Еңбекпен қамту – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Халықты тұрақты жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Тұрақты жұмыс – азаматтардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ел экономикасының тұрақты дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңірлердің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал етеді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Президент 2022 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңір әкімдеріне әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құруды тапсырған болатын. Бұл бастаманың басты мақсаты – халықтың тұрақты табыс табуына жағдай жасау, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа өндірістер мен инвестициялық жобалар арқылы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру. Бүгінде бастама еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, өндіріс орындарын іске қосу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында нақты жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау, азаматтарды қайта оқыту және кәсіптік бағдар беру шараларына да басымдық беріліп келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 50,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылса, 48,3 мың адам электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасқан. Ал 40 мың азамат Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамту саясаты тек жұмыс орындарын ашумен ғана шектелмейді. Мемлекет азаматтардың жаңа мамандықтарды игеруіне және еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне де жағдай жасап келеді. Биыл онлайн оқыту курстарына мыңдаған жұмыссыз азамат қатысып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды. Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғасып, өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетілуде.
Еңбек нарығын дамытуда цифрлық технологиялардың да маңызы артып келеді. Бүгінде электрондық еңбек биржасы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің арасындағы байланысты жеңілдететін тиімді платформаға айналды. Жүйеге енгізілген жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көмекші азаматтардың білімі мен еңбек тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындарын және оқыту курстарын автоматты түрде ұсынады. Бұл мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, жұмысқа орналасу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, халықтың әртүрлі санатын жұмыспен қамтуға бағытталған Жастар тәжірибесі, Алғашқы жұмыс орны, Күміс жас, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар секілді бағдарламалар іске асырылып келеді. Бұл жобалар еңбек өтілі жоқ жастардың тәжірибе жинақтауына, зейнет жасына жақындаған азаматтардың еңбек қызметін жалғастыруына және жұмыссыз жүрген азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Жаңа жұмыс орындарын құру өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырумен қатар, халықтың табысын көбейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан, бүгінгі таңда еңбек нарығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту жұмыстары өзара сабақтас жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа өндірістердің ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, соның нәтижесінде қосымша жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда.
Мауленбай Аружан


