Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің енгізілуіне және мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуының бес жылдығына орай Қызылорда облысында Қазақстанның құқықтық даму тарихындағы маңызды белесі – әкімшілік әділеттің енгізілгеніне бес жыл толуына республика шеңберінде жекелеген іс шаралар өткізілді. Осы бағытта Қызылорда обылыстық соты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Конференцияда әкімшілік әділеттің құрылу тарихы, қоғамдағы ролі мен маңыздылығы атап өтілді. Әкімшілік әділеттің негізі сараланды. Осы орайда әкімшілік әділеттің мемлекет пен азамат арасындағы қатынастардың жаңа құқықтық мәдениетке көтерілуінің мерекесі екені айтылды.
Әкімшілік әділет заң үстемдігінің нығаюының, құқықтық мемлекеттің қалыптасуының және адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа кезеңінің белгісі.
Әкімшілік әділеттің тарихына назар аударсақ, оның бастапқы негізі Еуропада қаланып, XIX ғасырдың басында Францияда, Германияда, Австрияда және басқа да еуропалық мемлекеттерде дамуы белең алып, мемлекеттік органдардың шешімдеріне қатысты дауларды қарайтын арнайы органдар құрылған.
Сол уақыттарда «әкімшілік әділет» құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің біріне айналып, әлемдік тәжірибеде әкімшілік әділет азаматтардың құқықтарын қорғаудың ең тиімді құралдарының бірі ретінде айқындалды.
Біздің елімізде 2021 жылға дейін әкімшілік дауларды қарайтын арнайы сот жүйесі болған емес. Мемлекеттік органдардың әрекеттері мен әкімшілік актілеріне келтірілген даулар жалпы соттар арқылы қаралып келген.
Демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолына түскен біздің Қазақстанда арнайы әкімшілік әділет жүйесін құру қажеттілігі туындады. Себебі, Конституциямен әр азаматтың өз құқықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік берілген.
Сондықтан 2010 жылдан 2020 жылдарға аралығында құқықтық саясат тұжырымдамасында әкімшілік әділетті дамыту маңызды бағыт ретінде белгіленді.
Осының нәтижесінде 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды.
Әкімшілік әділеттің мәні тек сот төрелігін жүзеге асыруда ғана емес. Оның терең мәні – азаматтың және заңды тұлғалардың мемлекетпен қарым-қатынасында өзін қорғалған сезінуінде.
Конституциямыздың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, әкімшілік орган мен азаматтың арасындағы теңсіздіктерді жоятын бұл Кодекстің жаңа қағидалары мен сот жүйесіндегі күрделі өзгерістерге белең берді.
Бұл жаңа реформалық өзгеріс сотқа деген халықтың сенімін арттырып қоймай, халықтың көңілінен шықты деп ойлаймыз.
Себебі, мемлекеттің саясатын жүзеге асырып, адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға біздің жаңадан бекітілген әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі толық мүмкіндік береді.
Жаңа кодекстің қабылдануы – бұл жай ғана құқықтық новелла емес, адамның мемлекетпен өзара іс-қимыл философиясын өзгерткен стратегиялық мемлекеттік шешім.
Сот жүйесінің мінсіз моделіне қол жеткізу үшін азаматтардың құқығын тиімді, заманауи тәсілдермен қорғау қажет. Ол үшін сот жүйесі үлкен сенімге ие болып, озық әлемдік стандарттарға сәйкес келуі қажет екені мәлім.
Әкімшілік әділет – бұл ең алдымен адам туралы. Бұл – мемлекеттік органның шешімімен келіспеген азаматтың әділдік іздеп сотқа жүгінген кезде оның дауысы ескерілетініне деген сенімі туралы заң алдында мемлекеттік орган мен азаматтың тең дәрежеде жауап беруі туралы.
Мемлекет әрқашан дұрыс болады деген түсініктен заң бәрінен жоғары тұрады деген қағидатқа қарай жасалған таңдау. Әкімшілік әділеттің басты миссиясы да осы. Ол азамат пен мемлекетті бір-біріне қарсы қою үшін емес, олардың арасындағы әділ құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін құрылған.
