Студенттер құқықтық мәдениет мәселелерін талқылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған кездесу өтті.

Іс-шараға Алматы қаласы Бостандық ауданы прокуратурасының прокуроры Марат Талғатұлы, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан және Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция лейтенанты Альбина Қойлыбаева қатысты. Кездесу барысында студенттерге жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, цифрлық ортадағы қауіптер, қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Бостандық ауданы прокуратурасының прокуроры Марат Талғатұлы құқықтық мәдениетті қалыптастыру  мен әр азаматтың жеке жауапкершілігінің маңыздылығына тоқталды. «Заң қорқыныштан емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінген кезде ғана тиімді жұмыс істейді», – деді спикер. Оның айтуынша, заңға құрмет күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады. Сондай-ақ ол жастарды құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан қаржылық алаяқтықтың заманауи түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы баяндады. Спикер қаржы пирамидаларына, күмәнді инвестициялық жобаларға және интернет-алаяқтыққа қатысты қауіптерге ерекше назар аударды. Оның сөзінше, қаржылық сауаттылық пен кез келген күмәнді ұсынысқа сын көзбен қарау алаяқтардың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы болып табылады.

Өз кезегінде Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция лейтенанты Альбина Қойлыбаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін көмек тетіктері жайында әңгімелеп берді. Спикердің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекет, қоғам және азаматтардың бірлескен іс-қимылын талап етеді. Ол уақтылы көмек сұрау ауыр зардаптардың алдын алып, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту

        Мемлекеттік тіл — кез келген елдің рухани байлығы, ұлттық...

СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ

Мемлекеттік тіл – елдің қоғамдық және мемлекеттік өміріндегі маңызды...

Ювеналды соттардың соттылық мәселелері

Қазақстан Республикасының сот жүйесінде соттылық ұғымы – әрбір азаматтың...

Вместе к здоровому образу жизни: осуждённые провели товарищеский матч

В Семее на городском футбольном поле состоялась товарищеская игра...

Мемлекеттік тіл және әділ сот қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің негізгі нышандарының бірі, қоғамның құқықтық...