Жер қатынастарынан туындайтын әкімшілік дауларды қараудың өзекті мәселелері

Өңір соттарында қаралатын әкімшілік істердің кең таралған санаттарының бірі жер қатынастарынан туындайтын даулар болып табылады.

Аталған санатқа жер учаскелерін беру туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне, жерге орналастыру құжаттамасын келісу және бекіту кезіндегі уәкілетті органдардың әрекеттеріне, сондай-ақ жер учаскелерінің шекараларын айқындау және белгілеуге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) әрекеттеріне дау айту жөніндегі істер жатады.

Осы санаттағы істердің ішінде жер учаскелерінің орналасқан жерін дұрыс айқындамау және олардың шекараларының қабаттасуы салдарынан туындайтын даулар ерекше орын алады.

Сот практикасы көрсеткендей, жер пайдаланушының электрондық кадастрлық картадағы немесе абристегі мәліметтер бойынша өзіне тиесілі жер учаскесінің шекаралары көршілес жер учаскесінің шекараларымен қабаттасатынын анықтауы сотқа жүгінуге жиі негіз болады.

Мұндай жағдайларда талап қоюшылар жіберілген бұзушылықтар жерге қатысты құқықтарын тиісінше жүзеге асыруға кедергі келтіреді деп есептеп, Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жер учаскелерінің шекараларын белгілеу жөніндегі әрекеттеріне дау айтады.

Сот талқылауы барысында даулы жер учаскелеріне қатысты басқа жер пайдаланушылардың бұрын тіркелген құқықтары немесе олардың орналасқан жері туралы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізілген мәліметтер бар екендігі жиі анықталады.

Жер учаскелерінің шекараларын жергілікті жерде белгілеу жұмыстарын жүргізу кезінде олардың нақты орналасуы мен кадастрлық құжаттамада қамтылған мәліметтер арасында сәйкессіздіктер, оның ішінде жер учаскелері шекараларының қабаттасу фактілері анықталады.

Жер-кадастрлық істердің материалдарын зерделеу мұндай даулардың туындау себептерінің бірі жер және құқықтық кадастрлардың мәліметтерін қамтитын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – ЖМБМК АЖ) жер учаскелері туралы мәліметтердің дұрыс енгізілмеуі болып табылатынын көрсетеді.

Атап айтқанда, жер учаскелерінің орналасқан жерін дұрыс айқындамау, олардың координаттары мен бұрылыс нүктелері туралы анық емес мәліметтерді енгізу, бастапқы геодезиялық деректерге тиісті байланыстырудың болмауы, сондай-ақ ЖМБМК АЖ-ның графикалық бөлігінде жер учаскелерін шекаралары қабаттасқан күйде бейнелеу жағдайлары анықталуда.

Аталған мән-жайлар кейіннен жер пайдаланушылардың құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтіріп, сот дауларының туындауына негіз болады.

Сонымен қатар әкімшілік істерді қарау барысында жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу, келісу және бекіту кезінде жол берілген бұзушылықтар анықталуда.

Атап айтқанда, жер қатынастары бөлімдерінің жер учаскелерінің нақты орналасуын және шектес жер пайдаланушылардың құқықтарын тиісінше ескермей, анық емес немесе жеткілікті дәрежеде тексерілмеген бастапқы деректер негізінде әзірленген жерге орналастыру жобаларын бекіту жағдайлары кездеседі.

Жекелеген жағдайларда үшінші тұлғалардың құқықтары бұрыннан тіркелген аумақтарда жер учаскелерін орналастыруды көздейтін жерге орналастыру жобалары бекітіледі.

Мұндай бұзушылықтар жерге орналастыру жұмыстарын тікелей жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіндегі ғана емес, ұсынылған құжаттама негізінде шешім қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерді де көрсетеді.

Жергілікті атқарушы органдардың жер учаскелерін беру туралы шешімдер қабылдауына негіз болатын материалдарды дайындау кезінде жол берілетін бұзушылықтар да ерекше назар аударуды қажет етеді.

Сот практикасында жер комиссияларының қорытындылары жерге орналастыру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке ұйымдар дайындаған далалық зерттеп-қарау актілеріне негізделетін жағдайлар кездеседі.

Бұл ретте жекелеген далалық зерттеп-қарау актілерінің тапсырыс беруші жеке тұлғалардың жер учаскелерінің болжамды орналасқан жері туралы ауызша мәліметтері негізінде, олардың дұрыстығын және қолда бар кадастрлық деректерге сәйкестігін жеткілікті дәрежеде тексермей жасалғаны анықталады.

Кейіннен аталған материалдар жер учаскелерін беру мәселелерін қарау және тиісті әкімшілік актілерді қабылдау кезінде пайдаланылады.

Соның салдарынан жер учаскелері басқа жер пайдаланушылардың бұрын туындаған құқықтары тиісінше ескерілмей берілуі мүмкін, бұл олардың заңды мүдделерінің бұзылуына және сот дауларының туындауына әкеп соғады.

Осылайша, аталған санаттағы істерді қарау кезінде соттар дауланып отырған әкімшілік органдардың шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын ғана емес, сонымен қатар жер-кадастрлық істерді қалыптастыру мән-жайларын, бастапқы деректердің дұрыстығын, жер учаскелерінің орналасқан жерін айқындаудың негізділігін, сондай-ақ жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу және бекіту тәртібінің сақталуын да зерттеуге мәжбүр болады.

Әкімшілік органдардың жерге орналастыру жобаларын бекіту және жер қатынастары саласында шешімдер қабылдау кезінде жол берген бұзушылықтары анықталған жағдайда, соттар заңнама талаптарының бұзылуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жекеше ұйғарымдар шығарады.

