Сот билігі — құқық үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің маңызды тармақтарының бірі. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, әділдікті орнатуда және заңдылықты сақтауда судьялардың атқаратын рөлі ерекше. Сондықтан судьяның кәсіби біліктілігімен қатар, оның әдебі, мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттері де қоғам үшін үлкен маңызға ие.
Судья әдебі — бұл судьялардың қызметтік және қызметтен тыс уақытта ұстануға міндетті моральдық-этикалық қағидалар жиынтығы. Судья өз қызметін жүзеге асыру барысында тәуелсіздік, бейтараптық, әділдік, адалдық және парасаттылық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Өйткені сот төрелігін жүзеге асыру барысында қабылданған әрбір шешім азаматтардың тағдырына, құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында сот билігінің тәуелсіздігіне ерекше мән берілген. Судьялар заң мен ар-ождан талаптарына сүйене отырып шешім қабылдайды. Осы ретте судьяның кәсіби әдебі оның сот төрелігін сапалы жүзеге асыруының кепілі болып табылады. Судьяның мінез-құлқындағы кез келген теріс әрекет сот жүйесіне деген қоғамдық сенімнің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Судья әдебінің негізгі қағидаттарының бірі — бейтараптық. Судья сот процесіне қатысушылардың барлығына бірдей қарап, олардың әлеуметтік жағдайына, лауазымына, ұлтына, дініне немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан тең мүмкіндік беруі қажет. Судьяның әрекеті мен сөзі оның бейтараптығына күмән туғызбауы тиіс.
Сонымен қатар, судья әрқашан жоғары мәдениеттілік пен сыпайылық танытуы қажет. Сот отырысы барысында қатысушылармен қарым-қатынаста сабырлылық сақтап, олардың пікірлерін құрметпен тыңдауы маңызды. Судьяның ұстамдылығы мен кәсібилігі сот процесінің тәртібін қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың сотқа деген құрметін арттырады.
Судья әдебі тек қызметтік міндеттерді атқарумен шектелмейді. Қызметтен тыс уақытта да судья өзінің мәртебесіне сай әрекет етуге тиіс. Қоғам судьяның жеке басына жоғары талап қояды. Сондықтан оның қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысы, әлеуметтік желілердегі белсенділігі, адамдармен қарым-қатынасы сот билігінің беделіне нұқсан келтірмеуі қажет.
Қазіргі таңда қоғам тарапынан мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде судьялардың қызметіне деген талап күшейіп келеді. Ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын мүлтіксіз орындау — судья әдебінің ажырамас бөлігі болып табылады. Судья өз әрекеті арқылы заңға құрметтің үлгісін көрсетуі тиіс.
Судья әдебінің сақталуы сот жүйесінің беделін нығайтып, азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Әділ, адал әрі кәсіби судья — құқықтық мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Сондықтан судьялардың әдеп нормаларын қатаң сақтауы заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы әділеттілікті нығайтудың маңызды шарты болып қала береді.
Исағали Тұңғышбаев, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы


