Судья мінез-құлқының стандарттары: заң және әдеп

Қазіргі заманда құқықтық мемлекет құру – кез келген елдің басты мақсаттарының бірі. Ал құқықтық мемлекеттің тірегі – әділ сот жүйесі. Сот әділдігі тек заң нормаларын дұрыс қолданумен ғана шектелмейді, ол судьяның ішкі мәдениетімен, адамгершілік ұстанымымен, мінез-құлқымен тығыз байланысты. Сондықтан судья тұлғасы – заң мен әдептің тоғысқан нүктесі.

Судья – жай ғана мемлекеттік қызметкер емес. Ол – әділдіктің жаршысы, шындықтың қорғаушысы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Әрбір шығарылған үкім, қабылданған шешім адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Осындай үлкен жауапкершілік судьядан тек кәсіби білімді ғана емес, жоғары моральдық қасиеттерді де талап етеді.

Заң тұрғысынан қарағанда, судьяның мінез-құлқы нақты нормалармен реттеледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен тиісті заңдарында судьялардың тәуелсіздігі, тек заңға бағынуы, әділдігі мен бейтараптығы басты қағидаттар ретінде бекітілген. Бұл қағидаттар судья қызметінің іргетасы болып табылады. Судья ешқандай қысымға, ықпалға берілмеуі тиіс. Ол шешім қабылдағанда тек заң мен ар-ұжданына сүйенуі қажет.

Алайда заң талаптары судья мінез-құлқының тек сыртқы шекарасын белгілейді. Ал оның ішкі мазмұнын әдеп нормалары толықтырады. Судья әдебі – бұл жазылмаған, бірақ өте маңызды ережелер жүйесі. Ол судьяның адамдармен қарым-қатынасынан, сөйлеу мәнерінен, өзін ұстауынан көрінеді. Мысалы, сот отырысында судьяның сабырлы, сыпайы болуы – қатысушыларға деген құрметтің белгісі. Ал эмоцияға беріліп, дөрекілік көрсету – тек әдепке қайшы емес, сонымен қатар сот беделіне нұқсан келтіреді.

Судьяның әдебі тек қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірінде де байқалуы тиіс. Қоғам судьяны әрдайым жоғары моральдық тұлға ретінде қабылдайды. Сондықтан оның қоғамдық орындардағы әрекеті, әлеуметтік желідегі жазбалары, адамдармен қарым-қатынасы – бәрі де бағаланып отырады. Егер судья өз абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берсе, бұл тек оның жеке беделіне ғана емес, бүкіл сот жүйесіне деген сенімге әсер етеді.

Халықаралық тәжірибеде де судья мінез-құлқына ерекше мән беріледі. Мәселен, Бангалор принциптері судья әдебінің алтын стандарты ретінде мойындалған. Бұл құжатта судьяның тәуелсіздігі, бейтараптығы, адалдығы, әдептілігі және кәсібилігі негізгі құндылықтар ретінде айқындалған. Аталған қағидалар бүкіл әлемдегі сот жүйелеріне ортақ бағдар болып табылады.

Судья мінез-құлқының қоғам үшін маңызы өте зор. Егер халық сотқа сенсе, онда мемлекетте тұрақтылық пен әділдік орнайды. Ал сенімнің негізі – судьяның адалдығы мен әділдігі. Әрбір азамат сотқа жүгінгенде, әділ шешім күтеді. Сол үмітті ақтау – судьяның басты міндеті. Бұл жерде тек заңды білу жеткіліксіз, ең бастысы – оны әділ әрі адамгершілік тұрғыдан қолдана білу.

Өкінішке қарай, кей жағдайда судьялардың әдеп нормаларын сақтамауы қоғамда сын тудырады. Мұндай жағдайлар сот жүйесіне деген сенімді әлсіретеді. Сондықтан судьялардың мінез-құлқына қойылатын талаптарды күшейту, олардың кәсіби және моральдық деңгейін арттыру – уақыт талабы.

Қорытындылай келе, судья мінез-құлқының стандарттары – заң мен әдептің үйлесімді бірлігі. Заң судьяның әрекетін реттесе, әдеп оның рухани болмысын қалыптастырады. Нағыз судья – тек заңды жетік білетін маман ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілікқасиеттерге ие тұлға. Осындай судьялар ғана қоғамда әділдік орнатып, халықтың сеніміне ие бола алады.

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Ж.Жәкеева

«Есептегі тұлға» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД Қордай аудандық пробация қызметі бөлімі,...

Комплексное обновление

«АЛАКОЛЬ – ОДНА ИЗ КЛЮЧЕВЫХ ТУРИСТИЧЕСКИХ ТОЧЕК РЕГИОНА. ПОЭТОМУ...

Меморандум о партнерстве

ИЗВЕСТНО, ЧТО В РАМКАХ ГОСУДАРСТВЕННОГО ВИЗИТА ПРЕЗИДЕНТА ТУРЦИИ РЕДЖЕПА...

Совместные инициативы

На полях 79-й Всемирной ассамблеи здравоохранения в штабквартире Всемирной...

Одобрены в первом чтении

Депутаты Парламента на совместном заседании палат под председательством Спикера...