Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік биліктің тармақтарының бірі – сот билігі Конституция талаптарына сәйкес өзінің мәртебелі қызметін ұлтымыздың билер институтында қалыптасқан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бұлжымас қағидаға сүйене отырып атқарады.
Саналы адамзат тарихында сот жүйесінің маңызы да, мәртебесі де орасан зор. Өз тарихымызда сот қызметі көшпелілер өркениетінде теңдесі жоқ құрметке ие болған әйгілі билер мен би кеңестерінен бастау алып, бүгінгі күнге дейін ұлтымыздың киелі өнеге саналып келген Әйтеке би, Қазыбек пен Төле билердің ұстанымдарына лайық дамып, өркендеп отыр.
Еліміз Қазақстан бейбіт жолмен, жан-жақты, қарқынды дамуға бет бұрды, алыс-жақын шет елдермен тығыз экономикалық, саяси, мәдени байланыстар орнап, әлемде өзінің қандай мемлекет екенін көрсетті.
Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынбайтын құл болмайды»,- деп Б.Момышұлы атамыз айтқандай, қандай ел болса да тәртіп сақтау, құқық қорғау, заң мәселесіне үлкен мән береді. Құқықтық, демократиялық мемлекет құрушы біздің еліміз үшін сот билігінің орны ерекше.
Ата заңымыз — Конституцияда көрсетілген биліктің үш тармағынының бірі – сот билігі туралы сөз қозғалғанда ең алдымен еске судьялар келетіні рас. Дегенмен, судьялардың қызметімен тығыз байланысты сот кеңсесінің жұмысы да үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасы мақұлдануына байланысты биылдан бастап 24 маусым – жаңа кәсіби мереке – «Судья және сот қызметкерлері күні» ретінде атап өтіледі.
Сот билігі өз өкілеттігін адам мен адамзаттың құқығы мен бостандығын қорғайтын, Қазақстан Республикасының біртұтас экономикалық және құқық кеңістігі жолында жүзеге асыратын биліктің дербес, тәуелсіз тармағы болып табылады. Осы ретте, мемлекеттік құқық саясатын жүзеге асыру, сот құқықтық реформаны тереңдету, ұлттық құқық жүйесіңн жетілдіру назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде егеменді елміздің сот саласы біртұтас тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты.
Өзге салалармен бірге тәуелсіздік сот саласының да бұғанасының қатып, белінің қатаюына ықпалын тигізді. Мемлекет тарапынан сот саласын дамытуға жасалған қолдау, қамқорлық аз емес. Өйткені елдегі қауіпсіздік, әділдік, туралық ұғымының бәрі сот жұмысының сапасымен өзектес. Азаматтардың сотқа деген сенімінің өзі мемлекеттік билікке деген сенімнің бастауы. Соттың абыройын мемлекетің абыройынан бөліп қарамайтынымыз да сондықтан. Абырой мен сенім мысқалдап жиналады. Ал осы соттың нығаюына 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының ықпалы зор. Бұл заң құқықтық, тәуелсіз мемлекеттегі сот билігі мен судьялардың мәртебесін бекітіп, жауаптылығын арттырудың іргетасын қалады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақсаты – судьялардың адалдығы мен кәсібилігі, әділдік және әділ сотқа қолжетімділік болып саналатын тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі. Судья – тек заңдылықтың үстем болуына жол ашушы ғана емес, ол қоғамдағы қайшылықтарды жоюға, адами қатынастарды үйлестіруге, азаматтардың өмірін сенімді әрі тұрақты етуге жауапты тұлға» деген сөзі тәуелсіз сот қалыптастыруың айнасы, бағдары іспеттес. Тұңғыш Президенттің бұл тұжырымы сот билігіне жүктелген тапсырма ғана емес, үшінші билікті қамшылаудың, жұмысын жандандырудың, халыққа жақындатудың бір тетігі десек қателеспейміз. Сот жүйесін жаңғырту мәселесі Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларынан да шет қалған жоқ. Әр Жолдау — соттағы жаңа бастамаларға жалғасып жатты.
