Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына енгізілген өзгерістер сот актілерін орындау рәсімін жетілдіруге бағытталған маңызды жаңашылдықтардың бірі болды.
2026 жылғы 24 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабының 4-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Аталған өзгеріске сәйкес, бірінші сатыдағы сот атқару құжатын шешім заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап бұрынғыдай үш тәулік ішінде емес, бес жұмыс күні ішінде орындауға жолданады.
Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – атқару құжаттарын сапалы әрі заң талаптарына толық сәйкес ресімдеуге мүмкіндік беру. Атқару құжаттарын дайындау барысында олардың мазмұны тексеріліп, қажетті деректемелері толық рәсімделеді. Бұл сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға және атқарушылық іс жүргізу барысында туындауы мүмкін техникалық қателіктердің алдын алуға ықпал етеді.
Заңнамадағы мұндай өзгерістер сот төрелігінің тиімділігін арттыруға, сот актілерінің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот шешімдерінің толық әрі дұрыс орындалуы ерекше маңызға ие.
————-
Сот актілерінің уақытылы әрі сапалы орындалуы – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 11-бабына сәйкес, жекелеген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжаттар сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күнінен соң мәжбүрлеп орындатуға ұсынылады.
Бұл өзгеріс соттарға атқару құжаттарын заң талаптарына сәйкес мұқият ресімдеуге, олардың дұрыстығын тексеруге және орындауға сапалы түрде жолдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде құжат айналымының сапасы артып, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігі күшейеді.
Сонымен қатар, заңда дереу орындалуға тиіс сот актілері бойынша ерекше тәртіп сақталған. Мұндай жағдайларда атқару құжаттары заңда белгіленген қысқартылған мерзімде орындалуға жіберіледі.
Заңнаманы жетілдіруге бағытталған бұл өзгерістер сот шешімдерінің орындалу сапасын арттыруға және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға ықпал етеді.
Айділдаева А.Ә.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының бас маман — сот отырысы хатшысы


