Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №57 мекемеге сотталған азаматпен қысқа мерзімді кездесуге келген ер адамның 23 450 теңге көлеміндегі ақшаны алып өту әрекетінің жолы кесілді.
Мекемеге кіреберісте жүргізілген тексеру барысында қолма-қол ақша рентген-сканер арқылы анықталды.
Белгілі болғандай, келушіге мекемеге кіру тәртібі алдын ала түсіндіріліп, тыйым салынған заттарды алып өтуге болмайтыны ескертілген. Сондай-ақ ақшалай қаражат пен өзге де құнды заттарды арнайы сақтау ұяшығына қалдыру қажеттігі айтылған. Алайда азамат белгіленген талаптарды елемеген.
Аталған әрекетті тексеру тобының әскери қызметшілері дер кезінде тоқтатты.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті ескертеді: ҚАЖ мекемелеріне тыйым салынған заттарды алып кіру, сотталғандарға заңсыз беру немесе мекеме аумағына лақтыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.


