Бүгінде сот төрелігінің негізгі мақсаты тек сот шешімін шығару ғана емес. Ең бастысы – азаматтардың құқықтарын тиімді қорғап, тараптардың өзара түсіністікке келуіне ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда медиация институты Қазақстан Республикасының сот жүйесінде ерекше маңызға ие болып отыр. Медиация тараптарға дауды тек аяқтап қана қоймай, өзара сыйластық пен сенімге негізделген келісімге келуге мүмкіндік береді.
Медиация – бұл тәуелсіз әрі бейтарап медиатордың қатысуымен дауды реттеу рәсімі. Медиатордың міндеті кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтау емес, керісінше тараптардың ашық диалог құруына жағдай жасап, екі жаққа да тиімді шешімге келуге көмектесу.
Сот талқылауынан айырмашылығы, медиация барысында түпкілікті шешімді тараптардың өздері қабылдайды. Олар келісімнің барлық талаптарын өзара талқылап, өз еріктерімен бекітеді. Сондықтан мұндай келісімдердің орындалу деңгейі де жоғары болады. Ең бастысы – тараптар арасындағы адамгершілік және іскерлік қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік туады.
Медиация әсіресе отбасылық, еңбек, азаматтық және басқа да құқықтық дауларды шешуде тиімділігін көрсетіп келеді. Себебі дау аяқталғаннан кейін адамдардың қарым-қатынасы жалғаса береді. Ата-аналар балаларын бірге тәрбиелейді, туыстар туыстық байланысын сақтайды, кәсіпкерлер серіктестігін жалғастырады, ал көршілер бұрынғыдай қатар өмір сүреді. Осындай жағдайда тек дауды шешіп қана қоймай, өзара құрметті сақтап қалудың маңызы зор.
Медиацияның басты артықшылықтарының бірі – уақытты үнемдеу. Сот ісін қарау белгілі бір процессуалдық мерзімдерді талап етсе, медиация рәсімі дауды әлдеқайда қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар артық эмоциялық күйзелістен арылып, мәселені сабырлы әрі сындарлы жағдайда талқылай алады.
Медиацияның тағы бір маңызды қағидаты – құпиялылық. Келіссөздер барысында айтылған мәліметтер тараптардың келісімінсіз жария етілмейді. Бұл азаматтардың өз ұстанымдарын ашық айтып, мәселені өзара түсіністік негізінде шешуіне қолайлы жағдай жасайды.
Қазақстан Республикасында медиация институтын дамыту – сот жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Соттар азаматтарға дауды татуласу арқылы шешудің артықшылықтарын тұрақты түрде түсіндіріп келеді. Өйткені сот төрелігінің басты мақсаты тек заңды шешім қабылдау ғана емес, азаматтардың бұзылған құқықтарын тиімді қалпына келтіру және қоғамдағы келісім мәдениетін нығайту болып табылады.
Әрине, кез келген дауды медиация арқылы шешу мүмкін бола бермейді. Егер тараптар келісімге келе алмаса, олардың сотқа жүгіну құқығы толық сақталады. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, көптеген жағдайда ашық әрі сындарлы диалог екі тараптың да мүддесін ескеретін тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Медиация – бұл өз құқығынан бас тарту немесе әлсіздік таныту емес. Керісінше, ол құқықтық мәдениеттің, өзара сыйластықтың және өркениетті қоғамның белгісі. Дауды тек жеңіске жету мақсатында емес, өзара келісім арқылы шешуге ұмтылу – қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады.
Бабаларымыз «Дау мұрат емес, бітім мұрат» деген. Осы даналық сөз медиацияның мәнін дәл ашады. Өйткені медиацияның басты құндылығы – дауды шешумен қатар адамдар арасындағы сыйластықты сақтап, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту.
Лия Макулбекова
Астана қаласының азаматтық


