Алматы облысында жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтуды арттыру бағытында медициналық ұйымдарда халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Бүгінде вакцинамен басқарылатын бірқатар жұқпалы аурулардың тіркелуі уақытылы екпе алудың маңызын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Облыста Балқаш ауданы вакцинация көрсеткіштері бойынша оң нәтижесімен ерекшеленіп отыр.
2026 жылдың 7 айында ауданда перзентханада БЦЖ вакцинациясымен қамту 86,5%, ВВГ бойынша 89,5%-ды құрады. Бір жастағы балалар арасында ҚҚП-1 – 57,5%, алты жастағы балаларда ҚҚП-2 – 60,6%, АбКДС-5 – 49,6%-ға жетті. Бірқатар көрсеткіштерде жыл басымен салыстырғанда оң динамика байқалады.
Балқаш аудандық ауруханасының директоры Раушан Азимкулова вакцинацияның маңыздылығына тоқталды:
«Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Сондықтан ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпеден қалып қойған балаларды анықтап, оларды вакцинацияға тартуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Халықтың сұрақтарына жауап беріп, вакцинацияның пайдасы мен қауіпсіздігі туралы дұрыс ақпарат жеткізу – медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі».
Алматы облысында 2026 жылдың алғашқы 6 айында жоспарлы профилактикалық екпелермен 120 471 адам қамтылуға тиіс. Бұл ретте облыста медициналық ұйымдарға халықпен ақпараттық жұмысты одан әрі күшейту, ата-аналардың сұрақтарына білікті мамандар арқылы жауап беру және вакцинациядан бас тартудың алдын алу бойынша нақты міндеттер қойылуда.
Вакцинация – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шара. Уақытылы алынған екпе жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.


