Жаңа Конституция: жаңару мен әділетті қоғамның кепілі

Қоғам дамуының әр кезеңі жаңа талаптар мен тың көзқарастарды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституция – елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа деңгейін қалыптастыруға жол ашады.

Ең алдымен, Жаңа Конституцияның басты артықшылығы – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуінде. Бұған дейінгі жүйеде орталықтандыру басым болса, жаңа өзгерістер Парламенттің рөлін арттырып, оның заң шығару қызметіндегі ықпалын кеңейтеді. Бұл – демократиялық қағидаттардың нығаюына, мемлекеттік шешімдердің ашық әрі әділ қабылдануына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Конституциялық реформалар аясында азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді. Атап айтқанда, Конституциялық Соттың құрылуы – әрбір азаматқа өз құқығын тікелей қорғауға жол ашқан маңызды қадам. Бұл институт құқықтық мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі ретінде әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды артықшылығы – адам құқықтарына басымдық берілуі. Жер мен табиғи ресурстар халық игілігіне қызмет етуі тиіс деген норма бекітіліп, әлеуметтік әділеттілік қағидаты күшейтілді. Сонымен қатар, өлім жазасының толық жойылуы – гуманистік құндылықтардың салтанат құруының айқын көрінісі.

Саяси жүйедегі өзгерістер де айтарлықтай. Президент өкілеттігінің бірқатар шектеулері енгізіліп, оның жақын туыстарына мемлекеттік қызметте жоғары лауазым иеленуге тыйым салынды. Бұл – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды тетік. Сондай-ақ, партиялық жүйені дамытуға жағдай жасалып, азаматтардың саяси белсенділігіне жол ашылды.

Жергілікті басқару жүйесі де назардан тыс қалмады. Мәслихаттардың құзыреті кеңейтіліп, әкімдердің жауапкершілігі артты. Бұл өңірлердегі мәселелерді тиімді шешуге, халықтың жергілікті билікке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Қорытындылай келе, Жаңа Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Оның артықшылықтары – демократияны нығайту, әділетті қоғам қалыптастыру және әрбір азаматтың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Демек, бұл реформалар Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуіне берік негіз қалайды.

Абенова Жанат Тлеубаевна, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының төрағасы

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі» болып өтті. Мақсаты...

СОТ ПРОЦЕСТЕРІНІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында сот қызметтерінің сапасын жақсартуға және...

Конституцияны жаңғырту – заман талабы

Конституция – әр мемлекеттің басты заңы. Осы заң шеңберінде...

Мемлекеттік тіл – сот төрелігінің негізгі қағидаты

Мемлекеттік тіл – кез келген тәуелсіз мемлекеттің негізгі нышандарының...

Съездер – Судьялар одағының маңызды диалог алаңы

Қазақстан Республикасы Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің құрылып, мақсатты жұмыс...