Сот жүйесінің тиімділігі, ең алдымен, судьялардың кәсіби біліктілігіне, қабылданатын сот актілерінің сапасына және қоғамның сот төрелігіне деген сенім деңгейіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, тәлімгерлік институтының маңызы ерекше. Ол жаңадан тағайындалған судьялардың кәсіби қалыптасуын қамтамасыз ететін, сот қызметіндегі озық дәстүрлердің сабақтастығын сақтайтын әрі судьялар корпусының жоғары құқықтық мәдениетін нығайтатын маңызды тетік болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында тәлімгерлік институты егжей-тегжейлі реттелмегенімен, оның қажеттілігі судьяның тәуелсіздігі қағидатынан, оның кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптардан және Судья әдебі кодексінің нормаларын сақтау міндетінен туындайды. Сондықтан тәлімгерлікті дамыту сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге және сот билігінің беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Судья лауазымына тағайындалу – заңгердің кәсіби өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Теориялық білімі мен еңбек тәжірибесі қаншалықты мол болғанымен, жас судья адамның құқықтары мен бостандықтарын, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған аса жауапты міндетті өз мойнына алады. Осындай кезеңде тәжірибелі әріптестің қолдауы мен бағыт-бағдары ерекше маңызға ие болады.
Тәлімгерлік – бұл тек тәжірибе алмасу немесе кәсіби дағдыларды үйрету ғана емес. Бұл – материалдық нормаларды дұрыс қолдануға, істің мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге, дәлелдемелерді әділ бағалауға және сот актілерін сапалы әрі негізді әзірлеуге бағытталған судьяның кәсіби құқықтық ойлау қабілетін қалыптастыратын жүйелі үдеріс.
Тәлімгерлік аясында күрделі құқықтық мәселелерді бірлесіп талқылау, заңнамадағы өзгерістерді зерделеу, өзекті сот практикасын талдау және құқық қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру маңызды орын алады. Сонымен қатар сот актілерінің заңдық уәжділігіне, қисынды құрылымына, дәлелдемелерді бағалаудың толықтығына және іс жүргізу заңнамасы талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Мұндай өзара іс-қимыл жас судьяның кәсіби дамуына ғана емес, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
Сонымен бірге тәлімгерлік судьяның тәуелсіздігі қағидатын ешбір жағдайда шектемейді және сот төрелігін жүзеге асыруға араласуды көздемейді. Тәлімгер нақты іс бойынша қандай шешім қабылдануға тиіс екенін айқындамайды, әрі судьяның ішкі нанымына ықпал етпейді. Оның негізгі міндеті – кәсіби бағыт-бағдар беру, тәжірибесімен бөлісу, құқықтық талдау дағдыларын дамыту және жас судьяның заңға және өзінің ішкі нанымына сүйене отырып, заңды, негізді әрі әділ шешімдерді өз бетінше қабылдауына көмек беру.
Тәлімгерліктің тәрбиелік қыры да айрықша мәнге ие. Судья мамандығы терең құқықтық біліммен қатар, мінсіз беделге ие болуды, әділдік пен бейтараптықты, ұстамдылықты, сот процесіне қатысушыларға құрметпен қарауды және жоғары кәсіби мәдениетті талап етеді. Мұндай қасиеттерді тек заңдарды оқып меңгеру арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Олар тәжірибелі судьялардың жеке өнегесі, кәсіби ұстанымы және күнделікті қызметі арқылы қалыптасады.
Тәлімгерлік жалпы сот жүйесінің дамуына да елеулі үлес қосады. Ол жас судьялардың кәсіби бейімделу кезеңін қысқартуға, іс жүргізу барысында орын алуы мүмкін қателіктердің алдын алуға, сот актілерінің сапасын арттыруға, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге және білікті судьялар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді. Кәсіби тәжірибенің ұрпақтан ұрпаққа берілуі отандық сот төрелігінің үздік дәстүрлерін сақтап қана қоймай, сот қызметін одан әрі жетілдіруге де негіз қалайды.
Заңнаманың тұрақты жаңаруы, сот жүйесінің цифрландырылуы және қоғамның сот төрелігінің сапасына қоятын талаптарының артуы жағдайында тәлімгерліктің рөлі бұрынғыдан да арта түсуде. Ол жас судьяны кәсіби қолдаудың тиімді құралы ғана емес, сонымен қатар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және әділ сот төрелігін жүзеге асыруға бағытталған сот жүйесінің тұрақты дамуының маңызды кепілі болып табылады.
Бүгінде тәлімгерлікті тәжірибелі судьяның формальды міндеті ретінде емес, сот жүйесі мен қоғам алдындағы жоғары кәсіби жауапкершілігінің көрінісі ретінде қарастыру қажет. Білімі мен тәжірибесін, сот төрелігінің үздік дәстүрлерін кейінгі буынға жеткізе отырып, тәлімгер өз конституциялық миссиясын абыроймен атқара алатын жаңа буын судьялардың қалыптасуына ықпал етеді.
Сондықтан тәлімгерлік – жай ғана кәсіби қолдау тетігі емес. Бұл – сот төрелігінің сапасына, сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға және қоғамның сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция. Өйткені мықты сот жүйесі кәсіби судьядан бастау алады, ал кәсіби судьяның қалыптасуында тәлімгердің орны айрықша. Себебі тәжірибе мен кәсіби тағылым ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасып, әділ сот төрелігінің берік негізі қаланады.
Ақтөбе облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Серік Аманғалиұлы