Сонымен бірге мұндай жекеше ұйғарымдардың орындалу практикасы әкімшілік органдар қабылдайтын шаралардың ұқсас бұзушылықтардың алдын алу үшін барлық жағдайда жеткілікті бола бермейтінін көрсетеді.

Атап айтқанда, жекелеген жағдайларда әкімшілік органдар бұрын бұзушылықтарға жол берген мамандардың жұмыстан босатылғанын алға тартып, оларға қатысты жеке сипаттағы шараларды қабылдаудың қиындығын көрсетеді.

Бұл ретте жекеше ұйғарымдарды орындау көбінесе анықталған бұзушылықтардың себептерін жоюға бағытталған жеткілікті ұйымдастырушылық шаралар қабылданбастан, профилактикалық іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары және оқыту семинарларын өткізумен ғана шектеледі.

Алайда қаралып отырған даулардың сипаты жүйелі тәсілді талап ететін мәселелердің бар екендігін көрсетеді.

Жер дауларының туындауының негізгі себептерінің бірі мемлекеттік органдар әкімшілік шешімдер қабылдау кезінде пайдаланатын құжаттарды әзірлеумен тікелей айналысатын жеке ұйымдар орындайтын жерге орналастыру жұмыстары сапасының жеткіліксіздігі деген пікір қалыптасқан.

Шынында да, жер учаскелерінің орналасқан жерін, олардың координаттары мен бұрылыс нүктелерін айқындау, сондай-ақ графикалық материалдарды қалыптастыру кезінде жіберілген қателіктер үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

Сонымен бірге мұндай даулардың туындау себептерін тек жеке жерге орналастыру ұйымдары жұмысының сапасыздығымен ғана байланыстыру дұрыс емес деп есептейміз.

Уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылған құжаттаманың жеткілікті дәрежеде тексерілмеуі, жерге орналастыру процесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті деңгейде болмауы, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізілетін мәліметтердің дұрыстығына бақылаудың жеткіліксіздігі де елеулі мәнге ие.

Қорытындылар мен ұсынымдар

Осылайша, қаралып отырған әкімшілік дауларды талдау жер дауларының туындауының негізгі себептерінің бірі жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу, келісу және бекіту, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесіне жер учаскелері туралы мәліметтерді енгізу кезінде жол берілетін бұзушылықтар болып табылатынын көрсетеді.

Жер учаскелерінің орналасқан жерін тиісінше айқындамау, олардың шекаралары мен координаттарын белгілеу кезінде жіберілген қателіктер, анық емес бастапқы деректерді пайдалану, сондай-ақ ұсынылған құжаттаманы тиісті дәрежеде тексермеу жер учаскелері шекараларының қабаттасуына, жер пайдаланушылар арасында даулардың туындауына және кейіннен әкімшілік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне сот тәртібімен дау айтылуына әкеп соғады.

Бұл ретте анықталған бұзушылықтар барлық жағдайда жерге орналастыру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке ұйымдардың әрекеттерімен ғана байланысты емес екенін атап өткен жөн. Жерге орналастыру құжаттамасын қарау және бекіту кезінде ондағы мәліметтердің дұрыстығын және шектес жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуын тиісті дәрежеде тексеруді барлық жағдайда қамтамасыз ете бермейтін уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі де елеулі рөл атқарады.

Сот талқылаулары барысында анықталатын бұзушылықтар жергілікті атқарушы органдардың, жер қатынастары бөлімдерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және жерге орналастыру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру қажеттігін көрсетеді.

Осыған байланысты жерге орналастыру құжаттамасын әзірлеу сапасына бақылауды күшейту, жер учаскелерінің орналасқан жері мен шекаралары туралы мәліметтердің қолда бар кадастрлық деректерге сәйкестігін тексеруді қамтамасыз ету, сондай-ақ үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мән-жайларды тиісінше зерттемей, жерге орналастыру жобаларын бекіту жағдайларына жол бермеу орынды деп санаймыз.

Анықталған бұзушылықтар бойынша соттар шығаратын жекеше ұйғарымдардың орындалу мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді.

Жекеше ұйғарымдарды орындау шеңберінде қабылданатын шаралар профилактикалық әңгімелесулер мен оқыту семинарларын өткізумен ғана шектелмеуге тиіс деп есептейміз. Бұзушылықтардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау, оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдау, сондай-ақ әкімшілік органдардың алдағы қызметінде осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу қамтамасыз етілуі қажет.

Демек, жер дауларының тиімді алдын алу жерге орналастыру жұмыстарының сапасын арттыруды, кадастрлық мәліметтердің дұрыстығына бақылауды күшейтуді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруді және жер учаскелерін ресімдеу рәсіміне қатысушылардың барлығының жауапкершілігін арттыруды көздейтін кешенді тәсілді талап етеді.

Аталған шараларды іске асыру жер қатынастары саласындағы әкімшілік даулардың санын азайтуға, қабылданатын әкімшілік актілердің заңдылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жер пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиісінше қорғауға ықпал ететін болады.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

С. Кусембаева

«Ардагермен бір күн» тақырыбында кездесу өтті

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде...

“Қауіпсіз үй” атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

05.10-05.11.2026 жыл аралығында өтіп жатқан “Қауіпсіз үй” атты жедел-профилактикалық...

ӘРПК-гі қазақ тілі

Тіл – ұлттың рухани негізі, елдіктің айқын белгісі әрі...

Меры принудительного исполнения в Республике Казахстан

Исполнение судебных актов — важнейший этап восстановления нарушенных прав...

Судья әдебі – заң үстемдігі мен қоғамдық сенімнің кепілі

Қазіргі құқықтық қоғамда сот билігінің беделі мен азаматтардың сотқа...