Алматы қаласы Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі ретіндегі өз мәртебесін жылдан жылға нығайтып келе жатыр. 2025 жылға арналған CNN Travel нұсқасы бойынша ол әлемдегі үздік туристік бағыттардың қатарына еніп, Орталық Азияның «Capital of Cool» қаласы атанды. Сонымен қатар Bloomberg нұсқасы бойынша 2026 жылы туристерге баруға ұсынылатын үздік 25 бағыттың тізіміне кірді. Мәселен, Mastercard Tourism Insights деректеріне сәйкес, Алматыда шетелдік туристердің шығыны 40 пайызға, ал сапарға деген қызығушылықтары 73 пайызға өскен.
Былтыр қалаға саяхаттап келушілер саны 1,7 млн-нан 2,5 млн-ға дейін артқан. Олардың 754 мыңын шетелдіктер құрап, ондағы өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,9 пайызды құрады. Соның нəтижесінде көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 15,2 пайызға артып, 110,9 млрд теңгеге жетті. Ал туризм саласынан түскен салық түсімі 27,2 пайызға өсіп, 84 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігін қоғамдық тамақтану, спорт, демалыс жəне ойын-сауық, сондай-ақ уақытша орналастыру қызметтері қамтамасыз етті. 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі 39,4 пайызға өсіп, 198,8 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі қалааралық жолаушылар, теміржол тасымалына, өнер, ойын-сауық жəне демалыс саласына, жолаушыларды құрлықпен жəне əуе көлігімен тасымалдауға, орналастыру жəне тамақтандыру қызметтеріне, жеңіл автокөліктерді жалға беру мен лизингке бағытталды. Almaty Tourism Bureau мен Mastercard Tourism Insights бірлесіп дайындаған 2025 жылға арналған Алматы туризмі жөніндегі талдамалық есепке қарағанда қала қонақтарының 84 пайызы Алматыға жеке мақсатпен, яғни тынығу, серуендеу жəне бос уақытын мазмұнды өткізу үшін келген. Егер туристік сапар құрылымына қарайтын болсақ: жеке саяхаттаушылар – 37 %, жұп болып саяхаттаушылар – 22%, отбасылық сапарлар – 21%, достармен жасалатын сапарлар – 20% көлемінде болып отыр. Mastercard төлем жүйесінің талдау деректері бойынша, Алматыға деген туристік қызығушылыққа халықаралық іс-шаралар айтарлықтай ықпал етеді. Мысалы, 2025 жылы Алматыда халықаралық деңгейдегі 11-ден астам іс-шара өткізілген. Атап айтқанда іс-шараға дейінгі жəне кейінгі екі аптадағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол клубтары арасындағы ойын (16%) мен Jennifer Lopez (11 %) пен Backstreet Boys (3 %) концерттері болған кезде Mastercard карталары бойынша транзакциялық белсенділік күрт өскен. Талдау айқын фан-базасы бар іс-шаралардың жекелеген туристік сегменттерге əсері анағұрлым жоғары болуы мүмкін екенін көрсетті. Мысалы, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде Испанияда шығарылған Mastercard карталары бойынша транзакциялық белсенділік испаниялық клубтың жанкүйерлік базасымен байланысты. Аталған сегментте транзакциялар көлемі 81пайызға, ал белсенді карталар саны 25 пайызға артқан. Сол себепті 2026 жылы да Алматыдағы оқиғалық туризм туристер санына айтарлықтай ықпал етеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде SOLΛNA фестивалі, Cirque du Soleil гастрольдері, Satisfaction Fest жəне Park Live музыкалық фестивальдері мен Jack White, Gorillaz, Ricky Martin, Natalie Imbruglia, Enrique Iglesias секілді əлемдік артистердің концерттері бар. Алматыны қазіргі таңда күллі дүниежүзі Орталық Азияның ең ірі қаржы жəне іскерлік орталығы ретінде таниды. Қала соңғы жылдары аймақтағы медицина, білім, ғылым, мəдениет, спорт салаларының дамуы бойынша да көшбасшылық тізгінді қолына берік ұстауда.
Е. КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті


