Қазіргі құқықтық қоғамда сот билігінің беделі мен азаматтардың сотқа деген сенімі ерекше маңызға ие. Сот – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, заңдылықты қамтамасыз етудің және қоғамдық қатынастардағы әділдікті қалпына келтірудің маңызды тетігі. Осы міндеттерді жүзеге асыруда судьяның кәсіби біліктілігімен қатар, оның әдебі мен адамгершілік ұстанымдары шешуші рөл атқарады.
Судья әдебі – заң талаптарын орындаумен қатар жүретін жоғары кәсіби мәдениет. Ол судьяның өз міндеттеріне адалдығын, бейтараптығын, жауапкершілігін және әрбір азаматтың құқықтарын құрметтеуін білдіреді. Сондықтан судьяның әдеп нормаларын сақтауы сот төрелігінің сапасына ғана емес, қоғамның құқықтық сана-сезіміне де ықпал етеді.
Судьяның кәсіби қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол қаралған істің мән-жайларын жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерді объективті бағалап, шешімді заңға сәйкес қабылдауы керек. Мұндай жауапты қызметте асығыстыққа, жеке көзқарасқа немесе сыртқы ықпалға жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар судья өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезініп, кәсіби міндеттерін адал орындауы қажет. Адалдық пен әділдік өзара тығыз байланысты болғандықтан, бұл қасиеттер судьяның күнделікті қызметінде тұрақты көрініс табуы тиіс.
2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Судьялары одағының ІХ съезінде қабылданған Судья әдебі кодексі судьяның кәсіби қызметінде және күнделікті өмірінде ұстануға тиіс әдеп қағидаттарын айқындайды. Қазақстан Республикасында судьялардың кәсіби және қызметтен тыс мінез-құлқына қойылатын талаптарда Судья әдебі кодексімен реттеледі. Кодекс судьялардың адалдық, тәуелсіздік, бейтараптық, ұстамдылық және жауапкершілік қағидаттарын сақтауына бағытталған. Сонымен бірге ол судьялардың мінез-құлқына қатысты мәселелерді белгіленген тәртіппен қараудың маңызын көрсетеді.
Судья әдебі – сот төрелігінің адамгершілік негізі және заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды құндылықтардың бірі. Судьяның адалдығы, тәуелсіздігі, бейтараптығы мен әдептілігі оның кәсіби беделін айқындап қана қоймай, жалпы сот жүйесіне деген қоғамдық сенімге де әсер етеді. Әдеп нормаларын сақтау әрбір судьядан күнделікті табандылықты, өзін-өзі бақылауды және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сот билігінің шынайы беделі заң талаптарын орындаумен қатар, азаматтарға құрметпен қараудан және әділдік қағидаттарын берік ұстанудан көрінеді.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы
К.Б.Усембаева


