Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдығына орай
Сот жүйесі – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін маңызды институт. Ал сот төрелігін атқаратын судьялардың кәсіби тұтастығын қалыптастыру, олардың мәртебесін бекемдеу, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен абырой-беделін арттыру бағытында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының атқаратын рөлі айрықша.
Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар одағының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық – ұйымның орнығуы мен өркендеуінің, талай буын судьяларының кәсіби қызметі мен азаматтық ұстанымының, сабақтастық пен өзара әріптестік дәстүрінің қалыптасу кезеңі.
Осы айтулы белеске Ақтөбе облыстық филиалы да өзіндік үлесін қосып, судьялар қауымының кәсіби әрі қоғамдық тыныс-тіршілігінің ажырамас құрамдас бөлігіне айналды.
Ақтөбе өңірінің сот жүйесі өзінің сан жылдық шежіресімен, орныққан дәстүрімен және білікті заңгерлер мектебімен дараланады.
Осы кәсіби ортада Судьялар одағының облыстық филиалы судьяларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, қауымдастықтың ұйымшылдығын күшейтуге бағытталған жұмыстарды дәйекті түрде атқарып келеді.
Кәсіби бірлік – ортақ құндылық
Судья қызметі – айрықша жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Әрбір қаралатын істің ар жағында адамның тағдыры, отбасының мәселесі, кәсіпкерлік субъектісінің мүддесі немесе қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік түйткіл тұруы ықтимал.
Сондықтан судьяның кәсіби білімімен бірге оның ішкі мәдениеті, парасат-пайымы, тәуелсіздігі және заңға беріктігі де аса маңызды.
Ақтөбе облыстық филиалы қызметінің негізгі арқауын осы жылдар ішінде судьялар арасындағы кәсіби ынтымақтастық пен өзара жәрдемдестікті күшейту мәселелері құрап келеді.
Филиал шеңберінде судьялардың кәсіби мәселелерін талқылауға, сот төрелігін жүзеге асырудың өзекті қырлары жөнінде пікір бөлісуге, сот жүйесінің даму үрдістерін зерделеуге мүмкіндік беретін кездесулер мен әртүрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Мұндай жүздесулердің ерекшелігі – олардың тек ресми форматпен шектелмей, судьялар қауымының тәжірибе алмасуына, кәсіби пайымдарын ортаға салуына және әріптестік қарым-қатынастарын нығайтуына кең жол ашатындығында.
Аға буын өнегесі – кейінгі ұрпаққа бағдар
Ақтөбе облысының сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, сот төрелігін орнықтыруға елеулі еңбек сіңірген білікті судьялар аз емес.
Олардың әрқайсысының кәсіби ғұмыр жолы – кейінгі буын үшін тағылымы мол үлкен мектеп. Сот залындағы байыптылық, заң талаптарына қалтқысыз беріктік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау, қандай жағдайда да әділ шешім қабылдауға ұмтылу секілді асыл қасиеттер аға буыннан кейінгі ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтардың қатарында.
Судьялар одағының Ақтөбе облыстық филиалы ұйымдастыратын кездесулер мен тағылымдық басқосуларда осындай ұрпақтар сабақтастығына ерекше назар аударылады.
Ардагер судьялармен жүздесулер, сот жүйесінің тарихына арналған танымдық кездесулер, кәсіби мерейтойлар мен атаулы күндерге орай өткізілетін жиындар – өткенді қадірлеумен қатар, бүгінгі судьяның кәсіби жауапкершілігін терең пайымдауға мүмкіндік береді.
Сот жүйесінің тарихын зерделеу – оның бүгінгі жетістіктерін бағалауға, ал аға буынның еңбегін ардақтау – келешекке нық сеніммен қарауға жетелейді.
Тарих пен тағылым тоғысқан іс-шаралар
Ақтөбе облыстық филиалының атқаратын жұмысы кәсіби мәселелермен ғана шектелмейді. Судьялардың қоғамдық, мәдени және рухани өмірге белсенді араласуына да айрықша мән беріледі.