Өткен бес жыл ішінде әкімшілік әділет қоғамның сеніміне ие болған маңызды құқықтық институтқа айналды.
Осы уақыт ішінде мыңдаған азаматтар мен кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне қол жеткізді. Бір Қызылорда облысында әкімшілік істер бойынша мемлекеттік органадар мен азаматтардың, заңды тұлғалардың арасындағы даулар бойынша 70 пайызынан аса шешімдер азаматтардың, талапкерлердің пайдасына шешілген. Бизнес өкілдерінің пайдасына алпыс пайызынан асасы шешілді. Бұл үлкен көрсеткіш, себебі осыған дейін ол 20 пайызғада жетпеген.
2026 жылғы жергілікті мамандандырылған әкімшілік сотта қаралған барлық шешімдердің 68 пайызы талап қоюшылардың пайдасына шешілген. Бұл істердің ішінде салық, кеден, жер даулары, жеке сот орындаушылар мен атқарушы органдардың әрекеттері мен актілеріне келтірілген даулар. Сонымен қатар, 125 іс медиция тәртібімен аяқталған.
Яғни бұл көрсеткіш осы істермен соттың мемлекеттік органдардың қателіктерін түзетіп, кемшіліктерін анықтағанын айқындайды. Әкімшілік әділет – тек сот бақылауының тетігі емес. Ол мемлекеттік басқарудың сапасын арттыратын маңызды құрал. Ол жария әкімшіліктің жауапкершілігін күшейтетін институт. Ол заңдылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыратын мектеп.
Бұл ретте Қазақстан әлемдік құқықтық дамудың озық дәстүрлерімен үндес жолды таңдады.
Әкімшілік құқық ғылымының көрнекті өкілдері осыдан бір ғасыр бұрын-ақ құқықтық мемлекеттің негіздерін айқындап берген болатын. Мемлекеттік биліктің заңдылығы оның қоғам игілігіне қызмет етуімен өлшенетінін дәлелденген. Мемлекеттің ең үлкен күші –азаматтардың оған деген сенімі.
Бүгін бұл идеялар Қазақстанның әкімшілік әділет жүйесінде нақты көрініс тауып отыр. Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік процестік Кодексіне енгізілген жаңа қағидаттар, олардың ішінде соттың белсенді рөлі қағидаты осы бағыттын негізін реттейді. Ол дәлелдеу ауыртпалығының әкімшілік органға жүктелуінен көрінеді. Мөлшерлестік қағидаты арқылы биліктің қалауын құқық талаптарымен шектеуден байқалады. Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, Сенім құқығын қорғау қағидаты, Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкілігі.
Жаңадан енгізілген бұл қағидаттардың барлығы бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Ол – адамның құқықтарын тиімді қорғау, мемлекеттік шешімдердің әділ әрі заңды болуын қамтамасыз ету. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту.
Сонымен қатар, әкімшілік әділет, әкімішілік рәсімдерде, сот ісін жүргізуде мемлекеттік органдарды бұзушылықтарды өз еркімен жоюға ықпал етуде. Сотқа дейінгі тәртіптің сақталуы, сотқа жоғары тұрған органның, лауазымды тұлғаның уәжді ұстанымын беру, мемлекеттік органдардың сот актілеріне келтірген апелляциялық кассациялық шағымдарға жоғары тұрған органның міндетті түрде келісімін беру тәртіптері осы бағытта бекітілген.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың дауларды татуласу рәсімдерімен аяқтауға мүмкіндік берілді.
Әрине, бес жыл – тарих үшін үлкен мерзім емес. Алайда осы қысқа уақыттың өзінде әкімшілік әділет өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және қоғам үшін қажеттілігін дәлелдей алды.
Қызылорда облысының мамандандырлған ауданаралық әкімшілік сотының төраға міндетін атқарушы Г.Мырзатаева


