Заңды білу —заман талабы

Халқымызда «Заңды білген зардап шекпейді» деген  сөз бар. Шындығында  құқықтық білім-біліктің жоғары болуы заң бұзушылықтардың алдын алады. Себебі, құқықтық сауаттылық жекелеген азаматтар үшін ғана емес, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында да маңызды. Осы ретте мақалаға Конституция мен Азаматтық процестік кодекс нормаларын арқау етеміз.

Сот билiгi мемлекет атынан жүзеге асырылатындықтан, сот шешiмдерi мен үкiмдерiнің, өзге де қаулыларының күші бүкiл ел аумағында мойындалады. Судьяның сот төрелігін іске асыруда Конституция мен заңға ғана бағынуы оның тәуелсіздігіне кепілдік етеді. Соттың қызметіне ешкімнің араласуына жол берілмейді, араласқандар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, судьялардың қандай да бір нақты істер бойынша есеп бермейтіні де Конституциямен айқындалған.

Заңды қолдану барысында судья Конституциямен белгіленген принциптерді басшылыққа алады. Мысалы,  заңды күшіне енген соттың үкімінсіз адам кінәлі саналмайды. Бұған қоса бір рет құқық бұзғаны үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға, сондай-ақ, заңмен көзделген соттылығын сол адамның келісімінсіз өзгертуге жол берілмейді.

 Сотта әр адам өз сөзін тыңдатуға құқылы, кінәсіздігін дәлелдеу айыпталуышының міндетіне кірмейді, әрі кез келген күдік оның пайдасына қарастырылады. Ешбір адамды тек өзінің мойындауының негізінде ғана соттауға жол берілмейді. Заңсыз тәсілмен алынған айғақтар пайдаланылмайды. 

Сот төрелігін атқаруда Конституциямен баянды етілген азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актілер анықталса, іс тоқтатылып, ол құжатты Конституциялық Сотқа конституциялық емес деп тану туралы ұсыныс беру міндеті судьяға жүктелген. 

Азаматтық сот ісі Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 2-тарауымен бекітілген қағидаттар негізінде жүргізіледі. Кодекс қағидаттарын бұзу сот актілерінің күшін жоюға әкеледі.

АПК-нің9-бабы іске қатысушылардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін құрметтеуге арналған. Соған сәйкес, азаматтық іс жүргізу кезінде процеске қатысатын адамның ар-намысын қорлайтын немесе қадір-қасиеті мен іскерлік беделін кемсітетін әрекеттерге тыйым салынған.

 Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан орын алған заңсыздықтарға, сондай-ақ, басқа адамдар жасаған 9-баптың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерге байланысты келтірілген моральдық зиян, залалдар заңда белгіленген тәртіпте өтеледі.

Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия әрқашанда заңның қорғауында болады. Соған орай, әрбір адам жеке салым, жинақтарының, хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, т.б. хабарлар мен хабарламаларының құпиялылығын сақтауға құқылы. Азаматтық процесте қандай да бір құқық заңмен белгіленген жағдайда ғана шектелуі мүмкін.

Осы кодекстің 11-бабында көрсетілгендей, адамды мүлкінен айыруға соттың шешімімен ғана жол беріледі. Кейде мүлікке тыйым талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында салынады, бұл үшін АПК-да көзделген талаптары қатаң сақталуы керек.

 Азаматтық сот ісі тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүргізіледі, яғни, тараптар өз ұстанымдарын тең мүмкіндікте қорғай алады. Сот тараптарға істің мән-жайын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруға қажетті жағдайды жасайды әрі олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Сондай-ақ, процестік әрекеттерді жасау мен жасамау салдарын да ескертіп, құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

 Сот шешімі тараптардың объективті дәлелдемелеріне негізделеді. Сондықтан, олардың уәжді өтінішхатының немесе өз бастамасының негізінде соттар іс материалдарын жинап, зерттеуге, заңмен көзделген өзге де әрекеттерді орындауға міндетті.

Гүлмира Айтжанова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

ӘР АЗАМАТ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕП, АНА ТІЛІНЕ ЖАНАШЫР БОЛСА БОЛҒАНЫ

Елімізде мемлекеттік тіл саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясымен, Қазақстан Республикасындағы...

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы

Қазіргі таңда тіл мәселесі – кез келген мемлекеттің ішкі...

БАҚ беттерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың маңызы

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту –...

Мемлекеттік тіл – сот төрелігінің негізгі қағидаты

Мемлекеттік тіл – кез келген тәуелсіз мемлекеттің негізгі нышандарының...

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы

Қазіргі таңда тіл мәселесі – кез келген мемлекеттің ішкі...