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты 80 жылдығына орай күрделі жөндеуден өткізіліп, 2012 жылы жаңа ғимарат ретінде ашылды. «Елу жылда ел жаңа» демекші 1932 жылы негізі қаланған Ақтөбе облыстық сотына биыл 94 жыл толып отыр.
Ақтөбе облыстық сотының қалыптасу тарихы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңімен тікелей байланысты.
Облыстық соттың жанында ар мен заң аясында әділдік орнатып, өз күш – жігерін, бар қайратын, әділдікке арнаған асыл азаматтарға, нар тұлғаларға құрмет көрсету мақсатында музей ашылған болатын.
Алғашқы губерниялық сот төрағасынан бастап бүгінгі күнде қызметте жүрген Фемида қызметкерлері судья атағын үлкен құрмет пен абыроймен арқалап келеді. Олардың әрқайсысы облысымыздағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосып, өз іздерін қалдырды.
Сол музейдегі деректерге сүйенсек, бұрын Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарып, кейін ҚР Жоғарғы Сотын басқарған судьяларды атауды жөн көрдім. Ақтөбе өңірінен бірнеше ҚР Жоғарғы Сотының төрағалары шыққанын деректер дәлелдейді. Атап айтқанда:
Мұқашев Тлеужан Мұқашұлы, 1881 жылы Ақтөбе губерния Ақтөбе уезының 1 ауылында дүниеге келген, наурыз 1924 –маусым 1925 ж.ж. — РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімшесінің төрағасы, кейін ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы болған.
Атаниязов Мырзақұл, 1899 жылы Ақтөбе губерния Ақтөбе уезының 1 ауылында дүниеге келген,1921-1922 ж.ж.- Ақтөбе губерния трибуналының Әскери алқасы төрағасының орынбасары, 1922-1923 гг.-ҚАССР әділет комиссары, мамыр 1925 жыл – наурыз 1927ж.ж.- РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімшесінің төрағасы, ол заманда қазақ бөлімшесін басқарған лауазамыды тұлға Төраға қызметімен теңескен. Ол кейін 1933-1934 жж.- ҚАССР прокуроры қызметін атқарып, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 1957 жылы ақталған.
Наренов Мухамедғали Наренұлы, 1884 жылы Темір уезында дүниеге келген, орыс-қырғыз училищесін бітірген, 1923-25 ж.ж.- Ақтөбе губерниялық сотының мүшесі, 1925-28 ж.ж.- Ақтөбе губерниялық сотының төрағасы, 1928 жылдан РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімшесінің мүшесі болған, ол кезде бұл лауазым сот төрағасының лауазымымен бірдей болған.
Темиргалий Кожабергенов – 1905 жылы Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында дүниге келген. 1929-1930 жылдары Ақтөбе ауданының халық судьясы, 1930-1933 жылдары Ақтөбе облысының Темір аудандық халық сотының судьясы, 1933-1936 жылдары Ақтөбе облыстық сотының мүшесі, 1937-1938 жылдары Орал облыстық сотының төрағасының орынбасары, 1938-1939 жылдары Қазақ СССР Жоғарғы Сотының төрағасының орынбасары, 1939 жылдың сәуір айынан бастап 1941 жылдың мамыр айына дейін Қазақ СССР Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымын атқарған.
Биекенов Абидолла Умбетжанұлы, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының 19 ауылында дүниеге келген, 1936-1939 ж.ж.г.- Шалқар, Жұрын аудандық халық сотының судьясы, Ақтөбе облыстық соты төрағасының орынбасары, 1939-1942 ж.ж.- Қарағанды облыстық сотының төрағасы, мамыр-тамыз 1946 жылы- Қазақ ССР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметін атқарғаны белгілі болды.
