Қазіргі таңда қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және дауларды өркениетті жолмен шешу – сот жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, медиация институтының маңызы ерекше.
Медиация тараптардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей немесе сот процесі барысында өзара келісімге келуіне мүмкіндік беретін тиімді рәсім. Оның басты мақсаты – дауды бір тараптың жеңуімен емес, екі тараптың да мүддесін ескере отырып, өзара тиімді шешімге келу арқылы реттеу.
Сот тәжірибесінде азаматтардың арасындағы даулардың басым бөлігі мүліктік, отбасылық, еңбек және басқа да құқықтық қатынастардан туындайды. Мұндай даулардың барлығы міндетті түрде ұзақ сот талқылауына ұласа бермеуі тиіс. Тараптар өзара келісімге келуге ниетті болған жағдайда, медиация олардың уақытын да, қаражатын да үнемдеуге мүмкіндік береді.
Медиацияның тағы бір маңызды артықшылығы – тараптардың өз шешіміне өздері келуі. Сот шешімінде судья заң талаптарына сүйене отырып шешім қабылдаса, медиация барысында тараптар өздерінің құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, ортақ келісімге келеді. Бұл өз кезегінде тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалуға ықпал етеді.
Азаматтарға дауды тек сот арқылы шешудің жалғыз жол емес екенін түсіндіру маңызды. Заңмен көзделген жағдайларда медиацияны пайдалану – құқықтық сауаттылықтың және өзара құрметтің көрінісі. Әсіресе отбасы, көршілік, еңбек және басқа да өзара қарым-қатынасқа байланысты дауларда татуласудың маңызы зор.Медиацияның нәтижелі болуы үшін ең алдымен тараптардың ерікті түрде келісімге келуге деген ниеті болуы қажет. Сонымен қатар медиатордың бейтараптығы мен кәсібилігі де маңызды рөл атқарады. Тараптардың әрқайсысы өз пікірін еркін білдіріп, екінші тараптың ұстанымын тыңдай білуі қажет.
Қоғамда дауды келісіммен шешу мәдениетін қалыптастыру – құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды шарттарының бірі. Татуласу арқылы шешілген әрбір дау – азаматтардың арасындағы түсіністікті арттырып, соттардың жүктемесін азайтуға да ықпал етеді.
Сондықтан медиацияны кеңінен насихаттау және оның мүмкіндіктерін азаматтарға түсіндіру – ортақ міндет. Дауласқан тараптардың бір-біріне қарсы тұруынан гөрі, өзара келісімге келіп, мәселені бейбіт жолмен шешуі әлдеқайда тиімді.
Қорыта айтқанда, медиация – тек дауды шешудің баламалы тәсілі ғана емес, ол қоғамда өзара түсіністік пен келісімді қалыптастыратын маңызды құқықтық құрал. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, дауды өркениетті түрде шешудің тиімді жолдарын да білуі қажет. Бейбіт келісім – берік қоғамның негізі.
Ұлытау аудандық сот
Әкімшісі басшысының орынбасары: Ақмаржан Калекенова


