Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәселесі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданылу аясын кеңейту және ресми ортада кеңінен пайдалану – еліміздің маңызды бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан мемлекеттік органдарда іс жүргізудің, құжат айналымының және азаматтармен қарым-қатынастың мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы заң талаптарына толық сай болуы қажет. Бұл – мемлекеттік тілдің беделін арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлікті нығайтудың маңызды тетігі.
Мемлекеттік тілді дамыту тек заң талаптарын орындаумен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен, әрбір мемлекеттік қызметші қазақ тілін еркін меңгеріп, оны күнделікті қызметінде сауатты қолдануға ұмтылғаны жөн. Себебі ресми ортадағы тіл мәдениеті мемлекеттік қызметтің сапасына да тікелей әсер етеді.
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысының айнасы. Ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары тілдің байлығы мен көркемдігін айқын көрсетеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мүмкіндігін толық пайдалану арқылы оның қоғамдағы беделін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бүгінде мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат әзірлеу, ресми хат алмасу және халыққа қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Әсіресе ресми ортада қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазу мәдениетін қалыптастыру уақыт талабы.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі – мемлекет мәртебесі. Сондықтан қазақ тілінің ресми ортадағы қолданысын арттыруға әрқайсымыз жауапкершілікпен қарап, оның дамуына өз үлесімізді қосқанымыз абзал.
Ақерке ИСАЕВА,
Шалқар аудандық сотының жетекші маманы.


