1 қазаннан бастап Қазақстанда санитарлық бетперде тағу міндеттелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алайда бұл талап тек денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлеріне қатысты. Мұндай режим ауруға шалдығу қаупінің жоғары болуына байланысты енгізілген.
ҚР денсаулық сақтау министрлігі КСЭК басқармасының басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, медицина мамандары ауру жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Себебі олар медициналық ұйымдарда қызмет көрсетіп, емделушілермен үнемі байланыста болады.
«Сондықтан медицина қызметкерлеріне бетперде тағу міндетті. Бұл қызметкерлер арасында ауру деңгейін төмендетіп, жұмыс процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет», – деді Жасұлан Алпысбаев.
Ал Қазақстан бойынша жаппай бетперде режимін енгізу әзірге жоспарланып отырған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жіті респираторлық вирустық инфекциялар маусымы басталғанымен, елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Қазіргі вирустық респираторлық аурулардың таралу кезеңі басталғалы Қазақстанда шамамен 490 мың инфекция жұқтыру жағдайы тіркелген. Алайда бұл көрсеткіш белгіленген қалыпты деңгейден аспайды.


