Сот шешімін тараптарға түсіндіру маңызды

Сот шешімін тараптарға түсіндіру – сот төрелігінің маңызды құрамдас бөлігі. Сот актісі заң талаптарына сай қабылданумен ғана шектелмейді. Оның мазмұны іске қатысушылар үшін түсінікті болуы, қабылданған шешімнің қандай дәлелдерге және құқықтық нормаларға негізделгенін тараптар анық ұғына алуы қажет. Тек осындай жағдайда ғана сот төрелігінің түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау мен әділдікті қамтамасыз ету жүзеге асады.

Сот шешімінің түсінікті болуы азаматтардың сотқа деген сенімін қалыптастыратын негізгі себептерінің бірі. Сот актісі заң талаптарына сәйкес құқықтық терминдермен жазылады. Бұл оның заңдық сипаты үшін қажет. Бірақ сот шешімін жариялау немесе түсіндіру кезінде әрбір құқықтық тұжырымды күрделі тілмен қайталау міндетті емес. Судьяның міндеті қабылданған шешімнің мәнін тарапқа ұғындыру, оның құқықтық салдарын түсіндіру және процестік құқықтарын жүзеге асыруына қажетті ақпаратты жеткізу болып табылады. Сонымен қатар тараптардың сот шешімін әртүрлі қабылдайтын жағдайлары кездеседі. Бір тарап өз талабын қанағаттандырғанына қарамастан, шешімнің қандай бөлігінде оның пайдасына қорытынды жасалғанын толық түсінбеуі мүмкін. Екінші тарап өз уәжінің не себепті қабылданбағанын білгісі келеді. Кей жағдайда тарап соттың қорытындысымен емес, сол қорытындыға алып келген себептермен келіспейді. Мұндай кездерде шешімді түсіндірудің маңызы артады. Бұл ретте тарапқа қабылданған шешімнің мәнін, оған негіз болған негізгі мән-жайларды және соттың құқықтық ұстанымын түсінікті түрде жеткізіп, сотқа қойған талаптары мен қарсылықтарының қайсысы ескерілгені, ұсынылған дәлелдемелерге қандай баға берілгені және олардың сот қорытындысына қандай ықпал жасағаны түсіндірілуі маңызды. Тарап сот шешімімен келіспеген жағдайда өзінің процестік құқықтарын білуі керек. Оған сот актісіне шағым жасау тәртібі мен мерзімі, шешімнің заңды күшіне енуі және орындалу тәртібі түсіндіріледі. Бұл ақпарат тараптың әрі қарайғы әрекетін заң талаптарына сәйкес анықтауына мүмкіндік береді. Судья шешімді түсіндірген кезде тарапты өз қорытындысымен келісуге итермелемеуі тиіс. Түсіндірудің мақсаты сот актісін ақтау да, тараптың пікірін өзгерту де емес. Оның мақсаты қабылданған шешімнің мазмұны мен құқықтық негізін нақты жеткізу болып табылады. Шешімді түсіндіру барысында апелляциялық шағым жасау тәртібі мен мерзіміне, сот актісінің заңды күшіне енуіне және оны орындауға байланысты мәселелерге де назар аударылады. Бұл ақпарат тараптың процестік құқықтарын уақтылы жүзеге асыруы үшін қажет.

Түсіндіру тәсілі әр іске және әр тарапқа қарай таңдалуы керек. Сотқа алғаш рет жүгінген азамат пен құқықтық білімі бар маманның сот актісін қабылдауы бірдей болмайды. Кейбір тараптар құқықтық терминдердің мағынасын жақсы түсінеді, ал кейбір азаматтар үшін қарапайым болып көрінетін процессуалдық ұғымдардың өзі түсініксіз болуы мүмкін. Осыны ескере отырып, судья құқықтық терминдерді сақтай отырып, олардың мәнін қарапайым әрі нақты тілмен жеткізгені дұрыс. Бұл заңдық дәлдікті төмендетпейді, керісінше сот актісінің мазмұнын дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсіл азаматтық істердің барлық санатында маңызды. Мүліктік дауда тарап өндірілген соманың мөлшерін ғана емес, оның қандай негізде белгіленгенін түсінуі керек. Еңбек дауы бойынша жұмысқа қайта алу немесе өтемақы өндіру туралы шешімнің салдары анық болуы қажет. Отбасылық дауда алимент төлеу, баламен араласу тәртібі немесе басқа да міндеттер нақты түсіндіріледі. Тұрғын үй, залалды өтеу, шарттық міндеттемелер сияқты дауларда да тарап үшін сот шешімінің нақты салдары басты мәнге ие. мен үшін сот шешімін тараптарға түсіндіру тек процессуалдық рәсім емес, кәсіби жауапкершіліктің бір бөлігі. Сот залында айтылған әрбір сөздің тарап үшін маңызы бар. Кейде азаматтың шешіммен келіспеуінің себебі оның заңды түсінбеуінде емес, соттың неге дәл осындай қорытындыға келгенін толық ұқпауында болады. Осындай жағдайда шешімнің негізгі себептерін анық әрі сабырлы түрде түсіндіру тараптың құқықтық жағдайды дұрыс қабылдауына ықпал етеді.

