2026 жылғы Конституция: Адам құқықтарын қорғаудың жаңа кезеңі

2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы толықтай күшіне еніп, ел дамуының жаңа саяси-құқықтық белесін айқындап берді. Бұл реформаның басты ерекшелігі – мемлекеттің «адамға бағытталған» сипатын нығайту және адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын конституциялық деңгейде кепілдендіру болып табылады. Жаңа Конституция жай ғана заңдар жинағы емес, ол «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамдық санаға сіңіретін іргелі құжатқа айналды.

Конституцияның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, ал оның ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатыны туралы норма мызғымас болып қала берді. Алайда, 2026 жылғы өзгерістер бұл қағидатты декларативті сипаттан нақты қорғау тетіктеріне көшіруді мақсат етті. Мәселен, Конституцияның жаңа редакциясында өмір сүру құқығы әр адамның «ажыратуға және айыруға болмайтын» құқығы ретінде бекітілді. Осының қисынды жалғасы ретінде 17-бапта өлім жазасына түпкілікті әрі толықтай тыйым салынды, бұл Қазақстанның ізгілікті қоғам құру жолындағы нық қадамын көрсетеді.

Жаңа Конституцияда азаматтардың жеке бас бостандығын қорғауға бағытталған маңызды новеллалар енгізілді. Оның ішіндегі ең негізгісі – 18-бапта бекітілген «Миранда ережесі». Енді әрбір адамға ол ұсталған сәтте бостандығын шектеудің негіздері мен оның құқықтары, соның ішінде үндемеу құқығы мен адвокаттың көмегін пайдалану мүмкіндігі міндетті түрде түсіндірілуі тиіс. Бұл норма құқық қорғау органдары тарапынан болатын негізсіз іс-әрекеттердің алдын алып, адамның құқықтық ұстанымын саналы түрде қалыптастыруына жағдай жасайды.

Сонымен қатар, бұрын сот төрелігі бөлімінде болған «кінәсіздік презумпциясы», өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу құқығы, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін екі рет жауапқа тартпау қағидаттары енді Конституцияның жалпы «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөліміне көшірілді. Бұл өзгеріс аталған ережелердің тек процессуалдық кепілдік қана емес, адамның фундаменталды конституциялық құқығы екенін айғақтайды.

Адам құқықтарын қорғаудың жаңа кезеңінде Конституциялық Соттың рөлі айрықша арта түсті. Ол Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін және азаматтардың тікелей жүгінуі арқылы олардың құқықтарын қорғайтын тәуелсіз орган болып табылады. Жаңа Конституцияға сәйкес, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарына нұқсан келтіретін нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш бере алады.

Мұнымен қоса, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге (Омбудсмен) конституциялық мәртебе беріліп, оның тәуелсіздігі мен өкілеттігі нығайтылды. Уәкілдің Конституциялық Сотқа жүгіну құқығының болуы – адам құқықтарын бұзылудан қорғаудың қосымша әрі тиімді институционалдық сүзгісіне айналды. Сондай-ақ, адвокатура алғаш рет Негізгі Заңда азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын іске асыратын дербес конституциялық институт ретінде бекітілді.

Конституцияның жаңа Кіріспесінде «Қазақстанның біртұтас халқы» ұғымы бекітіліп, мемлекеттің басты мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру екендігі нақтыланды. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп – әр азаматқа ортақ қағида. Бұл идеология құқықтық нигилизмді жойып, қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Конституциялық реформа аясында әкімшілік сот ісін жүргізудің дербес нысан ретінде танылуы азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды әділ шешудің жаңа деңгейіне жол ашты.

Түйіндей келе, 2026 жылғы Конституция адам құқықтарын қорғаудың жаңа сапалық кезеңін бастап берді. Ондағы әрбір новелла мен өзгеріс мемлекеттің адам мүддесіне қызмет етуіне, заң үстемдігі мен әділдіктің салтанат құруына негізделген. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін, құқықтық мәдениеті жоғары демократиялық қоғам құрудың басты кепілі.

Алматы гарнизонының әскери сот төрағасы 

Нариман Нурғалиұлы Садырқұлов

Осуществление правосудия только судом

В соответствии со ст. 11 Уголовно-процессуального кодекса Республики Казахстан,...

«Алматинский стрелок». Десять лет спустя

18 ИЮЛЯ 2026 ГОДА ИСПОЛНИЛОСЬ ДЕСЯТЬ ЛЕТ ПРЕСТУПЛЕНИЮ, КОТОРОЕ...

«ИИ во благо, ИИ для всех»

В СВОЕМ ВЫСТУПЛЕНИИ В РАМКАХ ЦЕРЕМОНИИ ОТКРЫТИЯ ВСЕМИРНОЙ КОНФЕРЕНЦИИ...

ОСК ҚАЗАҚСТАННЫҢ «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІН ТІРКЕДІ

Бүгін Астанада Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын...

ОСК ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІН ТІРКЕДІ

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2026 жылғы 23 тамызға...