2026-2029 жылдары қай салаларда жалақы өседі? Ұлттық экономика министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берді.
Ведомствоның мәліметінше, Үкімет әзірлеген «Халықтың табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарында жалақы деңгейіндегі айырмашылықты азайту, сондай-ақ жекелеген секторларда ең төменгі және орташа еңбекақыны арттыру шаралары қарастырылған.
Атап айтқанда, коммуналдық саладағы электр және жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау ұйымдарының өндірістік персоналының жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы секторлардағы еңбекақы деңгейінің салааралық айырмашылығын қысқарту көзделген.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшылардың табысын арттыру да жоспарға енгізілген. Бұл өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және кооперацияны дамыту есебінен жүзеге асырылмақ, — делінген ресми жауапта.
Бұдан бөлек, өңір әкімдерінің төрағалығымен және ірі өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының қатысуымен әлеуметтік әріптестік шаралары қарастырылған. Оның аясында өндірістік персоналдың жалақысын кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында бекіте отырып, инфляция деңгейінен 2-3 пайызға жоғары мөлшерде арттыру көзделеді.
Сондай-ақ жалақыны көтеру шаралары ірі және орта кәсіпорындарды, сауда желілерін, мемлекеттік және азаматтық қызмет салаларын қамтиды.