Одан кейінАқтөбе өңірінде қызмет етіп, кейін ҚР Жоғарғы Сотын басқарған Бектас Әбдіханұлы Бекназаров, 1956 жылы 12 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниге келген. 1984-1990 жылдары Жамбыл облысы Жуалы аудандық халық сотының судьясы, 1990-1997 жылдары Жамбыл облыстық сотының мүшесі, облыстық сот төрағасының орынбасары, 1997 жылы Жезқазқған облыстық сотының төрағасы, 1997-2000 жылдары Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 200 жылы Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Соттардың қызметін ұйымдастыру Департаментінің директоры, 2000-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының судьясы, 2002-2006 жылдары – Атырау облыстық сотының төрағасы, 2006-2009 жылдары Алматы қаласындағы мамандандырылған қаржылық сотының төрағасы, 2009-2011 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, 2011 ж- 2013 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Жлоғарғы Сотының Төрағасы Мерғалиев Асламбек Амангелдіұлы – 1972 жылы 2 сәуірде Павлодар облысы Ертіс ауданында дүниеге келген. Оның еңбек жолына келетін болсақ, 2003-2007жылдары Павлодар қалалық сотының судьясы лааузамымынан бастап, 2007-2008 жылдары Екібастуз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, 2012-2014 жылдары Павлодар қаласының №2 сотының төрағасы, 2014-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметімен жалғастырып, 2015-2020 жылдары Қостанай облыстық сотының төрағасы, 2020-2022 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, 2022 жылдың жетоқсан айынан бүгінге күнге дейін ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы лауазымын атқаруда.
Одан кейін, бұрын Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып, кейін мемлекеттің жоғары лауазымға ие болған судьялары- Иран Әмірұлы Әміров пен Ерлан Жұмаханұлы Айтжановты атап өткен жөн.
Иран Әмірұлы Әміров — 1944 жылы 15 қыркүйекте Қызыл-Орда облысының Жалағаш ауданының Қара-Кеткен бекетінде дүниеге келген. 1970-1973 жылдары Ақтөбе қалалық сотының халық судьясы, 1973-1975 жылдары Ақтөбе қаласының Фрунзе аудандық халық сотының судьясы, 1975-1980 жылдары Ақтөбе облысы Октябрь аудандық халық сотының төрағасы, 1982-1991 жылдары Ақтөбе облысы Алға аудандық халық сотының төрағасы, 1991-1995 жылдары Ақтөбе қалалық сотының төрағасы, 1995-2004 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, 2004-2014 жылдары ҚР Парламент Сенатының сенаторы қызметтерін атқарған болатын.
1989 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері» атанды. Кейін Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы деген атаққа ие болып, «Үш би» құрмет белгісімен, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Иран Әмірұлы Әміровтың есімі Ақтөбе облыстық сотының тарихында айрықша орын алады. Облыстық сот музейінде Иран Әмірұлына арнайы бұрыш арналған. Онда И.Амировтың жұмыс үстелінен алынған құралдары мен Үш би монументінің ашылу салтанатынан алынған фотолары бар альбом қойылған. Сол кездегі облыстық соттың судьялар құрамының суреті мен сол кездегі құжаттары қойылған. Ал 2019 жылы облыстық сот ғимараты алдында оның атына мемориалдық тақта ашылса, 2025 жылы Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне Иран Әміровтың есімі беріліп, құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Бұл — оның құқық саласына сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға еді.
Иран Әмірұлы сот саласында 34 жыл абыройлы қызмет атқарып, қаншама жас судьяларды тәрбиеледі. Ол, осы 34 жыл судьялық өмірін Ақтөбе облысына арнады.
2026 жылдың 15 қыркүйегінде оның туған күніне орай Ақтөбе облыстық соты мен Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Ақтөбе облысы бойынша филиалының ұймдастыруымен Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдығына, сондай-ақ құрметті судья Иран Әміровті еске алуға арналған спартакиада өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Ақтөбе облысы бойынша филиалы Ақтөбе облыстық сотымен бірлесіп ұйымдастырды. Спартакиадаға Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ә.Ахметов, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Д.Әмір, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шангутов, сот жүйесі ардагерлері кеңесінің төрағасы Б.Ізтай, ардагерлер кеңесінің мүшесі С.Барышев, құқық қорғау органдарының өкілдері, Департамент басшылығы, сот жүйесінің ардагерлері, сондай-ақ құрметті судья Иран Әміровтің туыстары қатысты.
