Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Президент құттықтауында ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің асыл қазынасынан айрықша орын алатынын атап өтті.
«Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Абайдың «Толық адам» идеясының бүгінгі қоғам үшін де маңызын атап өтті.
«Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Абай күні еліміздегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл кезең Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды кезең болмақ.
Президент елдегі жаңғыру үдерісінің түпкі мақсаты азаматтардың санасына жасампаздық құндылықтарын сіңіріп, Қазақстанның дамуына жаңа серпін беру екенін айтты.
«Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлы ақынның білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік, бірлік пен келісім туралы өсиеттері қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен үндесетінін атап өтті.
«Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасы өскелең ұрпақты отаншылдық пен туған елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуде маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.
Президент құттықтауын барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тілеп, «Абай күні құтты болсын!» деген ізгі тілегімен аяқтады.


