қорының құрылтайшысы Мақсат Халық мырзаға қойған едік.

«Әдеттер мен дағдыларды қалыптастыруға тоқталсақ, бұл ретте күнделікті өзіңіздің табыстарыңызды айқындаудың маңызы зор. Отбасылардың басым көпшілігінде табыс көзі негізінен еңбекақыдан құралады, оған қосымша бонустар, егер жоба жасаған болсаңыз, одан түсетін табыстар, қазақи ұғымдарға қатысты алатын болсақ, бұл көрімдік, байғазы, туған күн, той-томалақтан түсетін табыстар болуы мүмкін. Аталған табыстардың барлығын өзіңіз үшін белгілеп, айқындап отыру өте маңызды. Бұл отбасыңызға келетін табыс көздерін ұлғайту үшін, қосымша табыс көздерін белгілеу үшін өте маңызды. Егер елде инфляция болып жатса, еңбекақыңыздың сол күйінде қалып қоймай, оның деңгейін өсіру, тіпті жұмыс берушінің алдына талап қоя білу, сол арқылы еңбекақы мөлшерін ұлғайта білу негіздерін де білдіреді. Одан бөлек шығындар категориясы бар. Ол да әр отбасында әртүрлі шамада. Бұл жерде қалыптастыратын негізгі дағды – күнделікті қандай шығындар жасайсыз, соны үнемі жазып отыру. Қазіргі таңда төлемдердің басым көпшілігі Каспи қосымшасы арқылы жүргізілгендіктен, төлем тарихын қарап, бір айда қай жерде қанша шығын жасадыңыз, соны айқындап, өзіңіз үшін жазып отырған жөн. Екі ай қатарынан осыны жасасаңыз, сіз өзіңіз үшін әдемі дағды қалыптастырасыз. Яғни, қаражатыңыздың қайда және не үшін жұмсалып жатқанын нақты көріп отыратын боласыз. Ол жерде жұмсалған артық қаражат, орынсыз шығындар болған болса, оның бәрін белгілеп, келесі жолы ондай шығындар жасамауға әрекет жасайсыз. Бұл белгілі бір дәрежеде шығындарыңызды оптимизациялау, реттеу дегенді білдіреді. Сондықтан да қаржылай сауатты азаматтың бойында болуы тиіс дағды – үнемі шығындарды азайтып, табысты ұлғайтуға әрекет жасау. Егер осыған басымдық беретін болсаңыз, онда, әрине, сіз өте дұрыс дағды қалыптастырасыз және белгілі бір уақыт өткенде, қаржылай тұрақтылыққа қол жеткізесіз», – деді қаржыгер.

Қарызды алу мен беру мәдениеті

«Қаржылай сауатты адамдарда қарыз болмай ма? Әлде олар қарыздан құтылудың оңтайлы жолын біле ме?» деген сауалдар әркімді толғандырары анық. Осы орайда қарыз тақырыбына арнайы тоқталған абзал.

Жалпы, қарызды алу мен берудің өзінің мәдениеті бар. Сондықтан қаржылай сауатты азаматтарда қарыз болмайды деген түсінік жоқ. Оларда да қарыз болады, олар да несие алады. Бірақ несие алудың тиімді жолдарын біледі. Несие алуға мәжбүр болған жағдайда, оның қандай пайыздары бар екенін, жай ғана атаулы пайыздық мөлшерлеме мен жылдық пайыздық мөлшерлеменің аражігін ажырата алады. Несие рәсімдеп жатқан кезде, сол жылдық пайыздық мөлшерлемеге мән беріп, қандай жасырын комиссиялардың бар екенін нақты сұрайды және келісімшартқа қол қоймас бұрын осының бәрін анықтайды, көреді. Барған банк несие беруді мақұлдаған жағдайда, әрбір парағына қол қоюға асықпайды. Өзге де банктерге барып, олардың шарттарын салыстырып қарап, ішіндегі ең тиімді нұсқасын таңдайды. Мұның өзі – белгілі бір дәрежеде қаржылай сауатты азаматтың атқаратын іс-әрекеті.

