Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмысын жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы биыл Қонаев қаласына Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесі берілгеніне төрт жыл толатынын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде қалада ауқымды өзгерістер жүзеге асып, жаңа даму кезеңі басталған.
“Қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік әрі іскерлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі”, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтып, оның инвестициялық әлеуетіне ерекше назар аударды.
“Алматы облысында одан әрі тұрақты даму үшін барлық қажетті ресурстар бар. Өңірдің әлеуеті инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Қонаев және Алатау қалаларының дамуы бүкіл өңірдің өркендеуіне жаңа серпін беретіні сөзсіз”, – деді Мемлекет басшысы.Кездесу барысында өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері де айтылды. Президенттің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 6,7 триллион теңгеге жетіп, өсім 5,4 пайызды құраған. Ал биылғы жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша облыс қысқа мерзімді экономикалық индикатор көрсеткіші бойынша республикада бесінші орынға көтерілген.
Сондай-ақ өңірде инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция құйылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жеткен.
Президент ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды екенін де атап өтті. Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайызды құраған.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы өңірдің тұрақты дамуына негіз болатынын айтып, алға қойылған міндеттердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.


