Сот актілерін орындау бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Олардың бастысы еліміздің негізгі заңы – Конституция болса, ол сот актілерінің міндеттілігін бекітеді. Ал ҚР Азаматтық процестік кодексі азаматтық істер бойынша шыққан шешімдерді орындау тәртібін анықтайды. ҚР Атқарушылық іс жүргізу туралы заңы сот актілерін орындаудың негізгі тетігі саналады.
Мұны айтып отырғанымыз, сот актілерінің уақытылы орындалуы әділ сот төрелігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қорғауға кепіл болады. Дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды күшіне енген сот шешімін орындау бүкіл қазақстандыққа міндет саналады. Тек қана Конституциялық Соттың Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған заңға, басқа да нормативтік құқықтық актіге, оның жекелеген ережелеріне негізделген сот актілері ғана орындалуға жатпайды.
Азаматтық процестік кодекспен айқындалғандай, азаматтық істерде бірінші саты соттары сот актілерін бұйрықтар, шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар нысанында қабылдайды. Соттың өкімдері, талаптары, шақыртулары, өзге де құжаттары еліміздің барлық аумағында орындалуы тиіс. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару құжаты сотпен немесе өндіріп алушының өтінішімен сот орындаушыларына жіберіледі. Атқару парағын алған жеке немесе мемлекеттік сот орындаушысы орындау өндірісін қозғайды. Соның негізінде сот орындаушысы қаулы шығарып, борышкерге бұл туралы хабарлама жібереді. Борышкер сот шешімін ерікті түрде бес күн ішінде орындауы керек. Осы уақытта ол шешімді орындаудан жалтарса оған мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.
Мысалы, сот орындаушысы сот шешімін орындату мақсатында мүлікті бөлу, қарызды өндіріп алу, әкімшілік айыппұл салу, банктік шоттарын бұғаттау сынды ел заңдарымен көзделген мәжбүрлеу шараларын қолдана алады. Мүдделі тараптың сот орындаушысының жұмысын назардан тыс қалдырмауы да маңызды орын алады.
Сот актілерін орындамау сотты құрметтемеуді білдіреді. Сондықтан, заңды күшіне енген сот актісін қасақана орындамағандарға немесе оның орындалуына кедергі жасағандарға ел заңдарымен әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Іске қатысушылар сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздігіне заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.
Орындалған сот шешімі заңның үстемдігін нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіріп, қоғамда заңға құрмет қалыптастырады.
Дана Асылбекқызы, Бостандық аудандық сотының судьясы Алматы қаласы