Әсіресе, Президенттің қатысуымен өтетін республика судьяларының съезі тың тапсырма, соны ізденістердің орталығы саналады. Осыған дейін судьялардың 8 съезі өтті. 1996 жылдан бері әр төрт жыл сайын лайықты жалғасып келе жатқан бұл басқосулар да судьялардың өз ойын, өз пікірін ортаға салатын, ортақ мәселені талқылайтын ашық алаңға айналып үлгерді. Отандық заңнамалық базаның толығуы, Алқабилер сотының енгізілуі, тергеу сотының құрылуы, медиация институтының жандануы, мамандандырылған соттардың қызметке кірісуі, жаңа әкімшілік соттардың пайда болуы осы съездерде Мемлекет басшысы берген тапсырманың жемісі.
Егемендік тізгіні қолға тиген кезден бастап, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен мен оның ашықтығына қатысты талай іргелі істер осы Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылып, бұл қадамдар мемлекетіміздің құқықтық демократиялық мәртебесін нығайта түскені рас. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың осы Ақтөбе өңірінен кейін осы жауапты лауазымға тағайындалғанын атап өткен жөн.
Алғашқы губерниялық сот төрағасынан бастап бүгінгі күнде қызметте жүрген Фемида қызметкерлері судья атағын үлкен құрмет пен абыроймен арқалап келеді. Олардың әрқайсысы облысымыздағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосып, өз іздерін қалдырды.
Ақтөбе облысының судьялары мен сот қызметкерлері арасында ар мен заң аясында әділдік орнатып, өз күш – жігерін, бар қайратын, әділдікке арнаған асыл азаматтар жетерлік.
Халқының құқықтық сауаты жоғары Ақтөбе облысының соттары аймақтағы әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін әділдікпен қорғай білуде. Сондықтан болар, Қазақстан Республикасы бұрынғы Жоғарғы Сотының Төрағасы болған Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың (сол кездегі облыстық соттың төрағасы) жаңашылдық бастамасымен сот рәсімдерінің қол жетімді және ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында электрондық құралдардың озық мүмкіндіктерін пайдалану елімізде алғаш рнет тәжірибеге енгізіліп, сот ісін жаңаша жүргізу қадамы Ақтөбеден басталды. Сот пен заң алдында брінің тең болуы, сот ісін жүргізудегі жариялылық, тараптардың дәлеледерді еркін пайдалануы; кінәсіздік презумпциясы сияқты арнайы қағидалар арқылы сот билігін неғұрлым ашық түрде жүзеге асрудың мүмкіндіктері жасалды.
Еліміздегі сот органдары бүгінгі таңда жоғары даму кезеңіне көтерілді. Сот әділдігінің ашық әрі қол жетімді болуы үшін көптеген ауқымды істер жүзеге асып, халықаралық талаптарға сай отандық сот жүйесі Елбасы белгілеп берген бағдармен одан әрі өркендеп келеді.
Судьялар заман талаптарына сай өзгертіліп, толықтырылып отыратын заңнамаларды мұқият зерделеп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін жоғарғы деңгейде қорғауды мұрат тұтады. Кәсіби біліктілікпен қатар, судьяның адамгершілік тұрғыдағы қаисеттеріне де талап күшейтіліп, оның мәртебесі мен абыройы өсті.
Егемендік есейткен саладағы оң өзгерістер заманауи технологияның көмегімен қарыштап дамуда. Бұрын іс материалдарының судьяларға автоматты түрде бөлінуін, арыз-шағымдардың «Сот кабинеті» арқылы қашықтықтан қабылдануын, сот отырыстарының дыбыс-бейне жазу құрылғыларына жазылуын, куәлардың шетелде жүріп сот отырысына қатысуын таңсық көретін жұртшылық соттардың жаңа технологияны қаншалықты жетік меңгергеніне карантин кезінде әбден көз жеткізді. Электрондық қызмет игілігінің арқасында сот саласының қызметі бір сәт те тоқтамады. Мұндай заманауи қадамдар алдағы уақытта да жалғаса береді. Ең бастысы, тәуелсіз соттың тірегі болар тәуелсіз еліміз бағытынан айнымай, бағдарынан жаңылмай өркениеттің көшіне ілесе берсін !
Сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік басқару билігінде алатын орны ерекше.
Бекмырза Әлиұлы Кенесов
Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының соттар әкімшісінің басшының орынбасары


