Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандардың «Антарес А» қоғамдық қорының және Семей қаласының Мансап орталығының өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу және оларды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге даярлау шаралары аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында мамандар қатысушыларға халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары, кәсіптік білім алу, жаңа мамандықтарды меңгеру, жұмысқа орналасу және босатылғаннан кейін көрсетілетін әлеуметтік қолдау мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды қайта әлеуметтендіру мәселелеріне және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Мансап орталығының өкілдері жұмыс іздеуші ретінде тіркелу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп, өңірдегі еңбек нарығындағы өзекті бос жұмыс орындарымен таныстырды және жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
Сотталғандар көтерілген мәселелерге белсенді қызығушылық танытып, сұранысқа ие мамандықтар, оқыту курстарынан өту және бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуға көмек алу мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды.
– Мұндай кездесулер болашаққа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс тауып, қолдау алуға мүмкіндік бар екенін түсінген кезде өз күшіңе деген сенім артып, өмірді жаңадан бастауға ынта пайда болады, – деп өз пікірімен бөлісті сотталғандардың бірі.
– Біздің міндетіміз – тек жазаның орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар сотталғандардың босатылғаннан кейін қоғамға табысты бейімделуіне жағдай жасау. Жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу және әлеуметтік қолдау мүмкіндіктері туралы ақпарат беру сотталғандардың заңға бағынатын өмір салтын ұстануға деген ынтасын қалыптастырып, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді, – деді сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рахимов.


