«Жастар және Конституция: құқықтық мәдениет қалыптастыру» атты конференция өтті

Алматы қаласындағы А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана қабырғасында «Жастар және Конституция: құқықтық мәдениет қалыптастыру» атты тағылымды конференция өтті. Басқосуға қоғам белсенділері, сарапшылар, оқытушылар мен Алматы қаласының студент жастары қатысып, құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік және жастар тәрбиесі төңірегінде ой бөлісті.

   Конференцияның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, Конституцияның маңызын түсіндіру және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру болды.

   Кеш қонақтары қатарында философия ғылымдарының кандидаты, Тұран университеті доценті Абрахматова Гульнар Абрайқұлқызы, тәуелсіз сарапшы, заң кеңесшісі, Қазақстан халық партиясы мүшесі Ауезова Эльмира Түгелбайқызы, AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Асабаев Махамбет Қайыпназарұлы, саясаттанушы, оқытушы Кушеров Нұрғиса Жылқыбайұлы және Жетісу ауданы комьюнити орталығының басшысы Берікболұлы Айбек болды.

    Алғашқы болып сөз алған Эльмира Түгелбайқызы жастар арасындағы әлеуметтік желідегі құқықбұзушылықтар мәселесіне тоқталды. Ол қазіргі цифрлық кеңістіктегі құқықтық мәдениеттің жай-күйін сөз етіп, интернетке жүктелген немесе таратылған кез келген ақпарат үшін азамат заң алдында жауапты екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, «мен оны байқамай жариялап жібердім» деген сылтау ешкімді жауапкершіліктен босатпайды.

   Келесі кезекте сөз алған Махамбет Қайыпназарұлы жастарды кітапханаға жиі келуге шақырып, анасының өмір бойы осы кітапханада еңбек еткенін тебіреніспен еске алды. Ол адам бойындағы алғашқы тәрбие мен құқықтық түсінік отбасынан басталатынын айтып, әр азамат өз құқығын білуі қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар біреуге жамандық жасамау ғана емес, ондай ойдың өзінен аулақ болудың маңызын тілге тиек етті. Өз сөзінде жаңа Конституциялық өзгерістер мен мемлекеттік реформалар туралы да айтып, студенттерге Конституцияны тереңірек оқып-танысуға кеңес берді.

   Ал Абрахматова Гульнар Абрайқұлқызы әр мекемедегі ішкі құқықтық тәртіп пен жауапкершілік мәселесіне кеңінен тоқталды. Ұстаздық тәжірибесінде студенттердің жиі байқамай жіберетін қателіктері туралы мысалдар келтіріп, құқықтық мәдениет күнделікті тәртіп пен саналы әрекеттен басталатынын атап өтті.

   Конференция барысында Кушеров Нұрғиса Жылқыбайұлы еркіндік ұғымына ерекше тоқталды. «Біз еркіндік көп насихатталатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Қай жерде болмасын “сен еркінсің” деген ұғым айтылады. Бірақ сол еркіндіктің шекарасы кей тұста жойылып барады. Еркіндіктің мәнін дұрыс түсінбегендіктен, құндылықтар шайқалып, соның салдарынан көптеген құқықбұзушылықтар орын алуда», – деді ол өз сөзінде.

   Соңғы болып сөз алған Айбек Берікболұлы цифрлық құқықбұзушылық мәселесіне тоқталып, интернет кеңістігіндегі әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінің маңызын айтты.

   Кездесу барысында студент жастар да белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, спикерлермен еркін пікір алмасты. Ашық форматта өткен жиын жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етті.

   Осындай мазмұнды басқосулар өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін нығайтып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарары сөзсіз.

Алпысбаев Нұрбек

Әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті

              Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік...

  Порядок посещения судебных процессов

        Судебные процессы в Казахстане открыты для посещения, если...

Қоғамдық ортаны ластау – заң алдындағы жауапкершілік

Қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ...

Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі

Тіл – халықтың ең қымбат қазынасы, ұлттың рухани байлығы...

Мемлекеттік қызметшінің әдептілігі – қоғам сенімінің негізі

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласына қойылатын талаптар күн сайын...