Алматыда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Әлеуметтік шеберхана» жобасы аясында шығармашылық, білім беру және тәлімгерлік бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының тапсырысы бойынша «QazEquality» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Оған балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектері, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер қатысуда.
Бастаманың негізгі мақсаты — балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету және болашақта өз бетінше өмір сүруіне қажетті дағдыларды қалыптастыру.

Жоба аясында балалар үшін вокал, хореография, актерлік шеберлік, сурет салу және өзге де бағыттар бойынша шығармашылық үйірмелер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар жасөспірімдер бариста, барбер, мобилография сынды заманауи мамандықтардың негіздерін меңгеріп, болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік алуда.
Жобаның ерекше бағыттарының бірі — «Тәлімгерлер мектебі». Оның аясында балалармен қоғам қайраткерлері, түрлі сала мамандары, танымал және медиа тұлғалар кездесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Кездесулер барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ мақсаттары мен мүмкіндіктері туралы ашық пікір алмасады.
«Біз үшін бұл жобаның басты мақсаты — балалардың бос уақытын ұйымдастыру ғана емес, олардың бойындағы қабілетті ашып, болашаққа деген сенімін қалыптастыру. Әрбір баланың өз арманы, қызығушылығы мен әлеуеті бар. Біздің міндетіміз — сол мүмкіндіктерді дамытуға жағдай жасау, олардың жанынан табылып, дұрыс бағыт-бағдар беру», — деп атап өтті жоба ұйымдастырушылары.
Жыл басынан бері жоба шеңберінде 5 шығармашылық үйірме, 5 кәсіби оқыту курсы ұйымдастырылып, 20-дан астам кәсіптік бағдар беру іс-шарасы, 20-дан астам психологиялық тренинг және 10-нан астам мәдени-танымдық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ балалар мен түлектерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың жаңа ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімділігін арттыруға және қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік шеберхана» жобасы алдағы уақытта да балалардың жан-жақты дамуына, жаңа мүмкіндіктерді игеруіне және болашаққа сенімді қадам жасауына қолдау көрсетуге бағытталған жұмысын жалғастырады.