Сонымен қатар, шараға облыстық, қалалық және аудандық соттардың судьялары мен қызметкерлері қатысып, әріптестеріне қолдау көрсетті.
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір де осындай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, олардың әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға, командалық рухты қалыптастыруға және сот жүйесінің жақсы дәстүрлерін сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ол өз сөзінде құрметті судья Иран Әміровті жылы лебізбен еске алып, оның кәсіби жолына, сот жүйесіне қосқан үлесіне және әріптестері арасындағы беделіне тоқталды.
Қатысушыларға сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шангутов, сот жүйесі ардагерлері кеңесінің төрағасы Б.Ізтай және ардагерлер кеңесінің мүшесі С.Барышев жылы лебіздерін білдірді. Өз сөздерінде олар Иран Әміров туралы естеліктерімен бөлісіп, оның кәсіби қасиеттері мен сот жүйесіне қосқан үлесін атап өтті.
Спартакиада бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында үстел теннисі және волейболдан жарыстар енгізілді. Волейболдан жарысқа облыстық соттың, қалалық, мамандандырылған және аудандық соттардың командалары қатысты.
Спорт алаңдарында тартысты бәсеке өрбіді. Қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен жарысып, өзара достық пен қолдаудың жоғары үлгісін көрсетті.
Иран Әміров 2014 жылы өмірден өтті. Алайда оның ғибратты ғұмыры, елге сіңірген өлшеусіз еңбегі мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, есімі ел жадында сақталды. Иран Әмірұлының өмір жолы — маңдай термен жеткен жетістіктің, біліммен бекіген біліктің, елге деген адалдық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ақтөбе облыстық сотын абыроймен басқарған төрағалардың бірі —Айтжанов Ерлан Жұмаханұлы. Ол 1964 жылы 29 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1994-1995 жылдары Алматы қалалық арбитраж сотының судьясы, 1995-200 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 2000-2002 жылдары Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2008-2010 жылдары Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2009-2010 жылдары Ақтөбе облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, 2010-2011 жылдары Ақтөбе облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, 2011-2016 жылдары Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, 2016-2021 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 2021-2023 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 2023 жылы ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, кейін ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Өңірдің мемлекет пен қоғамның өркендеуіне зор үлес қосқан тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған мәдени-танымдық іс-шараларды өткізу дәстүрі қалыптасқан.
2025 жылы өткізілген Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени-танымдық шаралар, 2026 жылы Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған кездесулер, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымдық жиындар – судьялар қауымының ұлттық тарих пен рухани мұраға деген құрметінің айғағы.
Осындай басқосуларда ұлы тұлғалардың шығармашылық мұрасы мен ел тарихындағы орны ғана емес, олардың әділдік, елдік, бірлік және адамгершілік туралы тағылымды ойлары да кеңінен дәріптеледі.
Сот төрелігін жүзеге асыратын судья үшін мұндай ұстанымдардың мәні айрықша. Өйткені заңды білу және оны дұрыс қолдану – кәсіби міндет болса, әділет пен адамгершілікке негізделген ішкі ұстаным – судья тұлғасының маңызды қасиеті.
«Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі»
Ақтөбе облыстық соттарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің қоғамдық және құқықтық кеңістіктегі мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар да Судьялар одағының қоғамдық бастамаларымен сабақтасып келеді.
«Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» тақырыбындағы іс-шаралар, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптеуге арналған кездесулер – тілдің ұлттық бірлікті қалыптастырудағы маңызын айқындайтын мәнді бастамалар.
Әсіресе, 2026 жылдың 5 қыркүйегінде Ақтөбе облыстық сотында Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілген «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты іс-шара ана тілімізге және ұлттық рухани мұраға деген құрметті арттыруға бағытталды.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданысын жетілдіру – тек кәсіби міндет қана емес, сонымен бірге азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайтатын маңызды тетік.
Рухани құндылық – кәсіби мәдениеттің өзегі
Судьяның кәсіби мәдениеті оның заңнаманы меңгеруімен ғана айқындалмайды. Оның қоғам алдындағы жауапкершілігі, ұлттық құндылықтарға деген құрметі, тарихи санасы мен азаматтық ұстанымы да елеулі рөл атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбе облыстық филиалының мәдени-ағартушылық бағыттағы қызметінің мазмұны айрықша.
