Жер сілкінісі, су тасқыны немесе өрт сияқты төтенше жағдайлар тұрғын үйге орасан шығын келтіруі мүмкін. Мұндай тәуекелдерден қорғанудың бір жолы – баспананы сақтандыру. Мамандар тұрғын үй иелеріне сақтандыру шарттарын мұқият зерделеп, қандай жағдайларда өтемақы төленетінін алдын ала біліп алуға кеңес береді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдері BAQ.KZ тілшісіне табиғи апаттан сақтандыруға қатысты маңызды сұрақтардың жауабын айтты.
ҚНРДА мәліметінше, модельді әзірлеу кезінде, ең алдымен, Қазақстанға тән табиғи тәуекелдер және олардың халыққа келтіру ықтимал залалының ауқымы ескерілген. БҰҰ бағалауы бойынша, еліміз аумағының 75%-ы түрлі табиғи апаттарға ұшырау қаупіне бейім. Ең кең таралған тәуекелдердің қатарына жер сілкінісі, су тасқыны (паводок) және орман өрттері жатады.
ТЖМ деректеріне сәйкес, еліміздің 16 өңірінде – 14 облыста, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында жер сілкінісі мен су тасқынының жоғары қаупі бар. Бұл аймақтарда 3 млн-нан астам тұрғын үй нысаны орналасқан және 15 млн-ға жуық азамат тұрады. Сонымен қатар, тәуекел деңгейі еліміздің әр өңірінде әртүрлі. Сондықтан модель бастапқы кезден-ақ тәуекелге бағдарланған қағидат бойынша әзірленуде: сақтандыру талаптарын айқындау кезінде әр өңірдің нақты тәуекелге ұшырау деңгейі ескерілуге тиіс.
Аталған тәуекелдерді таңдау табиғи апаттардың нақты салдарымен де байланысты. Мәселен, 2024 жылы су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарына 54,7 млрд теңге бөлінді, ал 2022 жылы Қостанай облысындағы орман өрттерінен келген залал 6 млрд теңгені құрады. Осылайша, сөз бір мезгілде көптеген тұрғын үй нысандарына елеулі залал келтіруі мүмкін табиғи апаттар туралы болып отыр.
Сақтандыру жарнасының мөлшері қалай анықталады?
Әзірленген модельде сақтандыру халық үшін қаржылық тұрғыдан қолжетімді болуы тиіс деген қағидат көзделген. Ұсынылып отырған міндетті сақтандыру жарнасының мөлшері – 2 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін. Негіз ретінде мүлік салығымен салыстырмалы мөлшердегі сома қарастырылып, ол өңірдің тәуекелге ұшырау деңгейінің коэффициентін ескере отырып түзетіледі.
Бұл төлем мөлшері аумақтың тәуекел деңгейіне қарай сараланатынын білдіреді: апатты оқиғаларға ұшырау деңгейі әртүрлі өңірлерде сақтандыру құны да әртүрлі болуы мүмкін. Нақты параметрлер мен есептеу тәртібі заңнамалық және заңға тәуелді реттеу шеңберінде бекітілетін болады.
Жүйе механизмі қалай ұйымдастырылады?
Міндетті сақтандыру жарналарын шоғырландыру және сақтандыру төлемдерін ұйымдастыру үшін мемлекеттің қатысуымен бірыңғай оператор – Тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру қорын құру көзделеді. Жобада Қор мамандандырылған коммерциялық емес қаржы ұйымы ретінде қарастырылады. Қор Қазақстан аумағында тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқылы жалғыз ұйым болады.
Бұл ретте жұмыс істеп тұрған сақтандыру ұйымдары жүйеден шет қалмайды. Олар Қорға сақтандыру жарналарын жинауға жәрдемдеседі, сондай-ақ мүлікті ерікті сақтандыру шарттары шеңберінде халыққа қосымша сақтандыру өтемін ұсынады. Бұдан бөлек, Қордың басқаруымен бірыңғай сақтандыру өтемін қайта сақтандыру пулын қалыптастыру ұсынылады. Сақтандыру ұйымдары мүлікті ерікті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайта сақтандыруға Қорға беретін болады, ал мұндай шарттар апатты тәуекелдерді сақтандыруды қамтуға тиіс.
Осылайша, Қор апатты тәуекелдерді орталықтандырылған басқаруды және қаржылық резервтерді жинақтауды қамтамасыз етуге тиіс. Ал жеке сақтандыру компаниялары нарықтағы қызметін жалғастырып, азаматтарға базалық қорғаудан тыс қосымша ерікті сақтандыру өтемін ұсына алады.
Өтемақы мөлшері қандай болады?
Модельде мөлшері сақтандыру жарнасының көлеміне байланысты болатын базалық сақтандыру төлемі көзделген. Мақұлданған тәсілдерге сәйкес, бастапқы кезеңде сақтандыру төлемдерінің мөлшері 1 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін болады деп қарастырылған. Қор қаражатының жинақталуына қарай оныншы жылға дейін төлем мөлшері 3 млн теңгеден 60 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қордың төлемдерді барынша қысқа мерзімде және залал мөлшерін дәстүрлі бағалаусыз жүзеге асыру көзделеді. Базалық төлем, ең алдымен, зардап шеккен азаматтардың кезек күттірмейтін қажеттіліктерін өтеуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге арналған.
Егер тұрғын үй иесі мүлкін ерікті сақтандыру шарты бойынша қосымша сақтандырған болса, апатты жағдай орын алған кезде ол Қордан белгіленген мөлшердегі өтемақымен қатар, ерікті сақтандыру шартының талаптарына сәйкес сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемін ала алады.
Заң жобасы қашанға дейін талқыланады?
Заң жобасы Ашық деректер порталында жарияланды және ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Құрылтайына енгізіледі.
Бұл ретте тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу үшін үш жылдық өтпелі кезең көзделген. Яғни, алдымен Қор құрылып, акционерлердің, сақтандыру ұйымдары жарналарының және қаражатты инвестициялаудан алынған кірістер есебінен қажетті қаражат жинақталады. Осыдан кейін ғана азаматтар міндетті сақтандыру жарналарын төлей бастайды, ал Қор сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады.
Сақтандыру — мемлекеттік қолдаудың орнына бола ма?
Ұсынылып отырған жүйе бастапқы кезеңде мемлекеттік қолдауды алмастыру тетігі ретінде емес, табиғи апаттар тәуекелдерін қаржыландырудың көпдеңгейлі моделінің бір бөлігі ретінде құрылады.
Бірінші деңгей – бюджеттік қаржыландыру: апаттардан келтірілген залалды өтеуге арналған арнайы бюджет резервтері немесе нысаналы бағдарламалар. Екінші деңгей – сыртқы қаржыландыру, оның ішінде төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттің халықаралық әріптестерден шұғыл қарыздар тарту мүмкіндігі. Үшінші деңгей – азаматтардың тұрғын үй мүлкін сақтандыруы, ол тәуекелі жоғары өңірлерде міндетті ең төменгі сақтандыру өтемін және ерікті сақтандыруды дамытуды қамтиды.
Осылайша, сақтандыру тетігі қолданыстағы қаржыландыру көздерін толықтырып, қаржылық жүктемені мемлекет, халық, сақтандыру нарығы және халықаралық қайта сақтандыру жүйесі арасында бөлуге, сондай-ақ азаматтарға алдын ала айқындалған өтемақы көзін қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар, модельде Қор қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өтеу тетігі көзделген. Бұл мемлекеттің апатты тәуекелдерден қорғау жүйесіндегі рөлінің сақталатынын көрсетеді.