Несиені жабудың тиімді жолдары

Алған несиені жабудың ануитетті деп аталатын әдісі бар. Айталық, 1 млн теңге қарыз алдыңыз. Оны ануитетті жолмен ай сайын 50 мың теңгеден төлеп тұрдыңыз делік. Алайда қаржылай сауатты адам бұл жолды таңдамайды. Ол дифференциалды әдісті, яғни, тең бөліп төлеуді құп көреді. Ол жерде бастапқы төлем 65 мың теңгеден басталуы мүмкін, бірақ ай сайын оның мөлшері шамамен 1 мың теңгеге азайып отырады. Бірақ ол бір көргенде тиімсіз болып көрінгенмен, соңында 150-200 мың үнемдейсіз. Одан бөлек, ануитетті әдісті таңдаған жағдайда, несиегер бір жылға дейін негізгі қарызды емес, оның үстіндегі пайыздық өсімақысын ғана жауып отырады. Ал бір жылдан кейін 1 млн теңге ақша пайда болып, сол несиемді жауып тастайыншы деп банкке барған кезде, әлі де 1 млн теңгеге жуық несие тұрады. Бұл жерде «Сонда бір жыл бойы не төлеп келгенмін?» деген сауал туындауы сөзсіз. Сол кезде банк қызметкері несиегерге бір жыл бойы несиенің үстіндегі пайызды төлеп келгенін айтады. Ал дифференциалды әдісті, яғни тең бөліп төлеуді таңдаса, аты айтып тұрғандай, ай сайынғы 60 мың теңге көлеміндегі төлемнің 30 мың теңгесі негізді қарызды жабуға, қалған 30 мыңы үстіндегі пайыздық өсімақыны төлеуге жұмсалады. Сонда бір жылда негізгі қарыздан 700 мың теңгедей қалады, тиісінше, үстіндегі пайыздық өсімақы да төленеді.

Қарыз алу мәдениеті

Экономикада мынадай ұғым бар: «Кешегі ақша бүгінгі ақша емес, бүгінгі ақша ертеңгі ақша емес, ол құнсызданған ақша болады». Яғни, уақыт кеңістігінде ақша құнсызданады. Инфляция бар, тауарлардың бағасы өседі, осы және басқа да факторлар қолдағы қаражаттың азаюына, яғни ақшаның құнсыздануына себепкер болады. Сондықтан да ол ақша бір жерде жатпауы тиіс. Егер үйде ақша болса, оны жайдан жай сейфте, жастықтың астында, кітаптардың арасында сақтауға болмайды. Өйткені ол күн өткен сайын құнсыздана береді. Сондықтан ақшаны тиімді сақтаудың жолдарын білген дұрыс. Тіпті болмаса, ол депозитте сақталуы керек.

Бұл тұрғыдан келгенде, егер сіз досыңызға 1 млн ақшаны бір жыл мерзімге қарызға берген болсаңыз, оның шартты түрде құнсыздану ережесін де естен шығармау керек. Досыңыз бір жылдан кейін қарызын қайтарып бергенмен, ол 1 млн теңгенің құны болмайды. Осы уақыт аралығында елде 10 пайыз инфляция болса, демек, бұл қаржы 10 пайызға құнсызданды деген сөз. Яғни бір жылдан кейін бұл қаржыға сатып алатын тауарлардың немесе қызметтердің ортайып қалғанын байқайсыз. Себебі олардың бағасы қымбаттап кеткен. Бір жыл бұрын бұл сомаға әлдеқайда көбірек тауарлар мен қызметтер сатып алған болар едіңіз. Бұл досыңызға қарызды өсімпұлмен беріңіз деген сөз емес, дегенмен де қарыз алып жатқан азамат бұл ережені есінен шығармауы тиіс. Егер осы соманы банктен несиеге алған болса, жылына 50 пайызға жуық өсімақы есептеледі, яғни 1 млн теңгенің үстінен 500 мың теңге қосып береді. Егер үш жылға алған болса, әр жыл сайын 500 мың теңгеден есептеліп, банктен алған 1 млн теңгені 2,5 млн теңге етіп қайтарады. Ал досыңыздың олай қайтармайтыны анық. Өйткені сіз оған пайызсыз, қарызға беріп тұрсыз. Бірақ оны іштей өзі білуі тиіс. Сондықтан қарызыңызды қайтарған кезде, досыңыздың тарапынан 500 мың теңгеге болмаса да, 100 мың теңгенің көлемінде сый-құрмет жасаған артық болмайды. Қарыз алу мәдениеті деген осы.

