Қазақстан Түркі тау шаңғы курорттары одағына төрағалық етеді. Алдағы екі жылға Одақтың төрағасы болып Shymbulak тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов сайланды. Бұл шешім Өзбекстандағы Amirsoy тау шаңғы курортында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қолдауымен өткен Одақтың II саммитінде қабылданды.
Одақ жарғысына сәйкес төрағалық ресми түрде Әзербайжаннан Қазақстанға өтті.
«Алдағы екі жыл бойы Қазақстан Одаққа төрағалық етеді. Бұл – әріптестікті нығайтуға, бірлескен бастамаларды дамытуға және елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған үлкен жауапкершілік. Одақ төрағасы болып сайлану – зор мәртебе. Маған сенім білдірген әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында маңызды жобаларды жүзеге асырып, курорттар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердегі тау туризмінің дамуына елеулі үлес қоса алатынымызға сенімдімін», – деді Ринат Абдрахманов.
Түркі тау шаңғы курорттары одағының II саммиті «Шыңдардан өркендеуге: түркі мемлекеттеріндегі тау және тау шаңғы курорттарын бірлесіп дамыту және оларды жаһандық туризм жүйесіне интеграциялау» тақырыбы аясында өтті.
Іс-шараға тау және тау шаңғы курорттарының басшылары, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Түркияның мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Саммит барысында қатысушылар курорттар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен туристік өнімдерді әзірлеу, жазғы тау туризмін ілгерілету, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, кадрлар даярлау, сондай-ақ саланы климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда Одаққа Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Түркиядағы тоғыз тау және тау шаңғы курорттар кіреді.
Ұйым 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен құрылды. Оның негізгі мақсаты – ұйымға мүше елдердің курорттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту және түркі өңірін тау және қысқы туризмнің біртұтас халықаралық бағыты ретінде ілгерілету.
Суретте (солдан оңға қарай): Shahdag тау курорты басқарма төрағасы Рустам Наджафов, Shymbulak тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов, Amirsoy тау курортының бас директоры Рустамжон Раимжонов.Shymbulak курортының коммуникация департаменті


