Қазіргі таңда қоғам мемлекеттік қызметшілерден тек кәсіби біліктілік пен өз міндеттерін сапалы орындауды ғана емес, сонымен қатар жоғары моральдық жауапкершілікті, адалдықты және мінсіз мінез-құлықты талап етеді. Себебі мемлекеттік қызметші — мемлекеттің атынан азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасайтын тұлға. Оның әрбір сөзі мен әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне, ең бастысы, халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді.
Мен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі ретінде осы кеңес қызметі туралы айтқым келеді.
Әдеп жөніндегі кеңес – мемлекеттік қызметшілердің тәртібін ғана бақылайтын құрылым емес. Бұл – мемлекеттік қызметтегі әдеп қағидаттарын нығайтуға, қызметтік тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған алқалы орган. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшіні жазалау емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың себептері мен жағдайларын анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу.
Кеңес отырыстарында мемлекеттік органдарда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері қаралады, Әдеп жөніндегі уәкілдердің және тәртіптік комиссиялардың жұмысына талдау жасалады. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының сақталуына байланысты мәселелер зерделенеді. Қажет болған жағдайда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуына қатысты тәртіптік істер де қаралады.
Кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдап, қажетті құжаттар мен материалдарды сұрата алады, тиісті түсініктемелерді қарастырады.
Мұндай кезде әрбір жағдайға жеке көзқарас қажет. Өйткені кез келген тәртіптік теріс қылықтың артында нақты адам, нақты жағдай және нақты себептер тұрады. Сондықтан мәселені тек «кім кінәлі?» деген тұрғыдан қарау жеткіліксіз. «Бұл жағдай не себепті орын алды және оны болашақта қалай болдырмауға болады?» деген сұрақтар назарға алынуы тиіс.
Әдеп жөніндегі кеңес – жазалаушы орган емес, кеңестің басты күші — жан-жақты талдауда, объективті бағалауда және алдын алу сипатындағы ұсынымдарда.
Кеңес құрамының да ерекшелігі бар. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер және басқа да азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Бұл – кеңес жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Әртүрлі сала өкілдерінің болуы мәселеге жан-жақты қарауға, мемлекеттік қызметтегі проблемаларға қоғамның көзқарасын ескеруге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы кеңестің 7 отырысы өткізіліп, профилактикалық мәселелер мен тәртіптік істер қаралды.
Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметтегі әдеп мәселесі тек жұмыс орнындағы қарым-қатынаспен шектелмейді. Мемлекеттік қызметші қызметтен тыс уақытта да өзінің мәртебесіне сай мінез-құлық танытуы қажет. Себебі азамат мемлекеттік қызметшінің жеке басын оның қызмет атқаратын мемлекеттік органынан бөлек қарамауы мүмкін.
Кейде бір ғана дөрекі сөз, азаматқа немқұрайлы қарау, әлеуметтік желідегі орынсыз пікір немесе қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдалануға ұмтылу мемлекеттік қызметшінің ғана емес, тұтас мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіруі ықтимал.
Сондықтан мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті жауапкершілікті талап етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі де айрықша маңызға ие. Олар мемлекеттік қызметшілерге әдеп талаптарын түсіндірумен қатар, қызметтік қарым-қатынаста туындайтын мәселелердің алдын алуға, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңес беруге ықпал етеді.
Біздің қоғамда мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптың жоғары болуы заңды. Өйткені халықтың мемлекетке деген сенімі көбіне мемлекеттік органда жұмыс істейтін адамның қарым-қатынасынан қалыптасады.
Мен үшін Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі болу – үлкен жауапкершілік. Әрбір қаралған мәселе, әрбір айтылған ұсыныс пен қабылданған шешімнің артында мемлекеттік қызметтің беделі мен азаматтардың сенімі тұр. Сондықтан Кеңес мүшелері ретінде біз кез келген мәселені формалды түрде қарауға жол бермейміз.
Мемлекеттік қызметші үшін қызметтік әдеп – міндетті талап қана емес, халық алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Ал Әдеп жөніндегі кеңестің міндеті – осы мәдениетті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мемлекеттік қызметте адалдық пен әділдік қағидаттарының орнығуына ықпал ету.
Р.Танишпеков ,
Қарағанды облысындағы
Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, Қарағанды облысы
Қоғамдық кеңесінің тұрақты
комиссиясының төрағасы


