Құқықтық мемлекет құрудың негізгі шарттарының бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету. Бұл ретте ұлттық заңнамамен қатар, Қазақстан Республикасы мойындаған халықаралық құқық нормаларының да маңызы зор. Халықаралық шарттарды сақтау – мемлекет тарапынан қабылданған міндеттемелерді орындаудың ғана емес, сот төрелігінің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, Республикада қолданылатын құқық құрамына Конституциямен қатар, оған сәйкес заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актілер, халықаралық шарттар мен Республиканың басқа да міндеттемелері, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары кіреді. Ал Республика бекіткен халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады.
Бұл конституциялық норма сот төрелігін жүзеге асыру кезінде халықаралық құқықтың маңызын айқындайды. Сот істі қарау барысында заң талаптарын ғана емес, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін де ескеруі қажет.
Әділ сот төрелігінің басты қағидаттарының бірі – әр адамның сот арқылы өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқығының болуы. Бұл қағида халықаралық құқықтық құжаттарда да бекітілген. Атап айтқанда, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға бағытталған халықаралық актілерде сотқа жүгіну құқығы, істің тәуелсіз және бейтарап сотта қаралуы, тараптардың теңдігі және әділ сот талқылауы сияқты маңызды кепілдіктер көзделген.
Халықаралық шарттардың талаптарын сақтау ең алдымен адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс. Сот процесіне қатысушылардың барлығына заң алдында тең жағдай жасау, олардың өз ұстанымын еркін білдіруіне мүмкіндік беру, дәлелдемелерін ұсыну және оларды зерттеуге қатысу құқықтарын қамтамасыз ету – әділ сот төрелігінің негізгі элементтері.
Сонымен қатар халықаралық шарттарды орындаудың маңызды қағидаты – қабылданған міндеттемелерді адал орындау. Мемлекет халықаралық шартқа қосылған немесе оны ратификациялаған жағдайда, оның талаптарын орындауға міндеттеме алады. Бұл қағида халықаралық құқықтағы pacta sunt servanda – «шарттар орындалуға тиіс» деген жалпыға танылған ұстаныммен байланысты.
Сот жүйесінде халықаралық шарттардың талаптарын дұрыс қолдану құқық қолдану тәжірибесінің сапасын арттырады. Әсіресе адам құқықтарына қатысты істерде халықаралық стандарттарды ескеру сот шешімдерінің негізділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Әділ сот төрелігі – тек сот шешімін қабылдау ғана емес. Ол – істің жан-жақты, толық және объективті қаралуы, тараптардың құқықтарының сақталуы, соттың тәуелсіздігі мен бейтараптығы және қабылданған шешімнің заң талаптарына сәйкес болуы.
Осыған байланысты халықаралық шарттардың талаптарын сақтау сот органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Халықаралық міндеттемелерді орындау арқылы мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша құқықтық кепілдіктерін қалыптастырады.
Қорытындылай келе, халықаралық шарттар мен олардың талаптарын сақтау – құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және әділ сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды негіздерінің бірі. Ұлттық заңнама мен халықаралық құқық нормаларының үйлесімді қолданылуы азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, олардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан халықаралық міндеттемелерді сақтау – тек заң талабы емес, әділдік пен құқық үстемдігін қамтамасыз етудің басты қағидаттарының бірі.
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының
жетекші маманы А.Жұмашева


