Конституция – мемлекеттің құқықтық жүйесінің өзегі, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты заң. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, мемлекеттік биліктің қызметін құқықтық арнаға бағыттайды. Сондықтан Конституцияның жаңаруы – қоғамның өзгерістерге бейімделуінің және құқықтық мемлекетті одан әрі дамытудың маңызды көрінісі.
Судья ретінде Конституцияның күнделікті сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызын ерекше атап өткім келеді. Әрбір сот шешімі заңға ғана емес, ең алдымен Конституцияда бекітілген қағидаттарға сүйеніп қабылданады. Заң үстемдігі, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, соттың тәуелсіздігі және әділдік қағидаттары – сот қызметінің басты бағдары.
Конституциялық реформалар елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі болды. Олар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтарының теңгерімін нығайтуға, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталды. Бұл өзгерістер құқықтық мемлекеттің негіздерін одан әрі бекітіп, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Жаңартылған Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – адам құқықтары мен заң үстемдігіне басымдық берілуі. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері қалыптасып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен ашықтығы күшейтілді. Бұл – әрбір азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Сот жүйесі үшін де бұл өзгерістердің мәні зор. Судьялардың тәуелсіздігі мен бейтараптығы әділ сот төрелігінің басты кепілі болып қала береді. Конституцияда бекітілген қағидаттар соттардың заңды дұрыс қолдануына, азаматтардың бұзылған құқықтарын тиімді қорғауына және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуына мүмкіндік береді.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, Конституция талаптарын құрметтеген жағдайда ғана заң үстемдігі толық жүзеге асады. Конституцияны құрметтеу – елдің тұрақтылығы мен бірлігінің, өркендеуі мен болашағының кепілі.
Қорытындылай келе, жаңартылған Конституция – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің құқықтық іргетасы. Ол әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтарын сенімді қорғауға және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Судья ретінде біздің басты міндетіміз – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, әрбір сот ісінде заң мен әділдік қағидаттарын басшылыққа алу. Сонда ғана азаматтардың сотқа деген сенімі артып, елімізде заң үстемдігі берік орнығады.
Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы Жазира Әбдіғалиқызы Бейсенбина


