Бүгінгі таңда қазіргі заманның дертіне, індетіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің күрделі мәселесі болып отыр. Өйткені сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің, қоғамның дамуына, алға басуына үлкен нұқсан, кедергі келтіретін фактор десек, былайша айтқанда дөңгелекке таяқ тірегендей десек қателеспейміз.
Сыбайлас жемқорлық бүгінде әлемнің барлық дерлік елдерінде, оның ішінде, өкінішке орай, Қазақстанда да өте жиі кездесетін құбылыс. Сондықтан да, тек елімізде ғана емес, әлемнің барлық дерлік елдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты жүзеге асырылуда, яғни бұл деген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар.
Қазіргі таңда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Барлық дерлік мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызметшілер арасында заң талаптарын сақтау, қызметтік әдеп нормаларын ұстану, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мақсатында түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет құндылықтарын дәріптеу де маңызды орын алады. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ең алдымен әр адамның жеке ұстанымынан басталады десек қателеспейміз.
Алайда, статистика көрсеткендей, елімізде сыбайлас жемқорлық азаятын түрі жоқ, керісінше – ұлғаюда десек болады. Оның бірден-бір себебі Қазақстан Республиксының заңдарымен сыбайлас жемқорлық үшін аса қатаң жаза қарастырылмаған деп есептеймін. Егер заңмен елімізде осы қылмыс үшін қатаң жаза қарастырылған болса, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің азаюы, кейбір елдердің практикасын назарға ала отырып, мүмкін болар еді деген тұжырымға келемін. Өйткені заңмен қатаң жаза қарастырылып, бекітілген жағдайда бұл дерттің түбімен жойылуына зор ықпалын тигізер еді деген пікірдемін.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа жол беру немесе сыбайлас жемқорлық бар жерде болашаққа балту шабу деген сөз.
Қорытындылай келе, еліміздің, жеріміздің көркеюін қаласақ бірінші кезекте осы дерттен арылуымыз қажет. Сондықтан әрбір азамат, тұлға пара алудан немесе пара беруден бас тартқанда ғана жемқорлықтың алдын алуға болады және сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білемін. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады деген ойдамын.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының аға сот приставы Дәурен Әментаев.


