Мектеп рюкзагын таңдағанда ата-аналар неге мән беруі керек? ДСМ жауап берді 

Жаңа оқу жылы қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдау және оның салмағын бақылау жөнінде кеңес берді.

Мамандардың айтуынша, рюкзак таңдағанда оның дизайны мен сыйымдылығынан бұрын баланың бойына сәйкестігіне, арқасына ыңғайлы орналасуына және иыққа түсетін жүктеменің біркелкі бөлінуіне мән берген жөн.

Рюкзактың салмағы қанша болуы керек?

ҚР Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен белгіленген талаптарға сәйкес, оқушының күнделікті оқу құралдарының ұсынылатын салмағы жасына қарай мынадай:

  • 1-3 сынып оқушылары үшін – 2 килограмға дейін;
  • 4-5 сынып оқушылары үшін – 2,5 килограмға дейін;
  • 6-7 сынып оқушылары үшін – 3,5 килограмға дейін;
  • 8-11 сынып оқушылары үшін – 4,5 килограмға дейін.

Бұл көрсеткіштер оқу құралдарының салмағына қатысты және рюкзактың өзін қамтымайды.

Сонымен қатар мамандар оқулықтар мен басқа да оқу құралдары салынған рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспауын ұсынады. Мысалы, баланың салмағы 30 келі болса, толық жиналған рюкзактың салмағы 3 келіден аспағаны жөн.

Рюкзак таңдағанда неге мән берген дұрыс?

Денсаулық сақтау министрлігі рюкзакты баламен бірге таңдап, сатып алар алдында оны арқасына салып көруге кеңес береді.

Мына талаптарға назар аударған жөн:

  • жүктемені біркелкі бөлетін кең әрі жұмсақ иықбаулар;
  • арқаның дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін тығыз арқа бөлігі;
  • иықбаулардың ұзындығын реттеу мүмкіндігі;
  • қараңғы уақытта баланың жолдағы көрінуін арттыратын жарық шағылыстыратын элементтер;
  • берік әрі су өткізбейтін материал.

Рюкзактың өз салмағын да ескеру маңызды. Ол неғұрлым жеңіл болса, балаға түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады. Мамандар бос рюкзактың салмағы 1 килограмнан аспауын ұсынады.

Сонымен қатар рюкзак балаға тым үлкен болмауы және белінен айтарлықтай төмен түспеуі тиіс.

Артық заттарды рюкзакқа салмаған жөн

Рюкзактың ауырлап кетуіне қажетсіз заттар да себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға оның ішін үнемі тексеріп, сабаққа қажет емес ойыншықтар, артық дәптерлер, кітаптар мен басқа да заттарды алып тастау ұсынылады.

Баланы рюкзакты екі иығына қатар асып жүруге үйреткен дұрыс. Бұл жүктеменің біркелкі бөлінуіне мүмкіндік береді.

Егер мектепте мүмкіндік болса, оқулықтар мен оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады.

Мамандардың айтуынша, мектепке шығар алдында рюкзакты тексеруге бірнеше минут жеткілікті. Артық заттарды алып тастап, иықбауларын реттеп, сөмкенің салмағын бақылау қажет.

Негізгі қағида – рюкзак баланың бойына сай әрі ыңғайлы болуы, ал толық жиналған кездегі салмағы оның дене салмағының 10%-ынан аспауы керек.

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өсті: ХЕҰ негізгі себептерді атады 

ХЕҰ мәліметінше, 2025 жылы 15-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жаһандық жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ға жеткен

Алматыда LRT құрылысына дайындық басталды: Ол қашан іске қосылады? 

Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізілуде.

Тамыздан бастап мерекелік төлемдерді ЖИ тағайындайды 

Еңбек министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруды күшейтіп, бір өтініш арқылы қызмет алуға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны барлық өңірде іске қосты.

Президент кәсіби спортшы Шавкат Рахмоновқа көңіл айту жеделхатын жолдады 

Мемлекет басшысы кәсіби спортшы, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

Дрондар жол ережесін бұзғандарды анықтайды: Қазақстан жолдарында бақылау күшейтілді 

Полиция жолдағы тәртіпті дрондар, мобильді кешендер және орташа жылдамдықты анықтау жүйелері арқылы бақылайды.