Ветеринарлардың жалақысы көбейеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚР Үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz

Кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

«Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасы секілді жануарлардың бірқатар аса қауіпті аурулары бойынша  тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптасып, халықаралық мәртебеге ие болып отыр. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Ауылшаруашылық вице-министрі Аманғали Бердалин.

Жоспардың негізгі басымдықтары ретінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңінде (туған сәтінен бастап өнімді өткізуге дейін) қадағалау, ветеринария саласын цифрландыруды кеңейту және ветеринариялық фармацевтика технологияларын дамыту мәселелері айқындалды. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді. 

Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті жұмыс істейді.

2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық автокөлікті тексеруден өткізді. 

Процестерді цифрландыру, сондай-ақ деректерді жинау мен беруді автоматтандыру аясында «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне бастапқы және нақты деректерді ақпараттық жүйелерге автоматты түрде тікелей жолдауға мүмкіндік беретін жаңа функционалдар әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Олардың қатарында ISZH-MOBILE, TortTulik жүйелері бар. Мал шаруашылығы өнімдерін қадағалауды «фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша қамтамасыз ету шеңберінде «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі жүзеге асырылуда. Аталған жүйеге ішкі сауда, зертхана, сою нысандары қосылған. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану объектілерін модульге кезең-кезеңімен қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Процестерді цифрландыру және автоматтандыру бағытындағы барлық жұмыс Кешенді жоспар шеңберінде алдағы уақытта да жалғасады. 

Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80%-ға дейін жаңарту және толықтыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қатысты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етуге, аккредиттеу саласын кеңейте отырып, зертханалық базаны күшейтуге, ел аумағына әкелінетін және ішкі нарықта өткізілетін бақылаудағы жүктерге мемлекеттік бақылауды күшейтуге, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тауың шағылмасын, жас түлек! Өмiр мемлекеттiк грант алумен өлшенбейдi

Бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім грантының нəтижесі жарияланады. Абитуриенті бар əр отбасының көңілі алаң. Мемлекеттің дамып көркеюіне, өзінің білімінің тереңдеп, көзқарас пайымының кеңеюіне үлес қосуға ниетті сан мыңдаған түлектің үміттерін үкілейтін жыл сайынғы осы алаңдаулы сəт санаулы уақыттардан кейін артта қалып, анық жүйрік алға шығады.

Тойға заң керек пе: Қазақстандықтар бір жылда қанша қаржы жұмсайды? 

Қазақстанда той өткізу – жеке отбасының қуанышы. Алайда оның әлеуметтік және экономикалық салдары бір шаңырақтың шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.

Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды 

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген азамат Вьетнамнан экстрадицияланды.

Экологиялық дабыл: Англиядағы су қоймаларының бәрі ластанған 

Мәліметке сәйкес, егер судағы қауіпті заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кетсе, су нысаны «жақсы химиялық жағдай» талаптарына сай деп есептелмейді.

Қазақстан көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды 

Қазақстан Rumavi компаниясы жыл сайын әзірлейтін Global Relocation Index 2026 нұсқасы бойынша көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды.