Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құрылымдарда заңдылық пен берік құқықтық тәртіптің сақталуы шешуші мәнге ие. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және кез келген арнаулы немесе төтенше соттарды құруға жол берілмейді.
Елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар, әсіресе Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) қолданысқа енгізілуі және «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың» қабылдануы әскери сот жүйесінің құқықтық мәртебесі мен соттылығын сапалы жаңа деңгейге көтерді.
Бұл мақалада әскери соттардың құзыреті, әскери басқару органдарының актілері мен әрекеттеріне ӘРПК шеңберінде шағымданудың процестік ерекшеліктері және олардың «Заң мен Тәртіп» идеологиясымен байланысы терең талданады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде әскери соттар мамандандырылған соттар ретінде ерекше орын алады. Олардың соттылығы заңнамалық актілерде айқын шекаралармен белгіленген:
ӘРПК-нің 103-бабына сәйкес, әскери соттар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерінің, сондай-ақ әскери жиындардан өтіп жатқан азаматтардың әскери басқару органдары, әскери бөлімдер жауапкер болған жағдайдағы әкімшілік талап қоюлары бойынша істерді қарайды.
Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 27-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әскери соттар тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім болып табылатын азаматтық дауларды (басқа мамандандырылған соттарға жататын істерді қоспағанда) қарайды..
Қылмыстық кодекстің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар және әскери қызметшілер жасаған қылмыстық істер де әскери соттардың қарауына жатады.
Сондай-ақ, егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте әскери сот құрылмаған жағдайда, заңмен оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істер мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттармен қаралады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің енгізілуі әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауда жаңа процестік кепілдіктер қалыптастырды. Әскери басқару органдарының (командирлердің, әскери комиссариаттардың, Тұрғын үй комиссияларының және т.б.) шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану мынадай ерекшеліктермен сипатталады:
Сотка дейінгі шағымдану тәртібі:
ӘРПК-нің 91-бабына сай, қатысушы әкімшілік актіні немесе әрекетті (әрекетсіздікті) алдымен жоғары тұрған әскери басқару органына немесе лауазымды тұлғаға шағымдануға міндетті. Шағым беру мерзімі актімен немесе әрекетпен танысқан сәттен бастап белгіленеді.
Әкімшілік талап қоюдың түрлері:
ӘРПК 131–135-баптарында талап қоюдың төрт негізгі түрі көзделген.
Дау айту туралы талап қою:
Әскери қызметшінің құқығын шектейтін немесе ауырлататын әкімшілік актінің (мысалы, тәртіптік жаза қолдану, қызметтен босату) күшін жоюды талап ету (132-бап).
Мәжбүрлеу туралы талап қою:
Бас тартылған немесе созып жүрген қолайлы актіні (мысалы, тұрғын үй төлемін тағайындау, кезекті әскери шен беру) қабылдауға міндеттеу (133-бап).
Әрекет жасау туралы талап қою:
Белгілі бір нақты әрекетті жасауды немесе заңсыз әрекеттен тартынуды талап ету (134-бап).
Тану туралы талап қою:
Құқықтық қатынастың бар немесе жоғын, заңды күшін жоғалтқан актіні заңсыз деп тану (135-бап).
ӘРПК-нің 16-бабына сәйкес, әкімшілік судья тараптардың берген дәлелдемелерімен шектелмейді. Судья істің барлық нақты мән-жайларын толық әрі объективті зерттеу үшін өз бастамасымен қосымша құжаттарды, бұйрықтарды немесе материалдарды талап етуге құқылы.
Қабылданған әкімшілік актінің немесе әрекеттің заңдылығын дәлелдеу міндеті талап қоюшы әскери қызметшіге емес, керісінше шешім қабылдаған әскери басқару органына немесе командирге жүктеледі.
Әкімшілік актілерге, шешімдерге және органның әрекеттеріне дау айту немесе мәжбүрлеу туралы талаптар акт табыс етілген немесе сотқа дейінгі шағым шешімін алған күннен бастап 1 ай ішінде беріледі.
Мерзімді өткізіп алу себебі соттың алдын ала тыңдауында қаралады; оны дәлелді себепсіз өткізіп алу талап арызды кері қайтаруға негіз болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» «Заң мен Тәртіп» қағидатын бүкіл мемлекеттік аппараты мен құқық қорғау органдарының негізгі бағдары ретінде белгіледі. Бұл идеология әскери соттар қызметімен де тығыз байланысты.
Заң үстемдігі қағидатына сай, әскери ортада лауазымына, әскери шеніне немесе бұрынғы сіңірген еңбегіне қарамастан, заң талаптары барлығына бірдей қолданылады. Кез келген заң бұзушылыққа тиісті заңды ден қою қамтамасыз етіледі.
Әскери басқару органдары мен соттар, ең алдымен азаматтар мен әскери қызметшілердің конституциялық құқықтарын қорғайтын сервистік форматта жұмыс істеуі тиіс.
Сот жүйесінде «Төрелік» сияқты цифрлық ақпараттық жүйелерді кеңінен қолдану, сот актілерін жариялау және онлайн-семинарлар өткізу әскери соттардың халық пен жеке құрам алдындағы ашықтығын арттырады. Алматы гарнизонының әскери соты сияқты органдар «Заң мен тәртіп» Тұжырымдамасы контексінде мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі маңызы мен сот ісін жүргізу сапасын тұрақты талқылап келеді.
Конституцияның 39-бабына сәйкес, Қазақстанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Әскери соттардың әділ, ашық әрі заңды шешімдері әскери қызметшілердің мемлекетке деген сенімін нығайтып, олардың бойындағы жауапты, жасампаз патриотизм мен әскери рухты асыра түседі.
Әскери соттардың соттылығына қатысты жаңа құқықтық өзгерістер мен ӘРПК-нің жаңашыл тетіктерін тиімді қолдану – әскери басқару жүйесінде заңдылықты, әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етудің кепілі.
Әскери соттардың заманауи дамуы «Заң мен Тәртіп» идеологиясын әскери ортада терең орнықтырып, Әділетті Қазақстанның қорғаныс қабілеті мен құқықтық мәдениетін бекітуге стратегиялық үлес қосады.
Қанат Зарықұлы Естай, Алматы гарнизонының Әскери сот судьясы


