Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың мемлекетке және оның институттарына деген сеніміне нұқсан келтіретін күрделі мәселе. Әсіресе сот жүйесінде бұл мәселеге ерекше мән берілуі тиіс. Себебі сот – заң мен әділдіктің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі.
Сот қызметкері ретінде мен үшін адалдық пен жауапкершілік – күнделікті қызметімнің негізгі қағидалары. Сот саласында еңбек ету тек өз міндетіңді орындау ғана емес, сонымен қатар халықтың сот төрелігіне деген сенімін ақтау деп түсінемін. Әрбір азамат сотқа өз құқығы мен заңды мүддесін қорғау үшін келеді. Сондықтан олардың заңға және сот жүйесіне деген сеніміне сызат түсіретін кез келген әрекетке жол бермеу – біздің басты міндетіміз.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол әр адамның ішкі мәдениетінен, ар-ұятынан және кәсіби ұстанымынан басталады. Сот қызметкері өзінің қызметтік өкілеттігін жеке пайдасына пайдаланбай, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік пен бейтараптықты сақтауы қажет. Қандай да бір тараптың мүддесіне заңсыз ықпал етуге, қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдалануға жол берілмеуі тиіс.
Қазіргі таңда сот жүйесінде цифрлық технологиялар мен электрондық сервистердің кеңінен енгізілуі сот қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Бұл өз кезегінде адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал етеді. Дегенмен қандай технология енгізілсе де, оның тиімділігі ең алдымен оны пайдаланатын адамның адалдығына байланысты.
Менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ең маңызды жолы – әр қызметкердің өзінен бастауы. «Менің әрекетім сот жүйесінің беделіне әсер етеді» деген жауапкершілік әрбір сот қызметкерінің санасында қалыптасуы қажет.
Сот жүйесінің абыройы – оның әр қызметкерінің еңбегімен қалыптасады. Біз өз қызметімізде әділдік пен заңдылықты, адалдық пен парасаттылықты берік ұстансақ, халықтың сотқа деген сенімі де нығая түседі.
Адал қызмет ету – тек міндет емес, халық алдындағы парыз. Ал сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі.
Ұлытау аудандық сот
Әкімшісі басшысының орынбасары: Ақмаржан Калекенова


