Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір бала ата-анасынан күтіп-бағу және материалдық қолдау алуға құқылы. Бұл құқық баланың қалыпты өмір сүруіне, білім алуына, денсаулығын сақтауға және жан-жақты дамуына бағытталған. Алимент осы қажеттіліктерді қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Алайда кейбір ата-аналар алимент төлеуден жалтарып, өз міндеттерін орындамайды. Мұндай әрекет баланың заңды құқықтарын шектейді. Себебі алименттің төленбеуі баланың материалдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның қажеттіліктерінің толық қамтамасыз етілмеуіне әкелуі мүмкін. Алимент төлеу – тек заң талабы ғана емес, ата-аналық жауапкершіліктің көрінісі. Бала ата-анасының қамқорлығы мен қолдауын сезінуі керек. Алименттен жалтару баланың құқықтарының бұзылуына және оның өмір сүру жағдайының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана өз міндетін адал орындауы қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, балаларды күтіп-бағу ата-ананың міндеті болып табылады. Сондықтан алимент төлеуден қасақана жалтару заң бұзушылық болып саналады және оған әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен қатар, заңнамада ата-ананың өз міндеттерін орындаудан жалтаруы, оның ішінде алимент төлеуден қасақана бас тартуы ата-ана құқықтарынан айыруға негіз болуы мүмкін. Алименттен жалтару тек қаржылық міндеттемені орындамау ғана емес, сонымен бірге баланың заңмен қорғалатын құқықтарын шектеу деп есептеледі. Әрбір ата-ана баласының алдындағы жауапкершілігін сезініп, оның лайықты өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға міндетті.
Қорытындылай келе, алимент – баланың әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Баланың болашағы үшін ата-аналар өз жауапкершілігін сезініп, алимент төлеу міндетін уақытылы орындауы тиіс. Өйткені баланың бақытты өмір сүруі – ата-ананың басты парызы.
Сақи Қымбат Бердібекқызы,Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы


