Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігіне кері әсер етіп қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіреді, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының бұзылуына алып келеді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Бұл бағытта заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын ұстануы және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру ерекше маңызға ие.
Қазақ халқының тарихында адалдық пен әділдік әрқашан жоғары бағаланған. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты сөзі қоғамдағы өзара құрмет пен адамгершіліктің маңызын көрсетеді. Әділдік пен адалдықты берік ұстанған қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын болмауға тиіс.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оның туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік органдарда профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер мен түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру және заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда құқықтық тәрбие мен құқықтық сауаттылықтың орны ерекше. Заңды білу – азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне мүмкіндік береді. Ал өз құқықтарын білетін, заң талаптарын құрметтейтін азамат заңсыз әрекеттерге жол бермеуге және сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейжай қарамауға ұмтылады.
Сот жүйесінің де бұл бағыттағы жауапкершілігі айрықша. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында заңдылықты, әділдікті және объективтілікті сақтау – сот қызметінің негізгі қағидаттарының бірі. Судьяның әрбір қабылдаған шешімі заң талаптарына негізделіп, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс.
Сот жүйесіне деген қоғамдық сенім ең алдымен сот төрелігінің әділдігімен, ашықтығымен және заңдылығымен тығыз байланысты. Осыған орай сот қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, судьялар мен сот қызметкерлерінің әдеп нормаларын сақтау, қызметтік міндеттерін адал орындау мәселелеріне ерекше мән беріледі.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен шектелмеуі қажет. Ең бастысы – оның алдын алу. Ол үшін мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, цифрландыру мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, азаматтармен тікелей байланысты азайту және шешім қабылдау процестерінің жариялылығын арттыру маңызды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру отбасынан, білім беру ұйымдарынан және еңбек ұжымдарынан басталуы тиіс. Жас ұрпаққа адал еңбек ету, заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сыйлау, әділдік пен жауапкершілікті сақтау құндылықтарын сіңіру – қоғамның болашағына жасалған маңызды инвестиция.
Әсіресе жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі мемлекеттік қызметші, кәсіпкер, заңгер, дәрігер, мұғалім және қоғамның белсенді мүшесі. Оның құқықтық санасы мен азаматтық ұстанымы мемлекеттің болашақ дамуына тікелей ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар барысында азаматтарға қолданыстағы заңнаманың талаптарын түсіндірумен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының қоғамға тигізетін кері әсері де жан-жақты түсіндірілгені жөн. Себебі сыбайлас жемқорлықтың салдары бір ғана адамға немесе мекемеге емес, тұтас қоғамға әсер етеді.
Сыбайлас жемқорлық белең алған жағдайда мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, адал бәсекелестіктің бұзылуы, азаматтардың құқықтарының шектелуі және мемлекеттік институттарға деген сенімнің төмендеуі сияқты келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу – экономикалық дамудың, әлеуметтік тұрақтылықтың және құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.
Бұл ретте әрбір азаматтың белсенді ұстанымы қажет. Заңсыз әрекетке жол бермеу, пара бермеу және алмау, құқық бұзушылық туралы тиісті органдарға хабарлау, өз құқықтарын заңды жолмен қорғау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің нақты көріністері.
Қоғамда «сыбайлас жемқорлықпен күресу – тек мемлекеттік органдардың міндеті» деген түсінік болмауы керек. Керісінше, бұл бағыттағы жұмыс мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді. Мемлекеттік органдар заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етсе, азаматтар өз тарапынан заңды құрметтеп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуы қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар осы мақсатқа жетудің тиімді құралдарының бірі. Мұндай кездесулер барысында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, қызметтік әдеп нормалары, мүдделер қақтығысының алдын алу, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселелері талқыланады.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір күндік немесе бір ғана іс-шарамен шектелетін жұмыс емес. Ол тұрақты түрде жүргізілетін, жүйелі әрі кешенді бағыт болуы тиіс. Адалдық, әділдік, заңға құрмет және жауапкершілік әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты қағидаттарға айналған кезде ғана сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға нақты мүмкіндік туады.
Мемлекеттің дамуы мен қоғамның тұрақтылығы заң үстемдігіне тікелей байланысты. Сондықтан әрқайсымыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өз үлесімізді қосып, заң талаптарын сақтауды және адалдық қағидаттарын берік ұстануды азаматтық парызымыз деп қабылдауымыз қажет.
Батыс Қазақстан облысының
мамандандырылған ауданаралық экономикалық
сотының жетекші маманы Халел Абулхаир Есқайырұлы