Менің тәжірибемде шешімді түсіндіру кезінде ең алдымен тарап үшін маңызды мәселелерге тоқталған дұрыс деп есептеймін. Азаматқа қажетсіз құқықтық тұжырымдарды көбейтудің орнына, оның нақты сұрағына жауап беріп, қабылданған шешімнің мәнін ашу тиімді. Бұл орайда бейтараптық сақталып, тараптың шешіммен келісуі талап етілмейді. Оның өз ұстанымында қалуға және заңда көзделген тәртіппен құқықтарын қорғауға толық құқығы бар. Заңды білу мен оны адамға түсіндіре білу бір ұғым емес. Құқықтық тұрғыдан сауатты жазылған шешімнің мазмұны тарапқа түсініксіз болып қалмауы керек. Күрделі құқықтық мәселені заңдық мағынасын жоғалтпай, қарапайым әрі нақты тілмен жеткізу судьяның кәсіби шеберлігін көрсетеді Сондықтан шешімді түсіндірудің басты өлшемі қарапайым: тарап залдан шыққанда не шешілгенін, не себепті осындай қорытындыға келгенін және енді қандай құқықтары мен міндеттері бар екенін түсінуі тиіс. Осындай түсіністік азаматқа өзінің құқықтық жағдайын дұрыс бағалауға, қабылданған актіні орындауға немесе заңда көзделген тәртіппен оған шағым жасауға мүмкіндік береді.

Сот актісін жариялау тек жалаң заң нормаларын оқып шығумен шектелмейтін, тараптардың құқықтық кепілдігін қамтамасыз ететін маңызды процестік кезең болып табылады. Шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін судья қабылданған актінің уәждері мен құқықтық негіздерін іске қатысушы тұлғаларға артық бюрократиялық терминдермен ауырлатпай, ұғынықты әрі қолжетімді тілмен түсіндіруге тиіс. Бұл ретте соттың ішкі нанымына негіз болған басты фактілерге құқықтық баға беріліп, талаптың неліктен толық немесе ішінара қанағаттандырылғаны нақты дәлелдемелермен байланыстырыла отырып жеткізіледі.

Процестік теңдік пен жарыспалылық қағидатын сақтай отырып, шешім өзінің пайдасына шықпаған тараптың да уәждері сот назарынан тыс қалмағаны, алайда олардың заңдық тұрғыда не себепті негізсіз деп танылғаны объективті түрде ашып көрсетілуі қажет. Шешімнің уәжділігі толық түсіндірілгеннен кейін судья оны ерікті түрде орындау тәртібіне тоқталып, орындамаудың заңдық салдары мен алдағы уақытта қолданылуы ықтимал мәжбүрлеу шараларын ескертеді.

Қорытындылай келе, сот шешімін тараптарға дұрыс әрі түсінікті түсіндіру – сот төрелігінің ашықтығын, қолжетімділігін және тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды кепілдік. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сот актілерінің орындалу сапасын жақсартуға және тараптар арасындағы құқықтық даулардың одан әрі туындауының алдын алуға ықпал етеді.

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Н.Өмірбай

Әдеп жөніндегі кеңес: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғам сенімі

Қазіргі таңда қоғам мемлекеттік қызметшілерден тек кәсіби біліктілік пен...

ЕНУ готов к новому учебному году: студентам доступно 7,5 тысячи мест в общежитиях

Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева продолжает прием...

ЕҰУ жаңа оқу жылына дайын: студенттерге жатақханаларда 7,5 мың орын ұсынылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2026–2027 оқу жылына...

Әкімшілік істе қазақ тілінің қолданылуы

Тіл – қай мемлекеттің болсын егемендігі мен тұтастығын айшықтайтын...