Алматыда QASQYR CUP медиа аударыспақ турнирі өтті

Алматыда қазақтың ұлттық спорты аударыспақты кеңінен насихаттауға арналған QASQYR CUP турнирі өтті. 2 қазан күні ұйымдастырылған дода ұлттық спортты тек кәсіби спортшылардың алаңы ретінде емес, көпшілікке жақын, көрерменге әсерлі форматта көрсетуімен ерекшеленді.

Турнирге блогерлер, медиа өкілдері, айтыскерлер және жекпе-жек спортымен айналысатын танымал тұлғалар қатысты. Бұған дейін ат үстінде күресіп көрмеген қатысушылар қысқа дайындықтан кейін алаңға шығып, аударыспақтың ережесіне сай күш сынасты. Ұйымдастырушылар жарысқа шоу элементтерін де қосып, әр қатысушының сахналық образбен шығуына мүмкіндік берді.

Жалпы додада 20 қатысушы бақ сынады. Олардың қатарында Абай Асылхан, Файзулла Нағашыбай, Медет Жаңабай, Айтбек Тұрсынбай, Мейіржан Төребай, Асхат Нұрмашев, Мұхит Амантай, Ертуған Амангелді, Манас Жарылқасынов, Мақсат Қиқымов, Азамат Бақытов, Медет Жанатұлы, Арнұр Қабдолдаев, Олжасхан Қайрат секілді көпшілікке танымал азаматтар болды. Қарсыласын аттан аударып түсірген қатысушыларға 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

QASQYR CUP турниріндегі ең көп талқыланған сәттердің бірі қыздар арасындағы белдесу болды. Ерлер спорты ретінде қабылданып келген аударыспақта бұл жолы Бопай лақап атымен танылған Зәмзәгүл Файзолланова мен Томирис атанған Гүлмарал Еркебаева бақ сынады. Тартысты өткен жекпе-жектің соңғы секундтарында Гүлмарал қарсыласын аттан аударып, жеңіске жетті.

Гүлмарал Еркебаева бұл жеңістің өзі үшін ерекше болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ат үстіндегі күрес тек білек күшімен өлшенбейді. Бір сәтте атты басқару, қарсыластың қимылын бақылау және қорқынышты жеңу керек. Спортшы қыз бұл белдесу қазақ қыздарының мінезі мен рухын көрсеткенін жеткізді.

Көрермен назарын аударған тағы бір қатысушы Нигериядан келген Мухаммад болды. Ол турнирге қатысушылардың бірін алмастырып шығып, қысқа уақыт ішінде аударыспақтың негізгі ережесін меңгерген. Бұған дейін атқа мініп көрмегеніне қарамастан, жарыс алдында бір рет қана дайындалып, қарсыласын 11 секундта аттан құлатып түсірді.

Мухаммадтың жеңісі жарыстың күтпеген әрі әсерлі сәттерінің біріне айналды. Ол бұған дейін футболмен және бокспен айналысқанын, сондықтан додаға өзіне сеніп шыққанын айтты. Қатысушы аударыспақтың ерекше әсер қалдырғанын және мұндай жарыстарға тағы қатысқысы келетінін жеткізді.

Аударыспақ — қазақтың көне ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бұл сайыста екі салт атты бірін-бірі ат үстінен аударып түсіруге тырысады. Спортшыдан күшпен қатар ептілік, төзімділік, батылдық және атты жақсы басқару қабілеті талап етіледі. Сондықтан мұндай жарыс көрермен үшін де, қатысушы үшін де ерекше дайындық пен жауапкершілікті қажет етеді.

QASQYR CUP турнирі ұлттық спортты заманауи медиа кеңістікке жақындатқан шара ретінде есте қалды. Танымал тұлғалардың қатысуы аударыспаққа жаңа аудиторияның назарын аударды. Ұйымдастырушылардың мақсаты да осы — ұлттық спорттың рухын сақтай отырып, оны жас буынға қызықты әрі түсінікті форматта ұсыну.

Аружан Мауленбай

Әскери сот шешімдерін халықаралық деңгейде тану: Апостиль қоюдың заңдық негіздері мен тәртібі

Қазіргі жаһандану заманында азаматтар мен әскери қызметшілердің шетелдік мемлекеттермен...

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Қарттар күні мен Ұстаздар күніне арналған тағылымды шаралар Қазан айы...

Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі

Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттік...

Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның берік негізі

Қоғамның тұрақты дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен заңның...

МЕДИАЦИЯ – ДАУДЫ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

Қазіргі қоғамда адамдар арасындағы түрлі қарым-қатынастардың күрделенуі кей жағдайда...