Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасаудың жаңа сотқа дейінгі тәртібі

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы № 325-VIII «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау тәртібін реттейтін 127-бабы жаңа редакцияда жазылды.

Жаңа ережелерге сәйкес атқарушылық құжатты орындау жөніндегі мемлекеттік сот орындаушысының әрекетімен (әрекетсіздігімен) не тиісті әрекетті жасаудан бас тартуымен келіспеген өндіріп алушы немесе борышкер уәкілетті органның аумақтық органына немесе оның бөлімдеріне шағыммен жүгінуге құқылы.

Жеке сот орындаушыларына қатысты өзгеше тәртіп көзделген. Жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым әрекеті (әрекетсіздігі) шағымдалып отырған жеке сот орындаушысының өзіне не жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік палатасына берілуі мүмкін.

Уәкілетті органның аумақтық органының, жеке сот орындаушысының не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының шешімін алғаннан кейін мүдделі тұлға әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.

Осылайша, заңнамада туындаған дауды сотқа жүгінгенге дейін шешу мүмкіндігі көзделген. Бұл тетік құзыретті органға немесе тиісті ұйымға арыз иесінің уәждерін тексеруге және негіздер болған жағдайда жол берілген бұзушылықтарды сот талқылауынсыз жоюға мүмкіндік береді.

Бұл ретте атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысына берілетін арызды (өтінішхатты) оның әрекетіне немесе әрекетсіздігіне берілетін шағымнан ажырата білуі қажет. Белгілі бір атқарушылық әрекетті жасауды сұрап жүгінудің өзі барлық жағдайда Заңның 127-бабында белгіленген шағым жасау тәртібінің сақталғанын білдірмейді.

Жаңа сотқа дейінгі тәртіп өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға, атқарушылық құжаттарды орындау барысында жол берілген бұзушылықтарды жедел жоюға, сондай-ақ даулы мәселелердің бір бөлігін тікелей сотқа жүгінбей шешуге бағытталған.

Егер дау сотқа дейінгі сатыда шешілмесе, атқарушылық іс жүргізуге қатысушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен сот арқылы қорғалу құқығын сақтайды.

Осыған байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар сот орындаушысының әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда заңда белгіленген шағым жасау реттілігін ескеріп, өз құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген сотқа дейінгі тәртібін тиісінше пайдалануы қажет.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы  С. Кусембаева

Право быть разными и оставаться равными – казахстанская модель общественного согласия представлена в Варшаве

Равенство прав, уважение к культурному многообразию и доступность социальной...

Мемлекеттік аукциондарда сатып алынған көлік құралдарын тіркеу және сотқа дейінгі шағымдану тәртібін сақтау туралы

Тәжірибеде мемлекеттік аукциондарда тәркіленген көлік құралдарын сатып алған азаматтардың...

«Республика күні- елдігіміздің айғағы»

Еліміздің тәуелсіздікке бастар жолында айрықша мәнге ие тарихи белестер...

Азаматтық процестегі эксаумақтық соттылық: сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру тетігі

Қазіргі таңда азаматтық-құқықтық қатынастардың кеңеюі мен цифрлық технологиялардың енгізілуі...