Азаматтық процестегі сот өкілдігі жеке және заңды тұлғаларға заңгерлік көмек көрсетуге, олардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға жәрдемдесуге арналады.
Конституциямен айқындалғандай, елімізде әрбір адам білікті заң көмегін алуға құқылы. Заңмен белгіленген жағдайда заң көмегі тегін көрсетіледі. Сотта өкілдік ету тәртібіне, яғни, Азаматтық процестік кодекстің 57-бабына сәйкес, азаматтар сотта өздерін өкіл арқылы қорғайды. Бұл оның сот ісіне өкілімен бірге қатысу құқығын шектемейді. Өкіл сот өндірісіне қатысы бар тұлғалар құқықтарының қорғалуына жәрдемдеседі.
Ал заңды тұлғалардың істерін сотта өздеріне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде басшылары немесе олардың өкілдері жүргізеді. Бұл ретте сотқа заңды тұлға басшысының қызмет бабын немесе өкілеттігін куәландыратын құжаттары ұсынылады. Заңды өкілдер барлық процестік әрекетті заң шеңберінде жасайды әрі олар істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
Тапсырма бойынша өкілдік етуге 58-баппен көзделген адамдар, адвокаттар құқылы. Мысалы, заңды тұлғалардың, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен аумақтық бөлімшелерінің істерінде олардың жұмыскерлері, қызметкерлері, кәсіптік одақтардың құқықтары мен мүдделерінде олардың мүшелерінің, сондай-ақ, өзге адамдардың істері бойынша уәкілетті өкілдері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі өкіл бола алады.
Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның талабына сай, заң консультанттары палатасының мүшелері сотта тапсырма бойынша өкілдік етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоспағанда, өзге өкілдің процестік өкілеттіктері сенімхатпен расталуы керек. АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігімен белгіленген процестік әрекеттердің әрқайсысында адвокаттың өкілеттігі сенімхатта көрсетілуі тиіс.
Сотта өкіл бола алмайтындар 59-бапта нақтыланған. Олардың қатарында судьялар, тергеушілер, прокурорлар және депутаттар бар. Заң көмегін Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң талаптарын бұза отырып, көрсеткен адвокаттар, сондай-ақ, заң консультанттары палатасының мүшелері сотта тапсырма бойынша өкілдік ете алмайды. Бұдан да басқа тапсырма бойынша өкіл бола алмайтындар осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген.
Тапсырма бойынша өкілдер шеттетілген кезде басқа өкілдің өкілеттігін ресімдеуге және оның іс материалдарымен танысуына сот бес күн уақыт белгілейді.
Сотта өкілдік ету, яғни, басқалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жауапкершілігі өте жоғары. Сондықтан, өкілдердің заң талаптарын жан-жақты меңгеруі, кәсіби заң көмегін қамтамасыз етумен қатар, процестік әрекеттерді сауатты орындауы маңызды.
Асель Канапьянова, Алмалы аудандық №2 сотының судьясы Алматы қаласы