Сот қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылатын әдеби-танымдық кештер, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметіне арналған жүздесулер, ұлттық мәдениетті ұлықтайтын іс-шаралар судьялардың рухани әлемін байытып қана қоймай, әріптестік ортаның қалыптасуына да оң ықпалын тигізеді.
Қазақ әдебиеті мен тарихына арналған мұндай кездесулер судьялар қауымының қоғамдық өмірмен байланысын тереңдетіп, сот қызметінің тек құқықтық саламен шектелмейтінін, оның қоғамның жалпы рухани-мәдени дамуымен тығыз сабақтас екенін аңғартады.
Спорт – сот қауымдастығының ынтымағын арттыратын дәстүр
Судьялар одағының Ақтөбе облыстық филиалы жұмысының маңызды бағыттарының бірі – бұқаралық спорттық шараларды өткізу.
Судьялардың күнделікті қызметі елеулі зияткерлік және психологиялық салмақпен ұштасады. Осыған байланысты салауатты өмір салтын орнықтыру, дене белсенділігін арттыру және әріптестер арасындағы бейресми қарым-қатынасты жандандыру мақсатында спорттық сайыстар ұйымдастыру – қалыптасқан игі дәстүрдің бірі.
Ақтөбе облысында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің қатысуымен әртүрлі спорттық бәсекелер өткізіліп келеді.
Футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және өзге де спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар сот қауымдастығы мүшелерінің белсенділігін көтеріп қана қоймай, ұжымдық рухтың нығаюына ықпал етеді.
Спорт алаңында соттың күнделікті қызметіндегі лауазымдық ерекшеліктер екінші орынға ығысып, командалық рух пен өзара демеу көрсету алдыңғы қатарға шығады. Бірін-бірі жігерлендірген әріптестер жарыс барысында ғана емес, қызметтік ортада да өзара ұйымшылдық таныта түседі.
Ұлттық спорт – ұлттық рухтың айнасы
Ақтөбе облыстық филиалының спорттық бастамаларында ұлттық спорт түрлеріне де айрықша орын беріледі.
Соның ішінде тоғызқұмалақ – ойлау қабілетін жетілдіретін, сабырлылық пен стратегиялық шешім қабылдауды қажет ететін ұлттық зияткерлік ойын ретінде судьялардың кәсіби болмысымен өзара үндеседі. 2025 жылы Ұлы Абайдың 180 жылдығын атап өту қарсаңында Абайдың сүйікті ойыны –тоғызқұмалақтан сот мамандары арасында жарыс өткізіліп, филиалдың қолдауымен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастыру арқылы ұлттық спортты дәріптеу мен салауатты өмір салтын насихаттау міндеттері қатар жүзеге асырылады.
Бұл ретте спорттық сайыстардың маңызы тек жүлделі орындармен өлшенбейді. Оның негізгі нәтижесі – әріптестер арасындағы достық байланысты бекемдеу, ұйымшылдықты күшейту және ортақ құндылықтар аясында топтасу.
Спорттағы бәсеке – өмірдегі әріптестік
Судьялар арасында өткізілетін спорттық жарыстардың тағы бір ерекшелігі – әр буын өкілдерінің бір ортада бас қосуына мүмкіндік беруі.
Аға буын судьялар мен жас мамандардың бір команда құрамында өнер көрсетуі – ұрпақтар сабақтастығының өзіндік көрінісі.
Күнделікті қызметте сот төрелігінің аса жауапты міндеттерін бірге атқаратын әріптестер спорттық дода барысында бір-біріне демеу көрсетіп, өзара түсіністік пен командалық рухты одан әрі күшейтеді.
Осылайша спорттық шаралар Судьялар одағы қызметінің кәсіби міндеттерден тыс, алайда кәсіби орта үшін аса маңызды адами қырын танытады.
Мерейтойлық жыл – жаңа белестерге бастар кезең
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдығы – Ақтөбе облыстық филиалы үшін де айрықша тарихи кезең.
Бұл – жүріп өткен жолды таразылап, атқарылған жұмыстарды саралайтын, аға буынның еңбегін лайықты бағалап, кейінгі ұрпаққа тағылым ұсынатын маңызды уақыт.
Үш онжылдық ішінде судьялардың бірнеше буыны қызмет атқарды. Сот жүйесінің құрылымы мен жұмыс жүргізу тәсілдері заман талабына сай жаңарды. Цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктері қалыптасты.
Алайда уақыт өзгергенімен, мәнін жоғалтпайтын құндылықтар бар. Олар – заңға беріктік, әділдік, тәуелсіздік, кәсіби жауапкершілік және азаматтың құқықтарына деген құрмет.
Судьялар одағының басты құндылығы да осында.
Бір шаңырақ астындағы әріптестік
Бүгінде Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Ақтөбе облыстық филиалы – өңірдің сот қауымдастығын топтастыратын маңызды қоғамдық алаң.
Филиалдың ұйымдастыруымен немесе қолдауымен жүзеге асырылатын кәсіби, мәдени-танымдық және спорттық шаралар судьялардың қоғамдық белсенділігін жандандырып, олардың өзара ынтымақтастығын одан әрі бекемдеп келеді.
Филиалдың шежіресі – ең алдымен, осы ұйымның қызметіне өзіндік үлес қосқан судьялардың шежіресі.
Әр кезеңде еңбек еткен судьялардың кәсіби тәжірибесі, қоғамдық бастамалары, сот жүйесінің дамуына сіңірген еңбегі бүгінгі буынға аманат болып отыр.
Сондықтан 30 жылдық мерейтой – тек ұйымның мерекесі емес. Бұл – Ақтөбе облысының сот қауымдастығын қалыптастырған, сот төрелігінің өркендеуіне үлес қосқан барлық судьялар мен сот қызметкерлерінің ортақ қуанышы.
Отыз жыл – ұйым тарихындағы елеулі белес. Алайда бұл белес – аялдайтын нүкте емес, жаңа кезеңге бастайтын бастау.
Алдағы уақытта да Ақтөбе облыстық филиалы судьялардың кәсіби тұтастығын нығайтуға, сот жүйесінің беделін биіктетуге, құқықтық мәдениетті жетілдіруге, ұлттық және рухани құндылықтарды ұлықтауға, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған игі бастамаларын жалғастыра беретіні сөзсіз.
Судьялар одағының үш онжылдық тарихы – кәсіби бірлік пен өзара қолдаудың, жауапкершілік пен адалдықтың айнасы.
Ал Ақтөбе облыстық филиалының осы шежіредегі орны – өңірдегі судьялар қауымының ұйымшылдығы мен кәсіби сабақтастығын орнықтырған маңызды буын ретінде айқындалады.
Әділетке бастар жол әрдайым жауапкершіліктен бастау алады.
Заңға адалдық, халыққа қызмет ету, сот төрелігінің асқақ мұратын сақтау – әрбір судьяның абыройлы міндеті.
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының 30 жылдық мерейтойы осы қағидаттардың уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өз өміршеңдігін сақтап келе жатқанын тағы бір мәрте аңғартады.
Отыз жыл – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, болашаққа бағдар десе де болады. Ақтөбе облыстық филиалының жүріп өткен сара жолы – әділетке адал қызмет еткен талай буынның қажырлы еңбегімен қалыптасқан жол.
Бұл жолдың басты нәтижесі – марапаттар мен өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, ең алдымен, заң мен әділетті ту еткен судьялар қауымының бірлігімен өлшенеді.
Судьялар одағының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Ақтөбе облыстық филиалының кәсіби дәстүрі одан әрі нығайып, жаңа бастамалары баянды жалғасын тауып, сот төрелігінің биік мұраттарына қызмет ететін игі істері еселене берсін !
Қазақстан Республикасы Судьялар
Одағы Орталық Кеңесінің мүшесі,
Ақтөбе облысы Хромтау аудандық
сотының төрағасы
Е.С.Бақытжан


