XXI ғасырда мемлекеттің тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, азаматтардың өмір сапасы, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі және әлеуметтік әл-ауқатымен бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда БҰҰ ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» пен ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» өзара тығыз байланысты стратегиялық бағыттар болып табылады. Себебі дені сау қоғам қалыптастыру үшін тек медициналық жүйенің дамуы жеткіліксіз, сонымен қатар құқықтық мәдениет, әлеуметтік теңдік, қауіпсіз орта және азаматтардың белсенділігі де маңызды рөл атқарады.
Қазіргі қоғамда жастар денсаулығына әсер ететін факторлар көбейіп отыр. Ақпараттық жүктеменің артуы, эмоционалдық қысым, отырықшы өмір салты және әлеуметтік күйзелістер студент жастардың физикалық әрі психологиялық жағдайына ықпал етуде. Сондықтан, ЖОО алдында тек сапалы білім беру ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру міндеті тұр. Осы бағытта Нархоз Университеті студенттердің денсаулығын сақтауға, олардың құқықтық және әлеуметтік санасын дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Университетте жастардың дене белсенділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Түрлі спорттық жарыстар, денсаулық акциялары, сауықтыру-жобалар мен тәжірибелік бағдарламалар студенттердің белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Оқу ордасында психологиялық қолдау қызметтері жұмыс істеп, жастардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтау мен күйзелістің алдын алуға бағытталған кеңестер ұйымдастырылады. Бұл шаралар білім алушылардың әл-ауқатын арттырумен қатар, инклюзивті және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
ТДМ-16 аясындағы маңызды қағидаттардың бірі — азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сенімді нығайту. Осы ретте университет студенттері әлеуметтік жобалар мен волонтерлік қозғалыстарға белсенді қатысады. Қайырымдылық акциялары, экологиялық бастамалар, әлеуметтік қолдау шаралары және құқықтық-ағартушылық кездесулер жастардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді азамат ретінде қалыптасуына әсер етеді. Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара сенім мен әлеуметтік ынтымақтастықты күшейтеді.
Нархоз Университеті білім беру үдерісінде де, адам өмірі мен қауіпсіздігін басты құндылық ретінде қарастырады. Университет бағдарламаларында биоэтика, экологиялық қауіпсіздік, еңбек қорғау, құқықтық мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері қамтылып, студенттердің кәсіби құзыреттерімен қатар, қоғамдық санасын дамытуға басымдық беріледі. Бұл болашақ мамандардың қандай салада қызмет атқарса да, адам құқығы мен қоғам игілігін басты назарда ұстауына негіз болады.
Университет ғылыми-инновациялық бағытта да тұрақты даму қағидаттарын қолдайды. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, әлеуметтік саясаттың тиімділігі және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл бастамалар қоғамдағы ашықтықты, әділеттілікті және институционалдық тиімділікті арттыруға бағытталған.
ТДМ-3 пен ТДМ-16 бір-бірін толықтыратын өзара байланысты мақсаттар. Қоғамның денсаулығы, әлеуметтік тұрақтылығы және құқықтық мәдениеті қатар дамыған жағдайда ғана тұрақты әрі қауіпсіз мемлекет қалыптасады. Осы бағыттағы Нархоз университеті қызметі жастардың сапалы білім алуына, азаматтық санасының қалыптасуына және салауатты қоғам құндылықтарының нығаюына маңызды үлес қосып отыр.
А.А. Сейтжан, Нархоз Университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің ассистент профессоры


