Медиация институтына – 15 жыл

Сот – ақ пен қараны анықтап, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын мәртебелі орган. Құқықтық, зайырлы мемлекеттерде даулардың сот алаңында шешілуі қалыпты, қажетті үрдіс.

         Алайда, кез келген мәселені төрелік алаңында, сот арқылы шешудің де теріс әсері аз емес. Ең алдымен даусыз, өзара келісіммен реттеуге де болатын істерді сотта қарау судьялардың жүктемесін көбейтеді. Жүктеменің жоғары болуы қателіктердің орын алуына жанама әсер ететін фактор. Әрі күні бойы іс қарап, сот актілерін жазған судьялардың кәсіби тұрғыдан ізденуіне, тәжірибесін шыңдауына мүмкіндігі аз. Сонымен бірге жоғары жүктеме судьялардың өзіне, отбасына көңіл бөлуін шектейді.

         Істердің сотта қаралуы тараптарға да бірқатар қиындық әкеледі. Әсіресе бүгінгідей нарықтық заманда сот отырыстарына қайта-қайта келу, жұмыстан жиі сұрану, күнделікті кететін жол шығыны, заңгер кеңесіне берілетін қаламақы қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Уақыт тұрғысынан, сыйластық жағынан да кемшін тұсы көп. Өйткені, сот процестеріне келіп, қатысу көп уақытты алады. Өз жұмысын жандандырып, табысын еселейтін сәтте азаматтардың сот алаңында жүруі кәсіби тұрғыдан өсуге айтарлықтай кедергі. Ең қиыны соттасу екі тараптың да сыйластығына сызат түсіреді. Өзінің уәжін дұрыс деп, өз сөзін дәлелдегісі келген тараптардың ашумен бет жыртысып, бір-бірінің кемшілігін теріп, құйтырқы әрекеттерге баратынын көзіміз көріп жүр.

         Осы тұрғыдан алғанда дауларды соттан тыс медиация арқылы шешудің пайдалы тұсы аз емес. «Медиация туралы» заң 2011 жылы қабылданғанымен, дауларды өзара келісіммен, ортақ мәмілемен шешу қазақтың ежелгі құқықтық заңдарының өзінде қарастырылған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы секілді дала заңдарының қай-қайсысын алсаңыз да құқықтық мәселені бітіммен реттеуге басты назар аударылған. Биыл қолданысқа енгізілгеніне 15 жыл толып отырған «Медиация туралы» заңның да елімізге тигізген пайдасы ұшан-теңіз.

         Осы заңның қабылдануымен елімізде медиаторлардың мықты шоғыры қалыптасты. Бұрын елдегі зиялы қауым, қоғам қайраткерлері медиаторлыққа тартылса, қазір олардың орнын кәсіби медиаторлар басты. Сонымен бірге бүгінде медиаторларды кәсіби тұрғыдан оқытып, тәжірибесін шыңдап, қос тарапқа заңдық, психологиялық көмек көрсететін білікті маман ретінде қалыптастыратын оқу курстары да баршылық. Осы курстарда жыл сайын білім алып, тәжірибеге араласып жатқан медиаторлардың көмегімен бітімге келген азаматтардың да қатары қалың. Бұл тәжірибені әрі қарай нығайту үшін белсенді медиаторларды дәріптеп, олардың көмегімен бейбіт шешілген дауларды көпшілікке таныстырып, медиацияның тиімді тұстарын әлі де насихаттай түсу маңызды болып отыр.

Сотқа ісі түспеген азаматтар медиацияның не екенін, медиатордың қандай міндет атқаратынын білмеуі мүмкін. Ал шын мәнінде медиацияның артықшылығы өте көп. Ең алдымен медиация – ерікті келісім. Тараптар медиаторды да өз қалауларымен таңдайды, сонымен бірге даудың негізгі шарттары мен талаптарын өзара ақылдаса отырып, өздері қалыптастырады.

Елімізде сотта қаралған істердің көпшілігі ашық қаралады. Ал медиацияда медиатор даудағы барлық ньюанстарды, құпияны сақтауға міндетті. Өзіне, отбасына қатысты мәліметтердің таралып кетпеуін қалағандар да медиацияны таңдаудан ұтылмайды. Келіссөздер барысында тараптардың құқықтық мүмкіндіктерінің тең болуы, ортақ келісімге келгендіктен тараптардың өзіне алған міндеттемені дер кезінде, еш қиындықсыз орындауы да медиацияның артықшылығы. Ал сот актілерінің көп жағдайда орындалмай орта жолда қалатыны әлі күнге шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе.

Сондықтан он бес жылдық тарихы бар «Медиация туралы» заңды ғана емес, медиацияның тиімділігін, медиаторлардың пайдасын үнемі айтып, жазып, насихаттап отырудың халыққа көмегі көп болары анық.

Д.Әлмағамбетов,

Алматы қаласы

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Ортақ меншікті бөлу тәртібіне өзгеріс енгізілді

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы...

Системная модернизация

ИЗВЕСТНО, ЧТО СРЕДИ КЛЮЧЕВЫХ НАПРАВЛЕНИЙ РАЗВИТИЯ СТРАНЫ ГЛАВА ГОСУДАРСТВА...

AI-проекты: решение реальных задач

ВТОРОЙ ЭТАП ПРОГРАММЫ AI-SANA – ОДНОЙ ИЗ КЛЮЧЕВЫХ ИНИЦИАТИВ,...

Казахстан и Марокко: стратегическое партнерство 

ДВУСТОРОННИЕ ОТНОШЕНИЯ МЕЖДУ КАЗАХСТАНОМ И МАРОККО ВЫХОДЯТ НА ПРИНЦИПИАЛЬНО...

Психология вора-домушника: почему выбирают вашу квартиру?

КОГДА РЕЧЬ ЗАХОДИТ О КВАРТИРНЫХ КРАЖАХ, МНОГИЕ ПРЕДСТАВЛЯЮТ СЕБЕ...