«Қарыз күліп барып, жылап қайтады»

Қарызды берген кезде де, алған кезде де ақшаның уақыттық құнын ескеру қажет. Тағы бір маңызды жағдай – қарыздың да шегі бар. Әркім өзінің шамасына, табысына қарай, қайтара алатындай мөлшерде алу керек. Кейбір азаматтар үсті-үстіне қарыз алып үйреніп қалады да, кейін оны қайтара алмайтын жағдайға жетеді. Ол несиеге де қатысты. Қазіргі таңда бөліп төлеу (рассрочка) деген бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тауарларды толтырып алып, бір басына 6-7 бөліп төлеу несиесін іліп алып жүргендер жетерлік. Алайда несиесінің көлемі айлық табысынан асып кетіп, оны төлей алмай, мойнына қамыт іліп алғандарды да көріп жүрміз. Сондықтан экономикада өзінің реттілігі бар, әлемдік тәжірибеде несиенің көлемі отбасылық табыстың 20 пайызынан аспайды.

Қазақстан жағдайында бұл көрсеткіш тым құрығанда 30 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ бөліп төлеу несиесінің кең тарағаны соншалық, несие көлемі отбасылық табыстың 50 пайызынан асып кетеді. Шартты түрде санмен өрнектесек, ай сайын алатын 200 мың теңге жалақының 100 мыңы несиені жабуға кетеді деген сөз. Ал ол күнделікті азық-түлік, баланың қажеттіліктері, коммуналдық төлем, т.б. шығындарына жетпейді. Несиені жабу үшін тағы несие алып, қарызға белшесінен бата береді. Қазіргі таңда қоғамымызда мұндай жағдайлар көп кездеседі. Сондықтан әркім көрпесіне қарай көсілгені дұрыс. Мұндайды қазақ «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Қаржы дағдарыстары кезінде істеп жүрген жұмысынан қысқарып не айырылып қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда банкке барып, несиені төлей алмау себебін түсіндіріп, өтініш жазып, белгілі бір уақытқа каникул сұрау – салымшының құқығы. Мұндай құқығының бар екенін білу және оны орнымен қолдану да – қаржылық сауаттылықтың белгісі. Кейбіреулер бұл туралы біле бермейді де, несиесін төлей алмай, қашып жүреді, сөйтіп, несие тарихын бұзып алады.

Айгүл АХМЕТОВА

Турнир по мини-футболу

17 ОКТЯБРЯ 2026 ГОДА В СПОРТИВНОМ КОМПЛЕКСЕ ФУТЗАЛЬНОГО КЛУБА...

Дружба, связанная правом и веками 

25 октября в Республике Казахстан отмечается главный национальный праздник...

ЕҰУ жас ғалымдарға баспаналы болу мүмкіндігін сыйлады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) мен «Отбасы...

Қазақстанда жүлде қоры 30 млн теңгені құрайтын патриоттық әндер байқауы жарияланды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында республикалық патриоттық әндер...

Поколение профессионалов 

Учащиеся столичных колледжей вошли в число победителей республиканского конкурса...