Құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығы ерекше орын алады. Азаматтардың сотқа деген сенімі – елдегі заң үстемдігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда кассациялық соттарды құру – Қазақстанның сот жүйесін жетілдірудегі маңызды реформалардың бірі болып саналады.
Кассациялық сот – төменгі сатыдағы соттардың заңды дұрыс қолдануын тексеретін жоғарғы сот бақылауының ерекше нысаны. Оның басты мақсаты – сот қателіктерін түзету, азаматтардың құқықтарын қорғау және сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету.
Кассациялық соттардың құрылуының тағы бір маңызды тұсы – судьялардың мамандануы. Белгілі бір бағыттағы істерді тұрақты қарайтын судьялар тәжірибе жинақтап, құқық нормаларын терең талдайды. Нәтижесінде қабылданатын шешімдердің сапасы артып, заңды қолданудағы қателіктер азаяды.
Кассациялық сот құрудың маңызы тек құқықтық салада ғана емес, қоғамдағы сенім мәселесінде де айқын көрінеді. Әділ сот жүйесі бар мемлекетке халық сенеді. Қазіргі таңда әлемнің көптеген дамыған мемлекеттерінде кассациялық сот жүйесі тиімді жұмыс істейді. Қазақстанның осы тәжірибені енгізуі – халықаралық құқықтық стандарттарға жақындауының нақты көрінісі.
Қорытындылай келе, кассациялық соттарды құру – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Бұл реформа сот жүйесінің сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді, заң үстемдігін нығайтады және қоғамның сотқа деген сенімін қалыптастырады. Әділ сот – тұрақты мемлекеттің тірегі десек, кассациялық сот әділдіктің берік кепілі болмақ.
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Н.Асылбекова


