Ұлттық домбыра күні қарсаңында Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдени мұраны сақтауға және қазақ халқының тарихына құрметпен қарауды насихаттауға бағытталған мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара барысында мекеме қызметкерлері сотталғандарды домбыраның шығу тарихымен, оның қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріндегі айрықша орнымен таныстырып, Ұлттық домбыра күнінің маңызы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, ұлттық аспаптың тарихы, белгілі күйші-композиторлар және Қазақстанның бай музыкалық мұрасы туралы бейнеролик көрсетілді.
Бейнероликтен кейін қатысушылар көргендері жөнінде пікір алмасып, домбыраның ұлттық мәдениеттің символы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, халықтың рухани құндылықтары мен тарихын айшықтайтын қасиетті мұра екенін атап өтті.
– Бүгін мен домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны мен маңызын жаңаша түсіндім. Осындай іс-шаралар еліміздің тарихы мен салт-дәстүрін тереңірек танып-білуге, ұлттық мұрамызды мақтан тұтуға мүмкіндік береді, – деді сотталғандардың бірі.
– Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау сотталғандардың туған елінің тарихына деген құрметін арттырып, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға және патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етеді. Осындай іс-шаралар арқылы біз олардың ұлттық мәдени мұраға деген құрметін тәрбиелеп, қоғамға қайта бейімделуіне оң әсер етуді мақсат етеміз, – деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.


