ӘРПК-гі қазақ тілі

Тіл – ұлттың рухани негізі, елдіктің айқын белгісі әрі қоғамдағы өзара түсіністіктің басты құралы. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі оның қоғамдық өмірдің барлық саласында, соның ішінде сот жүйесінде кеңінен қолданылуын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) аясында қазақ тілін қолданудың маңызы ерекше.                               

                           Әкімшілік сот ісін жүргізу азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық дауларды шешуге бағытталған. Мұндай дауларда азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығын тексеру мәселелері қаралады. Сондықтан сот процесінің түсінікті, ашық әрі қолжетімді болуы – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі.                   Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал ӘРПК әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізудің құқықтық негіздерін белгілейді. Кодекстің негізгі мақсатының бірі – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін толық іске асыруға жағдай жасау. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің рөлі зор.                                                         

      Сотқа жүгінген әрбір азамат өз мәселесінің мәнін түсінуге, өз ұстанымын еркін жеткізуге және сот талқылауына саналы түрде қатысуға мүмкіндік алуы тиіс. Құқықтық терминдердің түсінікті қолданылуы, сот құжаттарының сауатты әрі нақты жазылуы азаматтардың сотқа деген сенімін арттырады.                                                                          

Әкімшілік сот ісін жүргізуде тіл мәселесі тек сот отырысының қай тілде өтетінімен шектелмейді. Ол талап қою арыздарын, тараптардың түсініктемелерін, өтінішхаттарын, дәлелдемелерін және сот актілерін рәсімдеу сапасымен де тығыз байланысты. Қазақ тілінде әзірленетін әрбір құжат құқықтық нормалардың мазмұнын дәл жеткізіп, істің нақты мән-жайларын толық қамтуы қажет.                                                                               

Осы орайда сот актілерінің мемлекеттік тілде сапалы жазылуына ерекше назар аударған жөн. Сот шешімі заңдық тұрғыдан негізделгенімен қатар, тілдік және стилистикалық жағынан да сауатты болуы керек. Ойдың жүйесіз берілуі, бірізділіктің сақталмауы, орынсыз қайталаулар мен күрделі сөйлемдердің шамадан тыс қолданылуы құжаттың мазмұнын қабылдауды қиындатады.                                                                       

    Сондықтан сот актілерін әзірлеу барысында заң талаптарын дұрыс қолданумен бірге, қазақ тілінің грамматикалық нормаларын, ресми-іскери стильдің ерекшеліктерін және заң терминологиясының бірізділігін сақтау маңызды. Әсіресе, сот шешімінің сипаттау және уәждеу бөліктерінде тараптардың дәлелдері, мемлекеттік органның ұстанымы, ұсынылған дәлелдемелерге берілген баға және соттың қорытындылары нақты әрі өзара сабақтас баяндалуы тиіс.                                                                                                      Мемлекеттік органдардың әкімшілік актілері мен ресми жауаптарының қазақ тілінде сауатты әзірленуі де маңызды. Азаматқа берілетін жауап оның сұрағына нақты жауап беріп, құқықтары мен міндеттерін түсінуге мүмкіндік жасауы қажет. Құқықтық тілдің күрделілігі азаматтың өз құқығын жүзеге асыруына кедергі болмауға тиіс.             

             Қазақ тілін сот тәжірибесінде кеңінен қолдану үшін құқықтық терминологияны біріздендіру, мемлекеттік тілде құжат әзірлеу дағдыларын жетілдіру, судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби тілдік мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Сонымен бірге, заңнамалық өзгерістерді зерделеу, сот актілерінің сапасына талдау жүргізу және анықталған кемшіліктерді қайталамау мәселелеріне тұрақты көңіл бөлген жөн. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында шаралар жүргізілетінің атап өткен жөн.                                                                                                                

Қазақ тіліндегі құқықтық құжаттардың сапасын арттыру – тек тіл мамандарының міндеті емес. Бұл – сот жүйесінде қызмет атқаратын әрбір маманның кәсіби жауапкершілігі. Себебі әрбір дұрыс құрылған сөйлем, әрбір нақты тұжырым және әрбір сауатты рәсімделген сот актісі мемлекеттік тілдің беделін көтеруге үлес қосады.          Қорытындылай келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында қазақ тілін қолдану – құқықтық мемлекеттің дамуы мен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Мемлекеттік тілдің сот тәжірибесінде кеңінен қолданылуы оның қоғамдық мәртебесін нығайтып қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот жүйесіне деген сенімін қалыптастыруға ықпал етеді.      

   Қазақ тілінің сот төрелігіндегі қолданысын дамыту – заңға құрметтің, кәсіби жауапкершіліктің және ұлттық құндылықтарға адалдықтың көрінісі.

Ақтөбе облысының мамандандырылған           

ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы А.Н.Жаксыбаева

“Қауіпсіз үй” атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті

05.10-05.11.2026 жыл аралығында өтіп жатқан “Қауіпсіз үй” атты жедел-профилактикалық...

Меры принудительного исполнения в Республике Казахстан

Исполнение судебных актов — важнейший этап восстановления нарушенных прав...

Судья әдебі – заң үстемдігі мен қоғамдық сенімнің кепілі

Қазіргі құқықтық қоғамда сот билігінің беделі мен азаматтардың сотқа...

Қазақстан Республикасының Тіл саясаты

Кез келген қоғамның дамуындағы күрделі құбылыстардың бірі – тіл...

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы – азамат сенімінің негізі

Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді сапалы, уақытылы және заң талаптарына сәйкес...